24 қараша Астана үшін ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани кеңістігі үшін ерекше күн болды.
Тамыр мен үннің тоғысқан тұсы: түркі өнері  шарықтаған күн
913
оқылды

Осы күнi елорда төрінде «Тамыр мен үн: түркі музыкалық аспаптарын жасау дәстүрлері мен заманауи шешімдер» атты Халықаралық симпозиум өтті.  «Әлем Әуені» халықаралық өнер фестивалі аясында өткен іс-шараға Астана қаласы әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бастамашылық етті.

Бұл басқосу – түркі өркениетінің ғасырлар қойнауынан жеткен үнін, жоғалмай, қайта жаңғырып келе жатқан  сазын, аспап жасау шеберлігінің нәзік сырын әлемдік деңгейде талқылаған ерекше мерекеге айналды. Түркі елдерінен келген этномузыкатанушылар, шеберлер, өнертанушылар мен зерттеушілер бабадан қалған өнердің өміршеңдігін дәлелдейтін тың деректерін де бөлісті.

Симпозиум барысында түркі халықтарына ортақ қобыз, домбыра, дутар, комуз, сазсырнай жасау техникасы, олардың тарихи ерекшеліктері, акустикалық мүмкіндіктері және жаңа материалдарды пайдалану тәжірибесі назарға алынды. Ғасырдан-ғасырға жеткен, ұзақ жылдар бойы өзгермей сақталған әдістер мен қазіргі заманауи технологиялардың ұштасуы – симпозиумның басты тақырыбына айналды. Бұл өз кезегінде дәстүрлі саз аспаптарының дамуына жаңа тыныс беріп, жас шеберлер мен зерттеушілер үшін бағыт-бағдар ұсынды.

Жалпы, бұл симпозиумның мақсаты –  түркі халықтарының музыкалық аспаптарын жасау дәстүрін кешенді зерттеу, ежелгі технологиялар мен қазіргі инновациялық тәсілдердің өзара байланысын айқындау, сондай-ақ шеберлер, ғалымдар, орындаушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасуға арналған ғылыми-практикалық алаң құру.

Ашылу салтанатында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова дәстүр мен қазіргі заманның бірлігі жаңа зерттеулерге, технологиялық тәсілдерге және халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтіп, симпозиумның осы саладағы мамандарды біріктіретін маңызды платформа екендігін айта кетті. 

Одан кейін Сенат депутаты, академик Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен,  Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменова,  «Мажар мұрасы үйі» бас кеңесшісі, Мажарстанның Еңбек сіңірген әртісі Акоч Гергей сөз сөйлеп, түркі мұрасы туралы толымды мағлұматтар берді. 

Симпозиум аясында «Ортақ үн: түркі музыкалық аспаптарын зерттеу және халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.  Талқылау барысында түркі халықтарының музыкалық мұрасын зерттеу және осы саладағы институционалдық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері басты назарда болды.

Іс-шара барысында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Узеир Гаджибейли атындағы Баку музыка академиясы бірлесіп басып шығарған «Түркітілдес мемлекеттердің ұлттық музыкалық аспаптары» кітабының таныстырылымы өтті. Төрт тілде дайындалған бұл басылым халықаралық деңгейде түркі музыкалық мұрасын таныстыру мен ғылыми жүйелеудің маңызды көзі ретінде жоғары бағаланды.

Симпозиум соңында қатысушылар түркі халықтарының музыкалық аспаптарын жасау мұрасын сақтау, зерттеу және болашақ ұрпаққа жеткізуге арналған бірлескен Резолюция қабылдады. Құжатта музыкалық аспаптар бойынша бірыңғай ғылыми база құру, дәстүрлі шеберлік мектептерін жүйелі зерттеу, музыкалық аспап жасауды оқытатын арнайы курстарды білім беру бағдарламаларына енгізу, сондай-ақ цифрлық архивтеу, 3D-модельдеу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту сияқты басым бағыттар атап көрсетілген.

Резолюцияда ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясында түркі музыкалық мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен таныстыруға бағытталған бірлескен бастамаларды дамыту көзделген және Түркі халықтарының музыкалық аспап шеберлері ассоциациясын құру мүмкіндігін қарастыруға келісім білдірілген.

Іс-шараның мазмұнын тереңдете түскен тағы бір тұсы – қатысушылардың келешекке деген ортақ көзқарасы. Олар ұлттық аспаптарды сақтаумен ғана шектелмей, олардың мүмкіндігін заманауи сахнаға бейімдеп, жаңа музыка жанрларымен үндестірудің жолдарын ұсынуы. Бұл – түркі әлемі өнерін әлемге танытудың, оны жаһандық мәдениетпен сабақтастырудың маңызды қадамы.

«Тамыр мен үн» симпозиумы – бабалар  мұрасын ғылыми деңгейде зерттеп, бүгінгі өнер кеңістігіне лайықтап, болашақ ұрпаққа жаңаша форматта ұсынудың айқын үлгісі. Астана төрінде өткен бұл жиын түркі руханиятының бірлігін бекемдеп, ортақ саздың мәңгілік әуен екенін тағы бір мәрте дәлелдеп өткендей.

Тағы бір айрықша  дүние –  «Әлем Әуені» халықаралық өнер фестивалі аясында Өнер музейінің ашылуы.  Іс-шараға Астана қаласы әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мұрындық болды.

Салтанатты рәсім  барысында алғаш рет кең аудиторияға түркі әлемінің бай музыкалық және көркем мұрасын көрсететін экспонаттар, интерактивті аймақтар мен сирек кездесетін коллекциялар ұсынылды.

Өнер музейіне  дүниежүзіне танымал шеберлер жасаған музыкалық аспаптар ресми тапсырылды. Ғасырлық дәстүрлер мен заманауи шеберлікті үйлестірген бұл аспаптар түркі музыкалық мәдениетінің алуан түрлілігі мен байлығын паш ететін бірегей өнер туындылары ретінде жоғары бағаланған.

Бұдан бөлек,  «Түркі музыкалық аспаптары көрмесі» ашылды. Экспонаттарда түркі халықтарының музыкалық аспаптарын жасауға қатысты тарихи, этнографиялық және эстетикалық мәліметтер бар. 

«Әлем әуені» аясында түркі әлемінің белгілі шеберлері өткізген шеберлік сағаттары да болды.  Сабақ барысында қатысушыларға аспап жасаудың қыр-сыры, орындау ерекшеліктері және дәстүрлі техникаларды сақтау жөнінде тәжірибелік білім ұсынылды.

Симпозиум Түркі мәдениеті және мұрасы қорының түркі әлемінің музыкасын сақтап, оның шынайы болмысын келер ұрпаққа жеткізу жолында атқарып келе жатқан жүйелі еңбегінің тағы бір тағылымды көрінісі болды. Бұл іс-шара  Қордың серіктес ұйымдармен орнатқан сенімді әріптестігі мен ұлттар арасын жалғаған рухани байланысының нақты жемісі. Түркі дүниесінің төл әуені мен көнеден жеткен үнін қайта жаң­ғыртқан музыка кеші ортақ мәдени мұрамыздың жаңа биіктерге көтерілуіне серпін берері сөзсіз.

Гүлзина БЕКТАС