Төрешілердің бағалауы мен көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша да байқаудың үздігі бірдей анықталды.
Silk Way Star халықаралық жобасының жеңімпазы анықталды
ФОТО: JIBEK JOLY ТЕЛЕАРНАСЫ
412
оқылды

Күні кеше Астанада Silk Way Star халықаралық жобасы финалдық кезеңге де табан тіреп, жобаның жеңімпазы Мишель Джозеф (Моңғолия) атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Төрешілердің бағалауы мен көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша да байқаудың үздігі бірдей анықталды. Жоба жеңімпазын құттықтау кезінде сөз алған әнші Димаш Құдайберген осы жобаның әр қатысушысына рақмет айтып, байқаудың маңызына тоқталды.

– Армысыздар, аса қадірлі көрермендер! Бүгін елімізде Silk Way Star сахнасында 12 елден келген қатысушыларға үлкен қуанышпен қош келдіңіздер демекпін. Ерекше толқып тұрмын. Құрметті ағайын, әрбір қатысушы осы жоба аясында өз елінің мәдениетін, руханиятын, ең әдемі тұстарын, сазды әуенін күллі әлемге жоғары деңгейде көрсетті. Рұқсат болса, көп созбай ақ қояйын, Silk Way Star жобасының жеңімпазы Моңғолиялық өнерпаз Мишель Джозеф, – деді Димаш Құдайберген.

Одан соң ол моңғолиялық өнерпазға байқау жеңімпазына берілетін мүсінді табыстады.

Айта кеткен жөн, аталған жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешені мен Қытайдың China Media Group (CMG) медиакорпорациясының келісімі бойынша ұйымдастырылған. Байқауда Әзербайжан, Армения, Грузия, Малайзия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея секілді 12 елден қатысушылар өнер көрсетті.