Парламент Сенатының Төрағасы және палата депутаттары Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуына мониторинг жүргізіп, елордадағы бірқатар мектептің қызметімен және инфрақұрылымымен танысты.
Білім сапасы бақыланады
392
оқылды

Сенаторлар бастауыш мектептің мамандандырылған кабинеттерінде, IT-зертханаларда, кітапханалар мен спорт залдарында болып, педагогтармен білім және ғылым саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев кейінгі жылдары елімізде білім және ғылым жүйесін жетілдіруге арналған кешенді реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Нақты айтқанда, талантты оқушыларды қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру, адам капиталын дамыту, кедергісіз орта қалыптастыру, мұғалім­дердің әлеуметтік мәртебесін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 200 мектеп ашылды. Оның ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ордалары да бар. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Мұға­лімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да нақты шаралар қабыл­да­нып, соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздар­дың жалақысы 2 есе өсті», – деп палата Спикері Мемлекет басшысы белгілеп берген маңызды міндеттерге тоқталып өтті.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев білім беру тәрбиемен қатар жүретін үдеріс екеніне назар аударды. Ол қазіргі озық тех­нологиялардың қарқынды дамуын тілге тиек етіп, бұл жағдайда жас ұрпақ­тың бойына дұрыс құндылықтарды сіңірудің маңызды екенін айтты. Осы істе мұғалімдердің рөлі мен жауапкершілігі ерекше екені анық. Сенат Төрағасы аталған бағытта Абайдың «Толық адам» философиясы мен Мемлекет басшысы­ның «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген және ұлттық бірегейлікке табан тіреген білім берудің жаңа моделі қажет екенін атап өтті.

«Мектептерге білім беріп қана қой­май, жас буынды рухани дамытатын, жаңа әлемге бейімдейтін, бәсекеге қабі­летті ұрпақ етіп қалыптастыратын бағдар­лама қажет. Осы орайда еліміздегі мек­теп­тер Отанымызды одан әрі өр­кен­­­­дететін патриот, білімді, білікті аза­мат­тардың жаңа буынын қалыптас­тыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Жалпы, сенаторлар бүгін Астана қаласындағы №107 жайлы мектепке барып, ұстаздар қауымымен кездесті, сондай-ақ білім беру тәсілдерімен және стандарттарымен танысты. Бұдан басқа, Қазақстандық халықаралық мектептің (KIS) және Республикалық физика-математика мектебінің басшылығымен және педагогтарымен жүздесті. Депутат­тарға оқушылардың IT-HUB, робото­техника, ЖИ саласындағы жұмыстары және STEM зертханалары мен Apple сыныбы таныстырылды.