Астанадағы ботаникалық бақта спорттық жүгіруден кезекті Taldau Run өтті.
Спортты дамыту – Президент саясатының басым бағыттарының бірі
153
оқылды

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту бағытындағы бастамаларын қолдау мақсатымен ұйымдастырылған іс-шараға Taldau Community-ден 200-ден астам адам, сондай-ақ саламатты өмір салтын дәріптеп жүрген Парламент депутаттары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар мен талдау құрылымдарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қарағандыдан арнайы келген бірінші өңірлік талдау мектебінің тыңдаушылары да бар.

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, денешынықтыруды, бұқаралық және инклюзивті спортты дамыту, осы бағытта қажетті жағдай жасап, тиісті ин­фра­­құрылымды қамтамасыз ету – мемле­кеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осыл­айша, Taldau Community елімізде Мем­лекет басшы­сының бастамасымен аталған салада жүзеге асырылып жатқан кешенді өзгерістерді дәріп­теуге белсенді үлес қосып отыр.

«Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанның барлық өңірінде бұқаралық спорт кеңінен дәріптеліп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның аясында денешын­ықтыру мен спортты дамытуды көздейтін кеш­енді іс-шаралар да іске асыр­ылуда. Игі дәстүрге айналған Taldau Run-ға алғашқы өңірлік жоба­мыз – Қарағанды Талдау мектебінің тыңдаушы­лары да қатысып отыр. Біздің баста­мамыз жылдамдық пен нәтижені анықтайтын жарыс емес. Бұл – саламатты өмір салты, үйлесімді даму, жұдырықтай жұмылу, өзара қолдау, үнемі іздену сияқты құндылық­тарды дәріптейтін қадам», – деп Мәулен Әшімбаев спорттық іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін Астана қаласының әкімдігіне алғыс білдірді.

Айта кетер жайт, бұл жолы Taldau Run Тал­дау мектебінің бесінші легіне өтінімдер қабыл­дау­дың басталуымен тұспа-тұс келді. Аталған жоба­ға қатысқысы келгендер өз өтінімдерін taldaucommunity@gmail.com поштасына жіберуге болады.

Талдау мектебі аясындағы оқу дәстүрге сәйкес келесі жылдың қаңтар айында басталып, сегіз аптаға жалғасады. Жоба мемлекеттік бас­қару, әлеуметтік және гуманитарлық зерттеу­лер, БАҚ сияқты салаларда талдау, сараптау тәсілдерін жетілдіруге арналған.