Ташкентте «Жібек жолы бойындағы туризм» атты 30-шы Ташкент халықаралық туристік көрмесі (ТХТК-2025) ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Қазақстан ұлттық павильонын ұсынып, өңірлердің туристік мүмкіндіктерін, қонақүй нысандарын, туроператорлар мен әуе компанияларын таныстырды. Көрме елдің инфрақұрылымдық жобалары, туристік маршруттары және ішкі әрі келу туризмін дамытуға арналған мүмкіндіктерін қамтитын кешенді туристік өнімді көрсетті.
Қазақстан павильоны өңірлік туристік өнімдерді, орналастыру нысандарын, инфрақұрылым жобаларын және дайын маршруттарды ұсынып, туристік әлеуетті насихаттауға және Орталық Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Көрменің алғашқы күні шетелдік компаниялар мен ұлттық туристік әкімшіліктермен B2B-кездесулер мен келіссөздер өтті. Сондай серіктестікті дамыту және маршруттарды бірлесіп насихаттау мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, Туризм және спорт министрлігі Орталық Азиядағы Жібек жолы бойынша жалпы маршруттың жаңа тұжырымдамасын әзірледі. Маршрутқа өңірдің негізгі қалалары – Алматы, Шымкент, Түркістан, Ташкент, Самарқан, Бұхара және Хива енгізілген. Тұжырымдама тарихи мұраларды, мәдени нысандар мен табиғи ресурстарды біріктіре отырып, біртұтас туристік өнім қалыптастыруға және өңірдің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.