Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын» номинациясы: «Қара сөздер» – Абай философиясының өзегі
269
оқылды

Авторы: Piko

 

Қазақ даласында мәңгі жаңғырып тұратын бір дауыс бар – ол Абайдың "Қара сөздерінің" үні. Бұл үн – ақыл мен ардың, рух пен жүректің даусы. Абай – бір ғасырдың емес, адамзаттың ар – ожданын сөйлеткен дара тұлға. Оның "Қара сөздері" – терең ойдың айнасы, сананың сынағы. Әр сөзі адамды сілкіндіріп, өмірге жаңаша қарауға мәжбүр етеді. Егер қазақтың рухы бір кітапқа сыйса, ол – осы "Қара сөздер". Абай өз заманының ғана емес, біздің заманның да айыптаушысы. Ол қазір тірі болса, біздің қоғамға қарап не айтар еді? Мүмкін, тағы да сол баяғы сөзін қайталар еді: "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым..." Абай өз ұлтын сүйді, бірақ соқыр мақтамады. Ол халыққа жағынбай жаны ашып айтты. Өз дәуіріндегі қоғамның ойсыздығын, рухани жұтаңдығын көріп, адам санасын оятуға ұмтылды. Сондықтан "Қара сөздер" тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі күннің де айнасы. Сол айнаға бүгін біз қарасақ, көретініміз - өз бейнеміз.

Ақыл мен надандықтың күресі (жетінші-сөз, )

Абай үшін ең үлкен жау - сырттағы дұшпан емес, адамның ішіндегі надандық. Ол жетінші-сөзінде "Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біріншісі - ішсем, жесем, ұйықтасам; екіншісі – білсем екен" деп адам табиғатының түп негізін ашады. Бүгінгі қоғамға қарасақ, Абай айтқан "ішсем-жесем" мінезі үстемдік алып тұр. Ақпарат көп, бірақ ақыл аз. Білім бар, бірақ түсінік жоқ. 

Адам өмірінің мәні (төртінші-сөз, он бесінші-сөз )

Абай төртінші-сөзінде адам өмірінің мәні – еңбек пен ізденісте екенін айтады. Адамның ең басты міндеті – өз орнын тауып, өмірін бос өткізбей, рухани және адамгершілік тұрғыдан кемелденуге шақырады.

Он бесінші сөзінде ол уақыт ұғымын терең философиялық тұрғыдан қарастырады. Ол үшін уақыт – адамдықтың сынағы, ал оны қалай өткізгенің - рухани деңгейіңнің айғағы. Ақын өз болмысына үңілуге, нәпсіні тыйып, ақыл мен жүректі бірлікте ұстауға үндейді.

Еріншектік адамның дерті (оныншы-сөз, )

Еріншек адам - кедейліктің басы. Біз бүгін де дәл сол еріншектікпен күресіп келеміз. Ақпарат заманына кірдік, бірақ білімге емес, жеңіл жолға құмармыз. Оныншы-сөзінде ол надандық, еріншектік, қоғамды артқа тартатын басты дерт деп атайды. Абайдың сөзі - "Оян!" деген рухани қоңырау.

Толық адам концепциясы (он жетінші -сөз)

Абайдың ең өткір сөзі – адам болмысына бағытталған. Ол адамның сыртқы байлығына емес, ішкі тазалығына үңілді. Он жетінші сөзінде: "Адам баласы адам баласынан ар,мінез, ақыл, ғылым, арқылы озады"

Ал біз ше? Білім алдық, бірақ ақыл жоғалттық. Жарық көрдік, бірақ жүрек сөндірдік. "Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста" деді, ал біз ақылды – амалға, ғылымды – пайдаға, арды – ұятсыздыққа, мінезді – тәкәппарлыққа айырбастадық. "Адамның адамшылығы - ақыл, ғылым, ар, мінезбен", – дейді. Қазір осы төртеуінде жоғалтып алдық. 

Нәпсі мен ар күресі (отыз үшінші сөз)

Абайдың "Қара сөздерінің көбінде бір ой қайталанады. Ол отыз үшінші-сөзінде адам өмірінің қадірі – оның істеген ісінде, ізденісінде, ақылында дейді. Абай адамды екі топқа бөледі: 

1. Еңбек етіп, ғылым-білім іздеген адам.

2. Бос мақтан, жеңіл әңгіме қуған адам.

Ойшыл осы екі жолдың айырмасын түсіндіреді. Біріншісі - қоғамға пайдалы, екіншісі - рухани тоқырауға әкеледі. Бүгінгі ұлт рухының ең әлсіз тұсы - іссіз ой, мақсатсыз өмір, амалсыз арман. Біз көп ойлап, аз істейміз. 

"Адам бол" - мәңгілік үн (қырық бесінші-сөз)

Қырық бесінші-сөзінде Абай өз өмірінің қорытындысын шығарады. Мектеп ақылды ұрпақ тәрбиелей алады, бірақ арлы ұрпақ тәрбиелеу – Абайдың "Қара сөздерін" түсінуден басталады. Абай айтқан "Адам болу" – атақ, мансап, байлық емес, жүректегі жарық. Бүгінде сол жарық өшіп барады. "Адам баласын сүй, бауырым деп" – дейді. Бірақ біз бауырды байлықпен, адамды атақпен өлшейміз. Қарапайым мейірім – ең қымбат валютаға айналды. "Қара сөздер" – ойдың шырағы, бірақ сол жарыққа жүзіңді бұру үшін батылдық керек. Абайды оқу оңай, Абаймен өмір сүру қиын. Себебі ол сенен бәрін талап етеді – ар, ақыл, намыс, жауапкершілік.

Абайдың "Қара сөздері" – мәңгілік сұрақтар мен жауаптар кітабы. Ол – біздің ұйқылы санамызды түртетін дауыс, рухани сілкініс. Әр буын оны жаңаша оқиды, әр дәуір өз сұрағын табады. Бірақ бір нәрсе өзгермейді: адам болу қағидасы. Біз Абайды жаттап алдық, бірақ түсінбедік. Біз оның сөзін естідік, бірақ ішкі үнін тыңдамадық. Нағыз "Қара сөз" - кітапта емес, жүректе оқылғанда ғана тірі болады. Абайдың айтпағы – ел мен адам ең әуелі өз жүрегін тәрбиелемейінше, қоғам түзелмейді. Абайдың сөзі – жарық. Ол жарыққа қарау үшін көз емес, жүрек керек!