Мақаланың мақсаты – осы екі әдісті қарапайым тілмен түсіндіру ниеті.
Домбыраның екі әлемі: шертпе мен төкпе дәстүрінің айырмашылығын білесіз бе?
istockphoto.com
2,180
оқылды

Қазақ домбыраны біледі, бірақ оның ішіндегі орындаушылық айырмашылықтар көпке таныс емес. Әрине, домбыраның күйшілік мектептері мен түрлі мәнерлері бар екенін айтуға болады, бірақ бұл мақала ең алдымен домбыраны «тек таяқ» ретінде ғана танитын, оның ойнау тәсілдері туралы білмейтін адамдарға арналған.

Домбыра тартуда кең таралған екі әдіс бар: шертпе және төкпе. Екеуі – күйдің тіліне, дыбысына, қозғалысына әсер ететін негізгі тәсілдер. Бұл айырмашылықты білу домбыраның мүмкіндігін дұрыс түсінуге көмектеседі деп ойлаймыз. Мақаланың мақсаты – осы екі әдісті қарапайым тілмен түсіндіру ниеті. Терең талдау да, ғылыми негіз де емес. Домбыраға қызығатын кез келген адамға екі түрлі орындау әлемінің бар екенін көрсету.

Әуелгі сөз шертпе дәстүрі жайлы. Ғалымдар мұны домбыра дыбысының ең нәзік тұстарын көрсететін орындау тәсілі дейді. Бұл әдісте асығу да, қатты сермеу де болмайды. Әр дыбыс жеке айтылады, әр ой кең тыныспен байланысып баяу өріледі. Оң қолдың бас бармағы қолданылмайды. Білезіктің де қозғалатыны шамалы. Барлық күш оң қолдың төрт саусағында.

Шертпенің табиғаты  әуезділікте. Ырғақ емес, әуен алға шығады. 

Бұл дәстүрдің негізгі ортасы  Арқа өңірі. Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, шығыс өңірлері де шертпе күйдің өзінше жеке мәнермен дамыған аймақтары деп айтамыз. Байжігіт, Тәттімбет, Сүгір, Қожеке, Қайрақбай… секілді көптеген күйші шығармашылығы осы шертпе күймен байланысты.

Төкпе дәстүрі домбыраны басқаша аша түседі. Бұл күйлерде дыбыстар жеке бөлінбейді, керісінше бір бағытпен ағып, тоқтаусыз өріліп отырады. Оң қолдың қозғалысы шертпеге қарағанда кең, серпінді, білезік пен саусақ бірге жұмыс істейді. Әсіресе ілме, сермеу, түсу-шығу сияқты қозғалыстар жиі қолданылады. 

Төкпенің негізгі тірегі – ырғақ. Әуен бар, бірақ ол ырғақтың үстінде дамиды. Сондықтан бұл орындауда екпін, дүмпу, ішкі серпін айқын сезіледі.

Төкпе күйдің ең кең тараған ортасы – батыс өңірі. Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Есір, Дина сияқты небір күйшілердің шығармашылығы осы дәстүрдің бағытын айқындады. Бұл мектептің күйлерінде желдей ұмтылған серпін, кең тыныс, “күрделі қағыстар мен үздіксіз ағыс” басым. Күй басталған сәттен-ақ импульс сезіледі, ал орындаушы осы ағысты үзбей алып шығуы тиіс.

Домбыраны жаңа үйренушілер үшін шертпе мен төкпенің бірін міндетті түрде бірінші таңдау деген талап жоқ. Десе де, домбыраны енді қолға алған адам үшін төкпеден бастау жиі тиімді болады. Себебі төкпенің қағысы қолды тез ашып, білезікті босатады. Оң қол қозғалысқа еркін түсіп, ырғақты сезіну дағдысы ертерек қалыптасады. Төкпедегі үздіксіз қағысы бастаушыға домбыраны «қатты не жұмсақ ұру» емес, қозғалысты дұрыс жүргізу қажет екенін бірден көрсетеді. Бұл кезеңде күрделі күй ойнаудың қажеті жоқ. Қарапайым төкпе қағыстардың өзі қолдың табиғи жүрісін тез қалыптастырады.

Шертпеге кейін көшу оңай  болады, себебі сол қол қалыптасқан, тек оң қолды ғана икемге келтірсе болғаны. Сондықтан төкпе  техника үшін жақсы бастама, ал шертпе  әуенді күйлерге көшудің жетілдіретін келесі қадам. Екі әдіс те домбыраның табиғатын толық түсінуге көмектеседі.

Қорытындысында айтарымыз,  домбыра тек екі ішектің әуені емес, оның астарында ғасырлар бойы қалыптасқан екі түрлі орындаушылық әлем жатыр. Шертпе мен төкпе бір-біріне қарсы емес, керісінше осы аспаптың толық болмысын ашатын екі қыры. Бірі әуездің тереңдігін көрсетсе, бірі қозғалыстың қуатын танытады. Осы екі дәстүрді түсіну домбыраға деген көзқарасты өзгертеді.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторын көрсетіп,  Аikyn.kz  сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.