Шымкент қаласында әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, қаржылық сауаттылығын арттыру және отбасылық бизнес мәдениетін дамытуға арналған ауқымды тренинг ұйымдастырылды.
Отбасылық бизнестің озық бастамалары
2,954
оқылды

«AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Әйел аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкер әйелдерге арналған интерактивті тренинг қаладағы Кәсіпкерлер палатасында өтті. Іс-шараға тәжірибелі кәсіпкерлер, мемлекеттік қолдау инс­титуттарының өкілдері және кәсіп бастағысы келетін азаматтар қатысты.

Елімізде отбасы институтын нығайту, әйелдердің әлеуметтік және экономикалық мүмкін­дік­терін кеңейту – мемлекеттік сая­саттың маңызды бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жол­дауында әйелдердің экономикалық және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына айрықша мән беріп, кәсіпкерлікті дамыту, ана мен бала құқығын қорғау, гендерлік теңдік прин­циптерін күшейту қажеттігін атап өткен болатын. Әйел – ­от­ба­сының берекесі, ел дамуының қозғаушы күші. Бүгінгі қазақ қоғамында әйел тек отбасының ғана емес, экономиканың, әлеу­меттік тұрақтылықтың және қоғам­дық келісімнің негізгі тірегі.

Бүгінде мемлекетімізде биз­несті меңгерген, түрлі саланы игерген, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген мыңдаған табысты әйел бар. Олар нарықта бәсекеге қабілетті болуымен қатар, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтауда да ерекше орын алады. Осынау жиында әйел­дерге арналған мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпарат берумен қатар, олардың әлеуетін ашуға, табысты кәсіпкер әйел­дердің тәжірибесін кеңінен насихаттауға бағы­т­талды. Мемлекет әйелдерге арналған гранттық бағдарламаларды кеңейтіп, же­ңілдетілген несиелер ұсынып, көпбалалы және жұмыссыз ана­ларға кәсіби оқыту мүмкіндігін қамтамасыз етіп келеді. Қазақ қо­ғамында әйелдің рөлі әрқашан жоғары болды. Бүгінгі таңда әйел­дер отбасында ұрпақ тәрбиелеп қана қоймай, ел дамуына да белсене атсалысуда. Мамандардың ай­туынша, әйелдер кәсіпкерлігі тек табыс көзі ғана емес, ол отба­сылық амандықтың, әлеумет­тік жауап­кер­шіліктің және қоғамдағы тұрақ­тылықтың кепілі. Сондықтан мем­лекет әйелдерге тек экономи­калық емес, әлеу­меттік және құ­қықтық қолдау да көрсетіп ке­леді. Бұл бағытта, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, аналарды жұ­мыс­пен қамту, жеке қабілеттер мен көш­бас­шылық дағдыларды дамыту және пси­хо­логиялық қолдау көрсету сияқты бастамалар жүзеге асуда.

Тренинг барысында бизнес және қаржы саласының маман­дары, яғни  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Halyk Bank тарапынан ұсынылатын же­ңіл­детілген несие және оқыту жобалары таныстырылып, сарап­шылар өз тәжірибесімен бөлісті. Іс-шара барысында бірқатар іскер және тәжірибелі мамандар сөз алып, қатысу­шыларға пайдалы кеңестер берді.  Олардың қатарын­да «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева, әйел отбасының тірегі ғана емес, қоғам дамуының қозғаушы күші екенін атап өтті.  

«Бүгінде мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Біз әйелдердің бизнес бастауына, олардың қаржы­лық және құқықтық сауаттылығын арттыруға барынша жағдай жасауымыз керек. Қандай кәсіп болса да, ең алдымен, сенім мен білім қажет», – деді ол.

Ал Шымкент қаласы Кәсіп­керлер палатасының директоры Сәбира Адамбекова кәсіпкер әйелдерге арналған мемлекеттік бағдарламалар жылдан-жылға артып келе жатқанын, палатаның басты мақсаты осынау қолдау тетіктерін әр әйелге жеткізу екенін хабарлады. 

«Әсіресе үйде отырып жұмыс істегісі келетін аналар үшін жаңа мүмкіндіктер бар. Жеңілдетілген несие, грант және оқыту плат­фор­малары олардың қолында», – деді Сабира Адамбекова.

Halyk Bank өкілі Айдос Келді­баев, банктің кәсіпкер әйелдерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін, қай салада болсын әйел­дердің табысты бизнес иесі болуға мүмкіндігі мол­­дығын айтып, қа­­тысушыларды жігерлендірді.  Спикерлер қаржылық жоспарлау, несие құралдарын дұрыс пайдала­ну ­– табыстың кілті. Кем дегенде бір дағды игеру әр әйелдің өзіне де, отбасына да үлкен мүмкіндік. Бүгінгі тренинг сол мүмкіндіктерді түсіндіруге арналған тамаша алаң екенін атап өтті. 

Сарапшылар қазір Қазақстанда әйелдер кәсіпкерліктің үштен бі­рінен астамын басқарып, әлеу­меттік жобаларға белсенді қатысып және отбасылық кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып отырғанын жеткізді. Бұл отбасының тұрақты­лығы мен қоғамның дамуына тікелей әсер ететін фактор. Шым­кентте өткен тренинг мемлекет жүргізіп отырған отбасы мен әйел­дерді қолдау саясатының нақты көрінісі болды. Мұндай шаралар әйелдердің кәсіби және жеке қабілетін дамытуға, жаңа бизнес баста­маларын қалыптастыруға серпін береді. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы