Еліміздің Ұлттық қоры Норвегияның мемлекеттік әл-ауқат қорының үлгісімен құрылған. Ұлттық қорымызда 64 млрд доллар қаржы көлемінде әлем елдерінің облигациялары мен акциялары бар. Норвегияның қоры 2 трлн доллар екен.
2 триллион доллары бар әлемнің ең бай қоры әлемнің ең бай адамына 1 триллион доллар беруге қарсы шықты
Мемлекеттің әл-ауқат қоры Илонға 1 трлн доллар беруге қарсы шықты. Фото theglobeandmail.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Kevin Lamarque
7,028
оқылды

CNBC жариялаған хабарламада Норвегияның мемлекеттік қоры әлемнің ең бай адамына 1 трлн сыйақы пакетін беруге қарсы болған. Aikyn.kz бұл шешімнің қаржылық астарын түсіндіреді.

Норвегияның 2 трлн долларлық мемлекеттік әл-ауқат қоры (Norges Bank Investment Management, NBIM) Tesla компаниясының бас директоры Илон Маскке арналған 1 трлн долларлық төлем пакетін қолдаудан бас тартқанын хабарлаған. Компанияның жыл сайынғы акционерлер жиналысы осы аптада өтті. Онда кейбір инвесторлар Масктің «егер төлем пакеті қабылданбаса, отставкаға кетемін» деген ескертуінен кейін наразылық танытқан.

Әлемдегі ең ірі инвестициялық қорлардың бірі болып саналатын NBIM сейсенбі күні (4 қараша): «Маск мырзаның алға ұмтылған көреген басшылығының арқасында қалыптасқан айтарлықтай құндылықты мойындаймыз. Дегенмен біз сыйақы көлемінің шамадан тыс жоғары болуы, акциялардың сұйылуы және негізгі тұлғаларға тәуелділіктің төмендемеуіне алаңдаушылық білдіреміз», – деп мәлімдеген.

Tesla CEO-сы: «Бәрібір триллионды бересің» деп өзіне сенімді. Фото edition.cnn.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Andrew Harnik

Қор сондай-ақ Tesla-мен осы және өзге мәселелер бойынша «конструктивті диалогты жалғастыратынын» атап өткен. Tesla компаниясы мен Масктің өкілдері NBIM шешіміне қатысты пікір білдіруден бас тартқан.

NBIM есебіне сәйкес, норвегиялық қор Tesla акцияларының 1,14%-на иелік етеді. Бұл инвестицияның ағымдағы нарықтық құны шамамен 11,6 млрд АҚШ долларын құрайды.

Норвегиялық әл-ауқат қорының инвестициялық портфелінде 50-ге жуық америкалық компанияның акциялары бар. Мысалы, әлемдегі ең бай NVIDIA Corp компаниясының 51,1 млрд доллар тұратын 1,32% акциясы, Apple Inc (1,25%, 38,3 млрд доллар) және Microsoft Corp (1,35%, 49,9 млрд доллар) акцияларын иемденіп отыр.

Норвегияның мемлекеттік әл-ауқат қорында қанша қаржы бар екенін мына сілтеме арқылы көруге болады. Қаржы көлемі секунд сайын өзгеріп тұрады. Өте тағылымды: https://www.nbim.no/en/

Норвегиялық әл-ауқат қорының портфелінде 50-ге жуық америкалық компанияның акциялары бар. Скриншот cnbc.com сайтынан алынды

Tesla директорлар кеңесі акционерлерден Масктің сыйақы төлемінің жоспарын мақұлдауды сұрап отыр. Бұл жоспар орындалған жағдайда миллиардер акциялар түрінде шамамен 1 трлн доллар табыс алып, компаниядағы өзінің бүгінгі үлесін өсіреді. Жоспардың орындалуы алдағы 10 жылда Tesla компаниясының нақты мақсаттарға жетуіне байланысты. Алайда бұл ұсыныс көптеген сарапшылар мен корпоративтік бақылаушылар тарапынан сынға ұшырады.

 Return Tesla атты кәсіподақтар мен инвесторлар коалициясы акционерлерді мәмілені қолдамауға шақырған. Ал Institutional Shareholder Services (ISS) және Glass Lewis секілді беделді кеңес ұйымдары да инвесторларға «қарсы дауыс беруді» ұсынуда. Маск бұл пікірлерге жауап ретінде ISS пен Glass Lewis-ті «корпоративтік террористер» деп атаған.

«Tesla бүгінде басқа барлық автокомпаниялардың жиынтық құнынан да қымбат. Бас директор ретінде мені кіммен алмастырмақсыздар?», – деп жазды ол X (бұрынғы Twitter) платформасында.

Бұл Маск пен NBIM арасындағы алғашқы қайшылық емес. 2023 жылы NBIM Масктің 56 миллиард долларлық төлем пакетін бекітуге қарсы дауыс берген болатын. Сол пакет АҚШ соты арқылы жойылып, кейін акционерлердің дауысымен қайта мақұлданған еді.

Сол дауыс беруден кейін Financial Times және норвегиялық E24 басылымдары Маск пен NBIM басшысы Николаи Тангеннің арасында болған жеке хат-хабарламаларды жариялады. Ослаға келіп кешкі ас ішуге шақырған Тангеннің сыпайылығынан бас тарту себебін Маск былай түсіндірген:

«Мен өте сирек өтініш айтамын, ал сіз бас тарттыңыз. Әзірше сіз бұл жағдайды түзеуге бет бұрмайынша мен де сізден ештеңе сұрамаймын. Достар осылай да болады», – деп жазғаны хабарланды.

Төмендегі сол хабарламаның скриншотын Financial Times осы жылдың 28 қаңтарында жариялады.

Бұл хабарламаларды норвегиялық қордың басшысы ұсынған. Скриншот Financial Times басылымынан алынды

Масктің байлығы Forbes деректеріне сәйкес, 504,1 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл қаржы сағат сайын құбылып тұрса да, ол әлемдегі ең бай адам саналады. Масктен кейінгі орында – Oracle-дің құрылтайшысы және технологиялық директоры Ларри Эллисон (319 млрд доллар). Үшінші орында – Amazon басшысы Джефф Безос (274 млрд доллар).

Норвегияның ұлттық әл-ауқат қоры Масктің 1 триллион долларлық төлем жоспарын «тым үлкен және қауіпті» деп санап, оған қарсы дауыс берді.

Бұл шешім Tesla акционерлері арасындағы шиеленісті күшейтіп, Масктің компаниядағы болашағына қатысты жаңа сұрақтар тудырды. Нарықтық құны 1,4 млрд долларға жеткен Tesla-ның бас директорының орнына басқа адам табылмаса, компания миллиардерге 1 трлн пакетін беруге келіседі деп ойлаймыз. Қолма-қол ақша түрінде емес, әрине. Компанияның 423,7 млн қосымша акциясымен төленеді. Үлкен ақша акционерлерді көндіруі әбден мүмкін. Өйткені 1 трлн пакетті Маск компанияның құнын 8,5 трлн долларға жеткізсе ғана алады. Сонда акционерлердің табысы да 8 есе өседі! Рекордтық төлем үшін күресіп жүрген Илон Маск компанияның осындай межеге бірнеше жылда жететініне сенімді болғаны ғой.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.