Қырқымбай Қойбағаров жылт еткен жаңалықтан тыс қалмайтын қырағы топтан еді.
Жасанды интеллект
1,195
оқылды

Ғасыр кө­шінен, замана ағымынан қалсын ба? Міне, бүгін жасанды интеллект дамыған кезеңде РОБОТ-АДАМ сатып алды.  Ежелгі ертегілерде ЖЫН деген кейіпкер болушы еді. Мынау сол Жыннан бір мысқал да кем емес екен. Қандай тапсырмаңыз бол­са да көзді ашып-жұм­ғанша орындап тастайды.

Робот-Адам  күнде­лікті тамақ ішетін, жүріп-тұратын, ұрысатын, жұлы­сатын, жақпай қалсаңыз, арқасы құрысатын, ұрса қалсаңыз, маң­дайы тырысатын, жанторы­ғыңыз қасыңызда жоқ кезде шү­йіркелесетін кәдімгі пендеңізден аумай­ды-ау, аумайды. Енді ұлы сөзде ұят жоқ, айалыңыз алысқа кетсе, жұбайлық міндетті де орындаудан қымсынбайтын секілді.

Бұл өзі «іздегенге сұраған» та­маша көмекші болды. Қырқымбай қыңырлығы ұстаса, көмекшісіне шай алдырып, тамақ істетіп қояды. Үй жинауға, аула сыпыруға да жегетіні бар. 

Газет-журналдарда хабар-ошар­лары шығып, аудан көле­мінде тілші ретінде танылып қалған Қырқымбай Қойбағаров мақаладан жерініп, ауызын айға білеп, құлаш-құлаш әңгіме, повесть, роман жазуды да бастап жүрген. Алғашқыда іштен шыққан шұбар жыландарын әдеби басылымдарға аттандырғанымен, тырс еткен жауап болмады. «Жібергендерім қаңғып басқа жерлерге кетіп қалды ма екен?» деп көкірегіне күдік ұялаған ол қолына сойыл алып, аттандап соңына түсіп көріп еді, жоқ, хаттары аттай шауыпты, керек жерді адаспай тауыпты. Ендеше, іркіліс неден?

Атшаптырым бөлмеде бұйра­бас біреу отыр екен. Езуінде те­мекі. Бөлменің іші көк түтін. «Бұл өзі түлкі ініне түтін жіберетін ме­кеме емес пе екен?» деп күдіктене кірген Қырқымбайға бөлме иесі көз қырын да салған жоқ.

– Ассалаумаалеукум! – деп Қырқымбай қос қолын ала жүгірді.

– Кімсің? Қай баласың?

Бөлме иесінің көзі шапыраш­танып кетіпті. Қырқымбайдың іші солқ етті.

– Ауылдан келдім. Қырқымбай Қойбағаров деген жергілікті жазушыңыз мен боламын.

Жазушы дегенді естіген соң ба, бөлме иесі басын көтеріп, бұған барлай қарады. Көңілі толмады ма, енжар қарап состиып ұзақ отырды.

– Сіздерге бір әңгіме жіберіп едім. Соның хабарын білейін деп келіп тұрған бетім, – деп Қойбағар жөн айта бастады.

– Мына іргеде тамаша мейрамхана бар. Қалған әңгімені сонда жалғастырсақ қайтеді?

Қырқымбайға да керегі осы еді. Бүлкілдеп ағасының алдына түсті. Мейрамханада талғамай анау-мынау ішті. Ол өзің Арқарбай атаған ағасын таксимен үйіне жеткізіп салды.

Содан бері Арқарбай ағасына күн құрғатпай келіп тұрады. Әр келгенде ауылдан сәлемдеме алып келуді де ұмытпайды. Ана бір жолы соғым әкеліп тастады. Сол күннен  Қырқымбайдың ісі алға бастады. Бір бөлімді ұршықтай шыр айналдырып отырған ағасы­ның арқасында тұңғыш әңгімесі газетке басылып шықты. «Сақ­құлақ­тың сазайы» атты осы әң­гімесін оқығанда Қырқымбайдың өзі «шұбар жыланын» танымай қалды.

Арада екі-үш жыл өткенде болашағынан үлкен үміт күттіретін Қырқымбай Қойбағаровтың тұңғыш жинағы облыс орталығын­дағы баспаханалардың бірінен жарық көрді. Осыдан соң Қырекең газет, журнал адақтамай-ақ жазған дүниелерін қаттап, баспахана­лардан шықпайтын болды. Кі­тап­тарының редакторы да өзі. Корректоры да өзі. Демеушілер ғана өзгеріп тұрды.

«Дәніккен қарсақ құйрығымен ін қазады». Әдеби сыйлық деген­нің бар екенін білген ол енді анау-мынау емес, биік астауларға ұм­тылуды шығарды. Кімді жа­ға­лай­ды, кімді ағалайды, өзі біледі, аудандық, облыстық байқауларда қанжығасын майлап келеді. Түрлі кездесу ұйымдас­тырып, өзінің бүгінгі заманның заңғар жазушысы екенін танытып бақты. Қыза келе бір күні кездесуін түрмеде де жалғастырды.

Дегенмен қатардағы сыйлық­тарды баудай түсіргенімен, жоға­рыдағыға қолы жетпеді. Бір әдеби жыл қорытындысында кітаптары сынға ұшырап, сүріне жаздады. Осылай әрі-сәрі күйде жүргенде кітап жазып беретін жасанды интеллект дегенді есітіп, барын сатып, арын сатып жүріп, оған да қол жеткізген беті осы.

– Жайдарлым, – деді бір күні ол робот-адамға адамша тіл қатып, – енді маған бір кітап жазып бересің. Өзі дүниежүзінде ешкім оқымаған әйдік  шығарма болсын, – деді ол көмекшісіне.

Қырқымбай ұйықтап жатқан адамның қандай түс көріп жат­қанын білетін сұрқияның нақ өзі еді. Бұл жолы «құласам нардан құлайын» деп анау-мынау емес, Нобель сыйлығын алғысы келді.

– Идея айтыңыз, – деді Жайдарлы. 

Айтпақшы, Қырқымбай осы Жайдарлы деген атты  «жасанды интеллект» сөзінен індетіп тапқан болатын. 

Қырқымбай қырық жыл бойы жаза алмай жүрген романын ежік­теп отырып, бір апта бойы айтып берді. Жайдарлы жылы жымиып жазу үстеліне отырды. Қырқымбай көмекшісінің ас-суын, жо-жоқ, өлшеулі тогын беріп, есікті сыр­тынан құлыптап, сыраханаға тартты.

Бір аптадан соң келсе роман дайын екен. Қырқымбай баяғыда өліп, сүйегі қурап кеткен әкесі тіріліп келгендей қуанды. Жайдар­лының қолынан парақтарды жұ­лып алып, оқи бастады.

«Қырқымбай! Сіз қырт адам­сыз. Атақты жазушы болғыңыз келеді. Бірақ бойыңызда талант та, талап та жоқ. Бос әурешілік. Мақтаншақсыз. Даңққұмарсыз. Өтірікшісіз. Жағымпазсыз» деп басталған «роман» тапсырыс иесінің барлық кем-кетігін жіпке тізгендей жазып келіпті де «Есіңді жи, Қырқымбай!» деп аяқтапты.

Нобель сыйлығын алуға да­йындалып жүрген Қырқымбай сол күні ауруханаға түсті...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ