Авторы: Фолкнер
1
Әңгіме жас Әйгерімнің келін боп түсіп, екі ай өтпей қайын атасына матрас астынан қандаланы көргені жайлы айтқан сәттен басталды. «Қайыным оң қырымен жатпай жүрген шығар» деп алдымен абысыны мысқылады. Сосын «өзі жуынбайды, қалай болса солай жүреді» деп енесі күңк етті. Атасы жас келіннің көңілін жықпай, құрал-сайман салғыш қобдишасын әкеп, төсекті қайта бір қарап шықты. Сөйтіп тобылғыдан жасалған қатты төсек өңі кете бастағаны болмаса әлі төрт-бес жылға шыдас береді деген ой қорытындыға келді. «Келмей жатып неге жұртты әбігер ғып жүрсің» деген күйеуінің сұрағына Әйгерім қызарып бөрткен балтыры мен білегін көрсетті. Сосын күйеуі қалаға барып, әлдебір сүйелге арналған майды бес мың теңгеге алдым деп, жас келіншегінің аяқ-қолына таңға дейін «жағып» шықты.
Әйгерім енесіне келген сәттен ұнамаған. Бірақ соған қарамастан күйеуінің алдап-сулауымен ол кісіге де үйренісіп кетермін деп өзін жұбатып қойды. Ал үнемі ұрыкөзденіп, бір сәт құйрық басып отыра алмайтын қара кемпір келіні түскелі бері жөнді сөйлескен жоқ. «Апа мынаны істейін бе?» деген Әйгерімнің бейкүнә сұрағына «ие!» деп дүңк еткізіп қысқа жауап береді. Бауырсақта да өзі пісіреді, үйді де өзі сыпырады, киімді де өзі жуады. Той қамына көмектесейік деп келген жұртқа да «үйлеріңе тарқаңдар, өзімнің де қолымнан келеді!» деп жақтырмай шығарып салды. Сосын таңға дейін салаттың неше түрін жасап, кампот қайнатып, қымыз-қымыранын торсыққа бөліп-бөліп құйып алған. Тек күндіз ғана Төкіштің қатыны дейтін бәкенедей сары абысыны кеп қолғабыс еткен болады. Ал қалған уақыттары тек өзі ғана ошақ маңынан шықпады…
‒ Ұялам! ‒ деді Әйгерім күйеуінің құшағында жатып.
‒ Неге?.
‒ Келгелі қылған ісім жоқ. Бәрін енем өзі жалғыз істеді.
‒ Ол кісі сондай. Кеңес кезінде трактор айдап, әбден үйреніп қалған, ‒ деді күйеуі терезені ашып. Шылым тұтатты. Тыраулап ұшқан тырналар даусы еміс-еміс естіледі.
‒ Маған әлі ренжіп жүрген сыңайлы.
‒ Оны қайдан шығардың? Білмеймін. Сен үйреніп кетесің дегенсің.
‒ Алғашқы немересін көрсін, сосын үйреніп кетесің.
Тағы екі ай өтті. Әйгерім енесінің томырайған мінезіне үйренсе де, қандалаға үйрене алмады. Бір қызығы үйдегілер қандаланың бар екенін білсе де білмегендей, шақса да шақпағандай жүр. Дезинфекция шақырайық деп еді оған да ешкім көнген жоқ. Қайын атасының айтуынша бұл ауылда дезинфекция шақыру деген өліммен пара-пар дүние екен. Жұрттың бәрі «үйлерін құрт-құмырсқа басып кетіпті» деп мазақ қылады-мыс. Әйгерім осы сөзді ести сала сенер-сенбесін білмей, аң-таң күйде тұрып қалды. Әзіл шығар деп күліп те жіберген. Атасы онысын жақтырмай қалды, білем, «кешіріңіз!» деп бетін басып, бөлмесіне зып беріп кіріп кетті. «Қызық, о заманда бұ заман, адам осыған бола арланатын ба еді. Қайта жәндіктер үйде болсын, болмасын айына бір рет дезинфекция шақыртудың несі ұят. Біз қалада, төрт бөлмелі пәтерде тұрғанда әр екі ай сайын дезинфекция мамандарын шақыратынбыз. Әрине, үй болған соң бәрі болады. Оған несіне ұялады екен. Шамасы мен түсінбейтін салт-жоралғылары бар шығар… Жарайды, шыдай тұрайын». Әйгерім осылай ойлап, енді қандаламен күресудің амалын өзінше қарастыра бастаған. Алдымен қандала жайлы толық білмекке интернетті ақтарып шықты. Сөйтіп бұрын атын білгенімен затын білмейтін кішкентай «досы» жайлы тың мағлұматтарды тауып алды. Жалпы әлемде қандалалардың елу мыңнан астам түрі мекен етеді екен. Ең көп тарағаны ескекше қандаласы мен төсек қандаласы. Матрас астында, төсек тұсында, еден қуысында топтасып тіршілік етеді-мыс. Ұзындығы 300-800 миллиметр арасында. Бір қызығы қандаланың шаққанын адам мүлде сезбейді екен. Көбісі оның шаққан жерін қышымамен шатастырып, тіпті үйінде қандаланың бар екенін де елеп ескермейтін хәлге жетеді. Осының бәрін жадында жақсылап түйіп алған Әйгерім отбасын қандаладан «сақтандырмақ» боп ақпаратты майпаздап, жұмсақ жеткізудің амалын қарастырды. Сөйтіп таңмен таласа тұрып, шай қайнатты. Енесі жіп сабақтап, жас құрт кесіп отыр. Атасы қорадағы азын-аулақ малын жайғап, күйеуі керіліп-созылып тұрғанша дастарханды да жайнатып қойды.
‒ О, біздің келін жарап тұр екен! ‒ деді атасы дән риза боп.
‒ Менің қатыным ғой! - деді күйеуі еркелеткен болып.
Қазақы отбасы дөңгелек үстелге жайғаса қалды да, буы бұрқыраған кеселер қолдан-қолға жылдам өтті. Бет сипалды, шай ішілді. Биылғы қыстың қатты болатыны және ұлының қайта іс-сапарға кететіні жайлы әңгіме болды. Осыбір таңғы арқа-жарқа сәтті пайдаланып Әйгерім іште бүккен «сырын» ортаға салды.
‒ Ата, мен қандаламен күресудің жолын таптым, - деді ол беті қызарып. Жаңағы күй пышақпен кескендей сап тиылып, енді үшеуі де келінге қарап қалған.
‒ Сөйтіп…? Қандала таңғы үш пен бес аралығында шығады. Біз ол уақытта терең ұйқыда боламыз да, сезбейміз. Егер хлор ұнтағын құрғақтай сеуіп қойсақ бір-екі күнде арылуға болады.
Осылай деп келіні үнсіз қалды. Мүлгіген тыныштық. Қайын атасы басы салбырап кеткен, күйеуі де теріс қарап отыр.
‒ Сонда сен, сендер қандалаға үйреніп кеткенсіңдер дегің кеп отыр ма? - деді енесі шайын сораптап.
‒ Жо-жоқ, апа! Мен жай…
‒ Қанша рет айтамыз саған, бұл үйде ешқандай қандала жоқ. Қандала тұрмақ құмырсқаның өлігін де таппайсың. Саған дейін де қырық жыл тұрған, сенен кейін де тұрады. Ешқандай жәндік кіргізбей таза ұстап келем. Сөйте тұрып қайдағы бір шүйкебас келеді екен де, «үйіңді қандала басқан» дейді….
‒ Апа, мен олай деген жоқпын…
‒ Енді қалай дегің кеп отыр?! Таза емессің, жумайсың дегің кеп отыр. Шақса бізді шақпай ма!
‒ Оның шаққаны кейде сезілмейді апа.
‒ Міне, айтып отырмын ғой, балақтағы бит басқа шықты деген осы!
‒ Мам, қойыңызшы! ‒. Баласы сөзге араласып еді, анасы одан бетер өршеленіп кетті.
‒ Енді мені қойдырайын деген екенсің ғой, жетесіз! Міне, аузыма қақпақ қойып таста! Мүмкін байлап бағарсың!
‒ Кемпір!
Шалының ызбарлы даусы. Кемпірі тынши қалды.
‒ Таң атпай мазаны алма! Адам сияқты оразамызды ашып, адам сияқты тұрайық! ‒. Осыны айтты да сақалын сауымдап, келініне байыппен қарады.
‒ Келін, егер шынымен де шаққан жері мазаңды алып жүрсе қалаға барып, доғдырларға қаралып кел, жарығым. Мүмкін жерсінбей жүрген шығарсың…
Отағасы бетін сипап, орнынан тұра берді. Осы әңгімені бастағанына одан бетер өкінген Әйгерім тілін тістеп, жылауға шақ қалды. Ыдыстарды жинастырды да, бөлмесіне келіп, өксіді-ай келіп. Үйіне деген сағынышы мен жаңа ортаға үйренісе алмауы қосылып, тұнық көздерінен жас боп төгілді. Бір жерде байыз тауып отыра алмады. Ауыл шетіндегі ойын алаңына барып, жолдарға қарап, үйіне тартып кетсем бе деп бір ойлады. Бірақ бұл үйге «алып қашумен» келгені, әрі анасына берген уәдесі де есіне түсіп, бұл ойынан дереу бас тартты. Дүкеннен үш шіркек шылым сатып алды да, футбол ойнаған балаларға қарап, асықпай шекті. Темекіні қойғанына да төрт ай болыпты. «Шылым шеккенімді білгенде Балғабек маңыма да жоламас еді» деді ішінен. Сосын қайта анасының қоштасар сәтте көзіне жас алып, «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген сөзін есіне алды. Десе де бұл сәтте Әйгерім өзі үшін арты тұйық, алды жар өмірдің енді ғана басталғанын тіпті сезбеген де еді.
2
Соңғы бір айда күйеуі екеуі әбден титықтаған. Алдымен Түркияға, бал айына барды, сосын ата-анасын төркіндей келді. Әйгерім келген сәттен әсерін жасыра алмай, жанартаулар эрозиясынан пайда болған Каппадокия дейтін көне қала жайлы және ондағы тесік-тесік үңгірлер жайлы ұз-а-а-а-қ әңгімелеп берді. Тіпті сол үңгірдің бірінде тұрып Балғабекке аяғының ауыр екенін айтып, сүйінші сұрапты. Екі жас бақыттан басы айналып, «Гендер патиды» ауада ілінген парашюттердің бірінде жасаған.
‒ Сендер үшін қуаныштымын! ‒ деді анасы Әйгерім көрсеткен бейне-жазбаны көріп.
‒ Мұны атап өту керек! ‒ деді әкесі санын сарт еткізіп. Не керек, «той» басталды да кетті. Ағалары бала-шағасын ертіп келді; қазан көтерілді, шай ішілді, ду-ду әңгіме өрбіді. Балғабек төрт ағасының да көңілін жықпай, төртеуімен де төрт күн бойы кіреберісте, сатыда, қылтимада қылқылдатып сыра ішті. Анасына алтын білезік, әкесіне қысқы көлік резеңкесін әперді. «Барып-қайтамыз» деген ақшалары ғана бар-тын еді, шамасы енесі зейнет ақысын жалғыз ұлына жасырын берген боп тұр ғой. Алғаш рет күйеуіне қатысты күдікті ойы да осы тұста қылп ете қалды. Бірақ ешкімге сездірген жоқ. «Білте парашюттар астында бақандай үш романтикалық түн өткіздік. Маған не жетпейді осы» деп өзін іштей сөгіп те алды.
Сонысын айып көргендей Балғабектің жуан білектері мен жұмыр арқасына ютубтан көрген тәсілімен жақсылап массаж жасап берді. Анау да әйелінің бұл сыйына тоқпейілсіп, «шіркін-ай, жаным-ай!» деп жаңа туған баладай балбырап жатты. Бұл өмірде әйел заты үшін еркектің көңілін табудан оңай дүние бар ма; жымиып қарасаң да, арқасынан сипасаң да, ерніңді шығарып еркелете салсаң да мәз әйтеу. Әйгерім оны анық сезді. Сезе тұрып, ішінде бір бұлқынған дүлей күштің, билеп-төстесем дейтін сырғақтың сыбдырын да естіп қалды. Бірақ онысын не Балғабекке, не анасына білдірген жоқ. Керісінше төркіндей келген төрт күнде, вокзалдан шыққан пойыз сияқты отбасынан да әлдебір межеге алыстап кеткенін іштей сезді.
‒ Есейіпсің қызым! ‒ деді анасы оңаша бір шай үстінде. Бұл оның мақтағаны ма, жоқ әлде тағы бір «тапсырмасы» ма, түсініксіз.
‒ Үйренеміз ғой, ‒ деді бұл да басындағы орамалын түзеп.
‒ Үйде жалаңбас жүруші ең, ауыл жаққан ғой.
‒ Жағады ғой ‒ деді Әйгерім өзінің не айтқанын түсінбей. Анасының айтуынша бұл жақсы жаққа өзгеріпті. Ана болуға да дайын екен-мыс. Мұның жасында анасы әлі ЖенПи-дің төртінші курсында, өмірден өз жолын таба алмай жүрген. Тек жиырма алты жасында ғана портбюроның кеңсесінде кітап оқып отырған жерінен әкесін көріп, үлкендердің «айтағымен» тұрмысқа шыққан. Әйтпесе өзі айтқандай: «махаббат деген ‒ теңіз құмы сияқты, алақаныңда желге ұшатын нәрсе».
Бесінші күні Әйгерім ұйқысынан шошып оянды. Еріні кеберсіп, кенезесі кеуіп қалыпты. Су ішпекке мысықтабандап ас үйге барды. Қан жылы суды баяу ішіп тұрып, мұздатқыштың астынан әлдебір қап-қара нүктені көзі шалып қалды. «Бұл не болды екен?» деп жарықты жағып, бажайлап қарады. Сөйтсе жаңағы қара нүктесі жай ғана қара нүкте емес, қандалалардың ұясы екен. Құжыра салып, «дүйім қауым» жиналып алыпты. Ортасында аналығы; балалап, биттей-биттей тарақандарын таратып жатыр. Тіпті әлсіз туғандарын көк желкеден қыршып, аяқ-қолын шауып, бірден өлтіріп жатыр. Ол міндетті бүйі шыққан, екі қысқашы ербеңдеген жауынгер қандалалар іске асырады екен. Әйгерім құжыраға іріңдеп кеткен жараның аузына қарағандай жиіркене қарап тұрды да, бірден әжетханаға жүгірді. Басын әжетхана тесігіне тыға сап, лоқсып-лоқсып алды. «Тыныстадым-ау» деп басын көтере бергені сол еді, ванна жиегінде көзі адырайып патша қандала тұр екен. (Патша екенін қайдан білді? Білмейді. Өзіне солай сезілді).
‒ Сенің төртінші атаң бізді теріп жеп жан сақтаған, ‒ деді ол қысқашын қайшылап.
‒ Неге?
‒ Жейтін ештеңе болмаған соң ‒. Ұзын жылан мұрты майысып, Әйгерімге тесіле қарап тұр.
‒ Мұнда қашан келдіңдер? ‒ деді Әйгерім жиіркенішін жасырмай.
Патша қандала мырс етті. Күлгенде екі мұрты да жел соққан қурайдай ысылдап кетеді екен.
‒ Біз - байырғы тұрғынбыз. Сендер келдіңдер! ‒ деді қатқыл.
‒ Жоқ, мүмкін емес. Біз бұл үйді салушылардың өзінен сатып алғанбыз…
Осыны айтуы мұң екен Патша қандала ішек-сілесі қата күліп, артынша томаға тұйық кейпіне енді.
‒ Газет оқымайды екесің, ‒ деді анық, ‒ Мен - сенің жадыңмын. Соны ұмытпа!
Патша қандала кафель тұсындағы тесікке кіріп, жоқ болды.
Әйгерім «өңім бе, түсім бе» дегендей сәл тұрды да, қайта төсегіне кеп жатты. Түсінде оны ешбір жәндік мазалаған жоқ…
3
Төркіндеп келсе де «кішкентай достары» Әйгерімнің соңынан қалған жоқ. Сиыр қорадан, жазғы үйден, тіпті тезек теріп жүрсе де шөптің арасынан жыбыр етіп шыға келетін болды. Басында денесі тоқ соққандай тітіркеніп кететін, кейін үйреншікті дүние сияқты, оларды бір-бірлеп қолмен ұстап, терезеден атып жібереді. Одан не пайда, қабырғаны қақыратып, төсекті сықырлатып, таң атқанша үйді басына көтереді. Бірақ бәз баяғыдай Әйгерімді ешкім «естімейді».
Балғабек осы қыста «жұмыс табылды, ақшасы жақсы екен» деп артынып-тартынып бір аптаға жоқ боп кетті. Әйгерімнің құрсағындағы тіршілік иесіне алты ай кезі. Күйеуі қайта оралғанда «өзімді өзім айнадан танымай қалдым» деп сұстанып жүрді. Расымен де, Балғабек көздері шүңірейіп, нәр татпаған жандай, қан-сөлсіз оралып еді. «Не болды? Қайда бардың?!» деген Әйгерімнің қамқор сұрағына «күзетте болдым!» деп қысқа қайырған. Бірақ әкесі екеуі жазғы үйде көп күбірлесіп, әлденені шеше алмай, артынша дауға ұласқанын Әйгерім бірнеше рет байқап қалды. Тек қара тон киген еңгезердей екі жігіт келіп, көк конверт табыстап кеткеннен кейін ғана, атасы үнсіз басын төмен салған. Көзінде көлдей шарасыздық.
Дәл сол түні Әйгерім тұңғыш рет қандаланың ұйықтап жатқан Балғабектің аузынан кіріп, мұрнынан шыққанын ай жарығынан анық көрді. Сосын бұлар ескі үйдің шатырын жұлып алды да, жаңасын салды. Қабырғаларын әктеп, еденді де ауыстырып тастады. Ақша десе жанын салатын төрт өзбек қыстың қысымшылығына қарамастан, төрт күнде ескі үйді танымастай етті. Оқиғаның бұлай бұрылыс аларын Әйгерім түгіл күйеуі Балғабек те күтпесе керек, сарылып шығып, сарғайып батқан қыстың қысқа күніне қарап, шылым бұрқылдатып тұра берген. Тек қайын атасы ғана «қайырын берсін!» деп, түкпірдегі жалғыз бөлмесіне кіріп, бұлармен байланысты мүлдем үзді.
Әйгерімнің айы-күні жақындады. Енесі екшеңдеп жүріп қалаға бірнеше рет барып, балаға керек-жарақтың бәрін алды. Тіпті сәбидің алғашқы үш ай қабылдау керек витаминдерінен де қорап-қорап көтеріп келді. Шалының; «әр нәрсенің өз жөні болады кемпір, неге алашапқын болдың?» дегеніне де көнбей, жаялықтың түр-түрін алып, ерлі-зайыпты екеудің бөлмесіне қызыл кірпіш жинағандай жіктеп қойды. Баланың туғанынан туасы қызық, үйде «мерейлі күнге» асығып жүрген осы қара кемпір ғана екенін Әйгерім жақсы білетін. Білетін де, қатты сескенетін. Өйткені оның әрекеттері басында сүйкімді көрінсе де, кейін оғаш тарта бастады. Алдымен әлі тумаған балаға ат қойып, бесік жасатты. Сөйтіп түннің бір уағында әлгі бесікті тербетіп отыруды шығарды. Тіпті ол бірде оның төрт жасқа толғанда аяғын шығарып алатынынын, ал жиырма бес жасқа толғанда әлдебіреуге пышақ салып, жиырма үш жылға түрмеге кететініне дейін айтып, Әйгерімді састырды. Қабырғаға телміру, одан қалды достарымен сыра ішуден қолы босамайтын Балғабек Әйгерімнің бұл уайымына пысқырған да жоқ.
‒ Жетер! Басымды ауыртпаңдар! ‒ деп теріс қарап жатып алды.
Әйгерім таңға дейін көз ілген жоқ. Біресе қарнын сипады, біресе телефон шұқылады, әрі-бері жүрді, не керек ұйықтаудың барлық қам-хәрекетін жасады. Бірақ сонда да кірпігі айқаспады. «Сен туған соң да ұйықтамайтын шығармын, ботам!» деп іштей күбірлейді. Бала келіскендей, екі рет теуіп белгі берді.
Жүктіліктің соңғы екі айында Әйгерім қандала ғана емес, қоңыз, ұсақ шыбын-шіркей, қансорғыштың да көбейіп кеткенін аңғарды. Енді олар көрінбей кеп, тобықтан төмен шағып, таң қылаң бере ғайып болады. Дала жусаны жәндіктерді қашырады екен дейтін өтірік-шыны аралас сөзді естіп, жусан жұлып әкеп жүрді. Боз жусанның жұпар иісі аңқып тұрады да, екі күннен кейін қураған сүйектей қылжиып қалады. Ауыл адамдары ай көйлегі ағарып, алыста жусан теріп жүрген Әйгерімді «есінен ауысқан» деп келеке етуді шығарды. Бірақ бұл уақытта өздері де біртіндеп қандалаға айналып бара жатқанын сезбеді.
Бірде Әйгерім бір құшақ жусанмен үйге келіп, төргі үйде жатқан қайын атасының толық қандалаға айналып кеткенін көрді. Тек көздері ғана бұрын адам болғанынан бір белгі беріп, әлдене айтқысы кеп, бірақ сөздің орнына ысылдаған дыбыс шығарып, қиналып жатыр. Бұл уақытта енесінің де ырым-жырымы көбейіп, түкпір бөлмеде шам жағып, ағаштан жасалған пұтқа табына бастаған. Басы піл, денесі адамға ұқсас ойыншық бейне екі шамның ортасында үнсіз тұрады. Тек сол ғана әр күн сайын қабырғада сықырлап-тықырлап, көбейіп жатқан қандалалардың даусын естімейтін сияқты. Естісе де енді не қайран.
‒ Сені Балғабек сабап жүр ме? ‒. Енесі пұттан көзін алмай отыр.
‒ Оны қайдан шығардыңыз?
‒ Денең көгеріп кетіпті.
Әйгерім осы сәтте ғана көлкілдеп ісіп кеткен аяқ-қолына қарады. Шынымен сау-тамтығы жоқ. Жылдам басып жатын бөлмесіне барып еді, Балғабек әлдебір бейтаныс екі еркекпен карта ойнап отыр екен. Бөлме іші көк түтін, түрлері қатулы. Қайта жүгіріп енесіне келді.
‒ Балғабекке не болған?
‒ Білмеуші ме ең? ‒. Енесі бұны қалыпты дүние сияқты айтты. ‒ Балғабек – ойынқұмар.
‒ Қашаннан бері? ‒. Сәл кідіріс.
‒ Бұрыннан... Есімде жоқ.
Әйгерім есікті жауып, кетуге ыңғайлана бергенде;
‒ Сен қандала туатын сияқтысың, ‒ деді енесі бір нүктеден көзін алмай. Әйгерім күйіп кетті.
‒ Апа! Апа дейм! Мен... мен не жамандық жасадым сізге? Бар болғаны келін боп түсіп, ұлыңыздың баласын дүниеге әкелгім келгендігі ме?! Неге мені сонша жек көресіз! Келгелі бері қабағыңыз бір ашылмай қойды. Жағыңыздан жақсы сөз шықпады. Әрине, жақсы сөз жоқ жерде қандала жүреді! Қандала тууға да қарсы емеспін, егер қалағандарыңыз сол болса! Алып қашып келген қыздың қадірі жоқ деп басынбаңыздар! Қалай балаңызды туам, солай кетем бұл үйден! Жетеді!.
Келіні түтігіп кеткен, қалш-қалш етеді. Оны елеп отырған енесі жоқ, «жолың болсын!» дегендей меңіреу. Арғы бөлмеде картаны сарт-сарт еткізіп, қарқ-қарқ күлген еркектердің даусы сықырға ұласып, ұлғайып барады. Бергі бөлмеде қандалаға айналған кәрі шал.
Әйгерім өз бөлмесіне келіп, қабырғадан көзін алмай біраз уақыт мелшиіп отырды. Ол осы уақытқа дейін көп дүниені білдім, байқадым деп келіпті. Бірақ өзге түгіл өзінің де жан дүниесіне, ішкі даусына мән бермепті. Кейде айналада болып жатқан оқиғалар мен дауыстар сенің өз даусыңды естуге тосқауыл қояды. Тағы да «сықыр-сықыр». Қандалалар қаптап келеді.
«Баланы тусам ба екен, әлде...» деген екі ойдың ортасында, жас келін тағы бір таңды ұйқысыз атырды...