2026 жылы әлеуметтік салаға 10,8 трлн теңге бағытталады.
Үкімет: Республикалық бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған күйінде қалып отыр
Фото: primeminister.kz
269
оқылды

«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралған Сенат отырысында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы бюджеттің негізгі параметрлері туралы баяндады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Ол республикалық бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған күйінде қалып отырғанын айтты. Алайда осы саладағы шығыстардың тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар құрылымдық реформа жүргізілді:

адами факторды барынша азайту мақсатында төлемдерді тағайындау цифрлық тетіктерге көшірілді;

медициналық көмектің жекелеген түрлері тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне ауыстырылды;

мәдениет нысандарын кірістерін арттыру жолымен өзін-өзі қаржыландыруға ішінара ауыстыру жоспарланып отыр.

Осылайша, 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,8 трлн теңге бағытталатын болады, оның ішінде 6,8 трлн теңге – әлеуметтік төлемдер және 4 трлн теңге – адами капиталға арналған инвестициялар. 

2026 жылы нақты секторды дамытуға 3,6 трлн теңге бөлінді, оның ішінде:

 1,2 трлн теңге инфрақұрылымға және базалық салаларға;

 1,6 трлн теңге өндірістік бағытқа және аграрлық секторға;

 754 млрд теңге бизнесті қолдауға және табиғатты қорғауға жұмсалады.