Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын» номинациясы:  «Қисық ағаш» теориясы мен «Толық адам» түсінігі
744
оқылды

 

Авторы: Ноктюрн

 

«Қисық ағаш – өз өмірін сүреді, 

түзу ағаш – тақтайға айналдырылады» 

Бірінші әңгіме «Қисық ағаш» деп аталатын Мұхтар Мағауиннің хикаяты туралы. Автордың бұл шығарманы тура осы тіркеспен атауы кездейсоқ емес. Бұл жердегі «қисық ағаш» бір ғана ағаштың өмірін емес, бірнеше өмірдің, қоғамның, биліктің, отбасының туа бітті қисықтығын, туа бітті болмаса да біртіндеп сәт сайын қисая түсіп, өз түбіне күн санап өзі жеткендігін баяндайды... Иә, автордың шығарманы «Қисық ағаш» деп атайтын жөні бар-ақ... Бірақ ол туа бітті қисық па еді, күн өткен сайын қисая түсті ме? Міне, осы сұрақ шығарманың Кісі деп аталатын бас кейіпкерінің де жанын мүжиді. Ол бұл сұрақты өзінің отбасына, қазір өзін «иттің етінен» де жек көретін әйелі жайлы хикаясын баяндап отырып, аңдаусыз өз-өзіне қоятын: 

«Бүгін емес, көптен бері жауабын таба алмай жүрген жұмбақ. Мына сен сияқты әйел қайдан, қалай жаратылады деп ойлаймын. Дәл осындай қылып қандай ана тәрбиелеп өсірді екен деп ойлаймын. Осы мәселені бүгін әбден ойластырып, ұшығына жетуім керек». 

Тағы бір тұсында: 

«Әуелде бұзылғанын білген жоқ. Шешесін көргеннен соңғы сағыныш, аяқ ауырлаған шақтағы еркелік деп ойлаған. Сөйтсе, саудагер енесі шалға (Кісі қыздан бір мүшел үлкен) шыққан сорлы қызының көзін ашып кетіпті. Немесе әуелден ашық көз, бұл соқырлықпен аңдамаған, ол бүркемелеп байқатпаған. Қайткенмен де, табиғатымен бірге біткен ерекшелік екен. Немесе...», - деп осы сұрағына қайта тап болады. 

Шығарманың өн бойында тәуелсіздікке дейінгі Қазақстан мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан баяндалады. Ал Кісінің өмірі, отбасы мен сүйсе де қосыла алмаған ғашығы қоғамның саяси өмірімен қатар өріліп отырады. Бұл жерде қолданылған психологиялық параллелизмді автор тігісін жатқыза отырып, үндестік ішінде суреттеген. 

Бір күні театрдан шыққан Кісі жанындағы ғашығын бір сүйе алмастан, тек тістелген шоколадынан ғана ернінің дәмін алған қалпы қол үзіп қала беріпті. Тым құрығанда анау жолдың бұрылысынан ұстап әкеткенде ғой деп өкінеді ол... Жолдың шетінен жеткенше ғашығын бір сүйіп үлгерер еді-ау... Сол кезгі үкіметке қарсы шыққаны үшін, қарсы шыққаны үшін де емес, ғылыми жұмысында дәстүршіл тақырыптарды талдағаны үшін ғашығына қауыштырмастан еңсесінен басып, тұтқындап алып кеткен екен кісіні полиция қызметкерлері... Сол аңсарын ол 42 жыл өткен соң ескі театр ғимаратының алдынан өтіп бара жатып былай суреттейді: 

«Ендеше... ертеңіне ұстаcа ғой. Тым құрғанда, парктен шыға бере... Бар тірлігі мағыналы болатын еді... Кісі жайлап басып, бұдан қаншама заман – басқа ғасыр... тура қырық екі жыл бұрын жете алмай кеткен шылбыр бойы, арқан бойы, небәрі жиырма-отыз, елу-алпыс қадам жерді жалғыз өзі жүріп өтті.» 

Бес жыл тұтқында болып, кейін ақталып елге оралған соң оқуын жалғастырып, кандидаттығын қорғауға дайындалады. Сол екі арада кездейсоқ танысқан досының туысықанына үйленеді. Шешесінің азғыруына алданған әйелінің бұған ешқашан көңілі толмапты. Көзі тоймаған әйел не болса соны желеу қылып, Кісіні бар айтқанына көндіреді. Алған сайын, азып, азған сайын Кісіні адам құрлы көрмейді екен. Кісі бір ұл, бір қызының тағдыры үшін әйелінің бар қыңырлығын көтеріп, тастап кетпепті. Жылдар өткен соң бір телефон шыр етіп, әлгі қыздың дауысын естиді. Қатты толқығаны сонша бір сәттік бәріне қол сілтеп, әлгі сүйгеніммен кетсем бе дейді. Бірақ үйге келген сәт алдынан жүгіріп шыққан екі баласы тағы да райынан қайтарған...

Автор Кісіні  Алматыдағы үш көшенің ортасына қамап отырып, тұтас өмірін көз алдынан өткізеді: 

«...Екі жағына кезек қарап, жайлап басып келеді. Сол жағы – Дзержинский – көше, оң жағы тағы да Дзержинский – парк, арта – Виноградов, алда – Калинин. Төрт тарабы түгел балшабек қайраткерлер. «Адасқанның алды жөн, арты – соқпақ...» Арты соқпақ емес. Азап. Алды... жөн болса ғой. Жөн деп ойламақ қой. Теріс екенi соқырға аян».

Сөйтіп отырып автор тәуелсіздік алған жылдардың өзінде Алматының көшелерінің «Орыстардың өзі теріс айналған» большевиктердің атымен аталуына назар аудартады. Бүгінгі күні Алматы көшелерінің біраз бөлігі қазақ зиялыларының атын алған болса, бұл мәселеде автордың да «үлесі» бар болуы тиіс. 

Кейіпкеріміздің тәуелсіздікті күткен сәті – өз алдына бөлек әңгіме:

«Көптен күткен – мамырда үміттенген, шілдеде дегбір тауысқан, қыркүйекте құсаға батырған, қарашада қайғыға ұласқан – тағдырлас, көршілес, ағайындас жұрттың бәрі жариялаған, тек сен ғана міз бақпай, қалтырай дағдарған, түңілдіре, тарықтыра бастаған, келмеуі мүмкін емес, бөгелуі санаға сыйымсыз, ақыры, жүйкені тоздырып барып, әупіріммен қол жеткен жақсы лепес – ақ түйенің қарыны жарылған алақай, ес шыққан сүйінші – өлі аруақты көрден тұрғызып, тірі жан атаулыны тебірентуге тиіс шұғыл хабар теледидардан айтылған шақта... әрине, қуанды, бар қаны бұрқ етіп басына шығып, мең-зең болып азғана отырды. Содан соң орнынан атып тұрды. Төрт қабырғаға сыймай барады. Кабинетіне келді. Қайта шықты. Қайта кірді. Сосын ас үйде тамақ қамдап жатқан әйеліне барды. Сыртынан құшақтады. – Тәуелсіздік жарияланды! – деді құлағына ернін тақап...».

«Тәуелсіздік жарияланды!» - неткен тебіреніс толы сөз еді. Ұзақ аптығып, алысып өткен сонша жылдан кейінгі тәуелсіздіктің жариялануы... Бірақ Кісінің әйелі үшін тәуелсіздік пен тәуелділік арасында бәлендей айырмашылық жоқ еді. Ол қазанындағы тамағын әлдеқайда көбірек алаңдайтын адам еді...

Франц Кафканың «Шамасы Жөзефті біреу қарғаған болса керек, өйткені ешқандай кінәсі болмаса да, бір таңда тұтқынға түсті» деп басталатын «Der Process» (Процесс) атты атақты шығармасы бар. Сол шығармада бас кейіпкер де елегізіп, бір кеңістіктен екінші кеңістікке өтіп, дел-сал күйде біреуден қашып жүреді. Мағауиннің Кісісінің тәуелсіздік жарияланғанын естіп, есік алдына шыға бере қисық ағашқа шекесін соғып барып сүрінген сәтінде ол қисық ағаштың жаңағы большевик Дзержинскийдің ескерткіші орналасқан үш көшенің қиылысындағы қисық ағаштың өзі болып шығуы да дәл сол Жөзефтің дел-сал күйін еске түсіреді. Ал оны қаламгердің сол қалпы құдды натюрморт сынды кескіндеп, тілге төгуі – шеберлік еді. Тәуелсіздік ала бере шалынып құлаған қисық ағаштың егілгеніне жетпіс жыл деуі – жетпіс жылдық Кеңес үкіметін меңзегенін шым-шымдап қана есімізге салады. 

Бір кезде Абай атасының даңғылынан жоғарылап, алаңға жете берген сәтте құшақтаса теңселген үш жігіт Кісінің алдынан шығады. Бұлар жаңа ғана жарияланған тәуелсіздіктің құрметіне тартып алыпты. Үшеуі де мас. Автор бұлардың атын Үлкен, Ортаншы, Кіші деп береді. Бұл жердегі үш кейіпкер – қазақтың үш жүзі іспетті: 

«- Үлкеннен үлкен емес, - деді Ортаншы. – Біздің ең үлкеніміз – осы Үлкен. Бәрімізден үлкен. Бәрінен үлкен. Бүгін – үлкеннің туған күні.» 

Бұл шығармада бір ғана кейіпкер бар. Ол да сол – қисық ағаш. Ал кісі де, оның қыңыр әйелі де, диссертациясын қорғатпай тастаған директор да, бірінші рет курстық жұмысын «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жыры бойынша жазғаны үшін салт-дәстүрді дәріптеуші деп айыпталғанда тергеген Кеңес тергеушісі де, Дзержинскийдің ескерткішін құлатқаны үшін айыптаған қазақ тергеушісі де, тәуелсіздік алдық деп ішімдікке тойып алып, көшеде алдынан шыққан үшеу де, тіпті қосыла алмаған, көшеде құлап жатқан сәтінде шал болып қартайған оны танымаған сол ескі ғашығы да – бәрі-бәрі қисық ағаштың жарығынан өрбіп шыққан бірер көлеңкесі ғана болатын... немесе сол қисық ағаштың бірер жапырағы...

Шығарманың бір тұсында Кісі көшеге шығып қараса, әлгінде ғана құлады деп ойлаған ескерткіші де, жетпіс жылдық үкіметтей болып түбімен опырылып түсті деп ойлаған қисық ағашы да «құдды ештеңе болмағандай», сол қалпы орнында тұрған болып шығады. Сол сәтте автор оқырманын «түп тамыры қисық болып біткен елдің оңалуы бір сәтте орындала қоймайды» деген байламға жетелейтіндей. 

Шығарманың соңғы сәтінде туындайтын Кісі мен оның ұлының арасындағы қақтығыс Ұлтшылдық пен Капитализм арасындағы қақтығысты еске сала отырып, қазіргі заманның суретін сызғанға ұқсайды. «Батып бара жатқан кемеден ең алдымен егеуқұйрықтар қашады. Ал біздің егеуқұйрықтар жәй қашып жатқан жоқ, елдің бар байлығын өзімен бірге жапырып алып барып қашып жатыр. Сенің кемең – рульсіз кеме. Капитаны жоқ. Ал сен неге екенін өзің де білмейсің, бірақ соңына дейін қалағы суға жетпейтін, мағынасыз ескектен айрылмайсың. Мүмкін сенің бақытың да сол шығар. Солай жаралғансың, солай қаласың. Ал менің жазығым не? Қайыршы болып өмір бойы қара базарда жүре берем бе?», - деген ұлы келінінен ажырасып, өзінен бес жас үлкен, екі баласы бар неміс әйелге үйленіп, елден кетуге шешім қабылдайды. 

Осы тұста Кісі ұлына ештеңе деп қарсылық қыла алмайды. Сол сәт біздің есімізге Есенғали Раушановтың «Өрік гүлдеп тұр» атты өлеңіндегі мына шумақтарды оралтты: 

«...Сәмбі тал болып иілгендеймін,

Қаптайды кенет түндей мұң.

Қазақстанды сүйіңдер деймін,

Не үшін? – дейді ел,

Білмеймін...

Өрік гүлдеп тұр...» 

Қисық жүйенің ішіндегі қисық түсінікпен өмір сүретін Кісі қисық ағаш па? Әлде қисық ағашқа өкпелеп барып, амалсыз қисайған ұлы қисық ағаш па? Қалай болғанда да, қисық ағаштың бұтақтарына шырмалып тынған бұл ойларымыз – жаңылтпашқа айналып тынғаны анық. 

«Қисық ағаш – өз өмірін сүреді, түзу ағаш – тақтайға айналдырылады», - дейді ежелгі Цинь даналығы. Бұл мақал біздің танымымыздағы «гумандық» мәндегі «түзу ағаш» ұғымын толықтай 180 дәрежеге бұрып жіберетін секілді. Яғни қытай даналығында қисық ағаш – «өз қалауынша өсетін» еркін ағаш түсінігімен астасқан. Ал қоғамның қалауымен үнемі түзу жүруге тырысатын бір адам – көнбістікке ұрынады дейді. Бәлкім, бізді жығып беретін де «Қисық ағаш» жайлы гумандық пәлсапамен ойлануымыз шығар деп ойламай тұра алмайсың осы тұста...

Бұған дәлел болатын – Ыбырай Алтынсариннің «Бақша ағаштары» әңгімесі. Терең тәрбиелік мәні бар қысқа туынды. Мұнда жазушы ағаш өсіру бейнесі арқылы бала тәрбиесінің мәнін ашып көрсетеді.

Әңгімеде бір төре мен оның баласы бақшада серуендеп жүріп, екі түрлі ағашты көреді: бірі тік, әдемі өссе, екіншісі қисық, сұрықсыз біткен. Баласы бұның себебін сұрағанда, әкесі қисық ағаштың бағусыз, қараусыз қалғандықтан солай өскенін, ал түзу ағаштың бағылып, күтім көргенін түсіндіреді. Осы қарапайым мысал арқылы әке баласына адам тәрбиесінің табиғи заңдылығын ұқтырады:

“Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым; мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады; сен жас ағашсың саған да күтім керек; мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің, бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің”.

Бұл жерде ағаш – баланың, бағбан – ата-ананың бейнесі екені анық. Жазушы баланың мінезі, адамдық қасиеттері де дәл ағаштай күтімді, бағыт-бағдар беруді қажет ететінін астарлайды.

Туындының тәлімдік түйіні айқын:

Әрбір адам – «жас шыбықтай» икемге көнетін шақта дұрыс тәрбиеленсе ғана пайдалы, түзу азамат болып қалыптасады.

«Тәрбие – табиғаттағы күтім секілді, үздіксіз назар мен сабыр талап етеді», - деген қарапайым гумандық құндылыққа негізделген... Бірақ осы тұста «бұл жердегі бағбан – Мағауин айтатын шырмалған қисық ағаштың өзі болып шықса, ағашты оның өсіруі дұрыс па?» - деген сұрақ туындайды. 

Саф өнердің – адам рухының шынайы еркіндігінен ғана туатыны секілді, өмір сүру үрдісінің ең биік танымы, пәлсапасы да – Абайдың «еркін адам», «толық адам» ұғымымен астасады. Бірақ дәл сондай қоғамның қалыптасуы үшін біздің ерінбестен «Мағауиннің шығармасында айтылатын қисық ағаштың» әр бұтасын шатасқан түйінінен ажыратып барып, жаңа буынның «еркіндігін», «өмірсүйгіштігін» қанамайтын қоғам қалыптастыруымыз керек секілді. 

«Қисық ағаш» туралы тағы бір қызық сценарий мына жазбада кездеседі. Ержан Уәйіс өз жазбасында қисық ағаштың тағдыры арқылы адам болмысына қатысты терең өмірлік сабақ ұсынады. Әңгіме желісі бір кішкентай, бойы өспей, қисық біткен ағаш туралы. Ол өз бойындағы кемшілігін сезініп, жанындағы биік те сұлу ағаштарға қызығып, үнемі өзін төмен санайды. Солар секілді болуды арман етеді. Бірақ оның табиғи өсу ортасы — биік жартастың екі тасының арасындағы тар шөгінді топырақ. Тамырын тереңге жая алмайды, күн сәулесі де сирек түседі. Сондықтан ол биіктей алмайды, жел соқса шайқалып, тіпті қопарылып кететіндей күйде өмір сүреді.

Алайда бір күні таң шапағы оның бойымен өтіп, жарығын жазық далаға шашқанда, қисық ағаш тұңғыш рет өзін пайдалы, өмірдің бір бөлшегі ретінде сезінеді. Сол сәт ол өз орнын, табиғи болмысын қабылдайды. Өзгелермен салыстырудың, қолы жетпейтін нәрсені аңсаудың мәнсіз екенін ұғады.

Автор осы мысал арқылы адамның шама-шарқына сай өмір сүру, өз қабілет-қарымының деңгейінде әрекет ету қажеттігін айтады. Яғни әркім өз табиғи болмысын, мүмкіндігін дұрыс танып, соған сай армандауы керек. Бұл — дамуға қарсы тұру емес, қайта ақылға қонымды өрлеудің белгісі.

Ержан Уәйіс осы жазбасы арқылы қазіргі қоғамдағы мансапқорлық пен жасанды ұмтылыстарды сынға алады. Көптеген жастар өз қабілетіне сай келмейтін лауазымдарға ұмтылып, түрлі амалмен жоғарылауға тырысады. Ал сол қызметті абыроймен атқару қабілеті екінші орынға түсіп қалады. Мұндай жағдай қоғамның ілгерілеуіне кедергі келтіреді. Бұл ойын автор былай өрнектейді және мәселенің жастар арасындағы мансапқорлықтың артқаны, бұдан туатын қауіптің үлкендігімен байланысты екенін ашық көрсеткен: 

«Мен мұны неге айтып отырмын? Айтып отырғаным: қазіргі жастар арасында өздерінің өресі тұрмақ, көресіні де жетпейтін нәрсе – лауазымды қызметтерге ұмтылушылық өте көп. Ондайлар сол мақсатқа жету үшін тамыр-таныстықты да, басқалай мүмкіндіктерді де жете пайдаланып қалуға ұмтылып бағады. Ал сол қызметті атқарып, алып кету қабілеті қашанда екінші планға шығып кетеді. Бәрінде де «үстел бәрін үйретеді» деген арзан қағидат бар. Мұның өзі қазіргі заманда мансапқорлардың тым көбейіп кеткенін көрсетеді». 

Шындығында да, режиссура оқып, журналистикада қызмет қыла беретін, журналист болып жүріп, тіл ғылымын зерттейтін орталықты, «ғылыми» орталықты басқаруға «оп-оңай» көше салатын адамдарды өз көзімізбен де көріп жүрміз. Қызығы – бәрін көрген көз енді ештеңеге де таң қалмайтын болып барады... Ең қызығы да – осы, ең ауыры да – осы... Өйткені әйел ақындардың ішінде мен сүйетін Силвия Платтың: «Таң қалу – әлемдегі ең ғажап сезім», - дейтіні бар... «Менежірлік» деген атаудың желеуінде қаншама қоғамдық маңызды тетікке ие салалар кім көрінгеннің құйрығының астында қалып, бір күні опырылып түсер ме екен деп алаңдамай тұра алмайсың... 

Жазушының түйіні «Әркім өз орнында болғанда ғана қоғам дамиды» деген түсінікке келіп тіреледі. Қисық ағаштай өз болмысыңды танып, соның ішінде өзіңе ғана тиесілі жарық пен мәнді табу – ең үлкен даналық.

“Қисық ағаштың” тағдыры — адамның өз мүмкіндігін бағалай білу, өз орнын қабылдау және арман мен шындықтың арасындағы тепе-теңдікті табу туралы астарлы философиялық «шағын» ғана гумандық сабақ. «Шағын» ғана дейтін себебім: негізі анау айтқандай маңызды жаһандық философиясы жоқ, бірақ біздің қоғамда осыны да түсінбейтін адамдардың көптігінен бұл тәмсіл аса маңызды болып отыр. Асқар Сүлейменовтің «Қазаққа ес кірсе, Абай ескіреді» дейтініне тұспа тұс келіп тұрғандай. Атақты түрік ақыны Едип Жансевердің бір жазбасында «Шебер ақын ескіруі үшін қоғам оның жазғандарын толық түсінетін деңгейде кемелдікке жетуі керек. Жазғандары онсыз да бәрі білетін дүниелер болып қалса, ол ақын ескіреді. Өйткені ешқандай жаңалығы қалмаған соң, ешкімді таңқалдыра алмайды», - дейтіні бар. Кейде «біздің қоғамда барлық қаламгер мәңгілік болып қалғысы, мәңгілік есте қалғысы келгені үшін ешкімді, ештеңені түсінбей жүрміз бе» деген ирониялық ой бәрімізді мазалауы тиіс. 

Сонымен «Қисық ағаш» теориясы немесе «Толық адам» түсінігі» деп аталатын бұл жазбамызда «Қисық ағаш» туралы қазақ руханиятында осы күнге дейін қалыптасқан бірнеше түсінікті айта отырып, әдеби шығармалардағы бір ғана символдың ойдың берілу ағысына қарай әртүрлі қолданылу әдісін талдап көрдік. Сыни жазбамызды Мұхтар Мағауиннің шығармасының қысқаша мазмұны секілді жазылған Талғат Ешеннің аттас өлеңімен аяқтауға рұқсат етіңіздер.

 

ҚИСЫҚ АҒАШ

Нұр саулаған гауһар тастай қарашықтан нұр емес,

мөлт-мөлт етіп жас тамса;

елжіреген ет жүрегің қан жылап,

қан кеткесін қатқан қара тас болса;

бодандық пен кемдіктің,

бостандық пен теңдіктің,

ақиқатында, мағынасы бос болса;

қу тірлікті сүргенің –

тоғыз ауыз тобасыз сөзбен,

тоғыз түйеге жүк болар байлықпен,

тоғыз грамм қорғасынмен ғана расталса –

сонда шындықты қайдан табамыз ?!

 

Өзімізде бар нәрсені өзімізге қимасақ;

уақыт пен кеңістікті ноқталаған көңілдер

мезгілден де жаңылып, шекті қойып

қара жер мен көк аспанның аясына сыймаса;

біреудің надандығы мен тоқшылығы да,

біреудің жамандығы мен жоқшылығы да,

айналып келгенде, қара халықты ғана қинаса;

азуы бары - азулымын екен деп айылын жимаса;

құрығы ұзыны - құрықтымын екен деп құлқынын тимаса –

сонда тәубені қайдан табамыз ?!

 

Дін, діл дейміз, тіл дейміз...

Діндарың кім ?

Дін қайда ?

Ділмарың кім ?

Діл қайда ?

Тілемсек кім ?

Тіл қайда ?

Шағыстырып отты - суға, жерді - көкке, күнді - айға;

бар ілімді ой-ботқа ғып,

жоқ ілімді ойлап тауып, әйтеуір, қойыртпақтап келтіреміз ыңғайға.

Көз де, сөз де, көкірек те аллаға емес, адамға құл мұндайда –

сонда иманды қайдан табамыз ?!

 

Бірлік қайда ?

Бар ма, бірлік, ой бақсақ ?

Батыс, шығыс, оңтүстік боп, жеке-жеке аймақ сап;

жақсы менен жайсаңыңды бір-біріне айдап сап;

руыңмен деп у ішкізіп, өзің зәмзәм су ішіп;

шатырдағы орын үшін шайтанмен де туысып,

сосын келіп кісімсіну - қай мақсат ?!

 

Тірлік қайда ?

Шындық - жалған;

тәубе - қалған;

бірлік - арман;

иман - жоқ.

Жапа шеккен ағайынның айтқанына ұйыған боп,

реті келсе солармен

қышқылдатып шарап жұтып, ыстық-ыстық шай ішіп;

саясат деп, мәдениет деп қабырғамыз қайысып,

өп-өтірік отырамыз майысып.

 

Ал жай күні қыңыр сөз бен құр ұйқыдан бас алмай;

жанға пайда әкелмейтін шүкірліктен аса алмай;

біреу қызмет жасардай;

біреу құман тосардай,

кергиміз кеп, сорда өскен қисық ағаш секілді.

Сен бе, жалғыз кекілді ?

Мен бе, жалғыз кекілді ?

 

Екеуімізде не айырма ?

Екі қолмен, екі аяққа - жалғыз бас.

Тәнімізді ойын, жанымызды ой сорған.

Өзіміз де білмейміз қайсы - мұрат, қайсы - арман.

Тек қиял бар - құмай шалғызбас,

күдік бар - түлкі алғызбас.

Сосын... сосын өзгермейтін түсінік бар көні қатқан терідей.

Әй, түбі бар ғой,

емексіткен сол қиял құм шекердей ерімей;

елегзіткен сол күдіктен жерімей;

түсініктер күйремей, көні қатқан терідей –

сірә де ел болмаспыз !