Түркістан облысының Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы тұрғын үйдегі өрт кезінде онда екі отбасы болғаны анықталды. Бұл туралы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Динара Зәкиева әлеуметтік желіде тоғыз баланың қазасына байланысты жазба жариялап, қайғылы оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
– Үйде екі отбасы, ата-аналар мен балалары бірге болған. Өрт шығып, соның салдарынан үйдің шатыры опырылып түскен. Өңірлік уәкіл және психологиялық қолдау орталығының мамандары оқиға орнына жолға шықты, – деп жазды омбудсмен.
Өрттен үш адам аман қалған. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы үш науқастың да жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.
– Медициналық мекемелерге екі ересек пен бір бала жеткізілді. Үшеуі де реанимацияда, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға интенсивті терапияның толық көлемі көрсетіліп, салалық мамандардың бақылауында, – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Сонымен қатар облыстық медициналық ұйымдардан қосымша мамандар жұмылдырылып, қажетті дәрі-дәрмек пен психологиялық көмек толықтай қамтамасыз етілді.
Еске сала кетейік, бүгін таңертең Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт шығып, 12 адам, соның ішінде 9 бала тірідей жанып кетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.
Президент тапсырмасы бойынша өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылды.