Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент жұмысшы мамандық иелері екі елдің экономикалық өрлеуіне орасан зор үлес қосатынына назар аударды.
«Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. Көп ұзамай бұл жұмысты қорытындылаймыз. Жұмысшы мамандықтарын жан-жақты қолдауға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауға бағыт алдық.
Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр», - деді Тоқаев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, өндірістік процесті жаппай цифрландыру және автоматтандыру жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанына назар аударды.
«Өркениет көші ілгерілеген сайын еңбеккерлерді түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді. Мамандардың жоғары біліктілігі мен заманауи дағдыларды меңгеруі елдеріміздегі өнеркәсіп өсімі мен технологиялық жаңғыруға негіз болады. Мұны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан кәсіби кадрларды даярлау үшін жүйелі шаралар қабылдаймыз», - деп атап өтті Президент.
Бұл ретте Президент жақында елімізде жасанды интеллектіні техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізудің тұжырымдамалық негізі бекітілгенін жеткізді.