«AMANAT» партиясы азаматтармен кері байланыс орнату мен мемлекет пен қоғам арасындағы тиімді диалогты дамыту бағытындағы белсенді жұмысын жалғастыруда. Осыған орай қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Қарызсыз қоғам және құқықтық көмек» тақырыбында азаматтарды қабылдау өтті.
Қарызсыз қоғам – алаңсыз тұрмыс кепілі
3,773
оқылды

Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың қаржылық сауатты­лығын арттыру, шамадан тыс қа­рыз­данудың алдын алу және қиын қаржылық жағдайда қалған аза­маттарға құқықтық көмек көрсету. Партия әрдайым халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, елдің шы­найы қажеттіліктеріне сай бағдар­ламаларды жүзеге асыруда. Бар­­­­лық бастама мен жоба қазақ­стан­дықтардың өмір сапасын жақ­сартуға бағытталған.

Қазір республика бойынша 228 қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді: оның ішінде 1 рес­пуб­ликалық, 20 өңірлік және 207 аумақтық. Он айдың ішінде қо­ғамдық қабылдауларға 100 мың­нан астам өтініш түскен. Күн са­йын несие жүктемесіне және алаяқтық әрекеттерден қорғауға қатысты өтініштер де келіп тү­суде. Сондықтан бүгінгі тақы­рыптық қабылдаудың мазмұны кездейсоқ таңдалған жоқ. Мұндай қабылдау күндерінің қоғам үшін маңызы зор. Бұл жайында «AMANAT» партиясы орталық ап­параты қо­ғамдық қабылдау бөл­месі меңгеру­шісінің орын­басары Жұмабек Нұрмаханбетұлы мә­лімдеді.

– «Қарызсыз қоғам және құ­қық­тық көмек» тақырыбының таңдалуы кездейсоқ емес. Қаржы­лық сауаттылық пен құқықтық білім – әр адам ертеңгі күніне се­німді болатын тұрақты қоғамның негізі. Қоғамдық қабылдаулар әрдайым халықтың жағдайын бақылауда ұстайды. 10 ай ішінде қоғамдық қабылдауларға 100 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Офлайн қабылдаудан бөлек, біз өзге өңірлерден өтініш білдірген азаматтарды онлайн режимінде қосып, олардың қажетті мемле­кеттік органдардан дәл осы сәтте кеңес алуына мүмкіндік бердік. Әрбір адамның тұрғылықты жері­не, табыс деңгейіне немесе жасына қарамастан, қоғамдық қабылдау­лардың есігі әркімге әрдайым ашық екенін білуі маңызды, – дей­ді ол. 

Іс-шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Әділет департаментінің, Мемле­кеттік кірістер департаментінің, «Отбасы банк» АҚ-ның өкілдері, сондай-ақ тәжірибелі заңгерлер мен қаржы сарапшылары қатысты. 

Партияға жүгінген азамат­тардың талап-тілегі әртүрлі болды. Мәселен, елордалық тұрғындар­дың бірі алаяқтардың құрбаны болып, көмек сұрап келді. Оның айтуынша, алаяқтар оның атына 18 600 мың теңге көлемінде несие рәсімдеген. Арнайы қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған ана банкроттық рәсімін жүргізу бо­йын­ша көмек сұрады. Ол алған несиелердің басым бөлігін бала­сының емі мен оңалтуына жұмса­ғанын, алайда жалғыз асыраушы ретінде барлық несиені өтеуге шамасы келмейтінін айтып, өзін банкрот деп тануды сұрады. Тағы бір азаматша банкрот деп тану рәсімін жетілдіруді ұсынды. Ол екі жылдан бері несиелерін төлей алмай жүргенін, бірақ онлайн өтініш беру үшін сенімхат рәсім­деп, ЭЦҚ кілттерін заңгерлерге тапсыру қажеттігі кедергі болып отырғанын айтты. Сонымен қатар алимент өндіру мәселесі де көте­рілді. Бұл – бүгінде ең өзекті әлеу­меттік мәселелердің бірі. Азамат­ша бұрынғы жұбайынан жеті ай бойы алимент өндіре алмай жүр­генін жеткізді. Жалпы, осындай бірқатар мәселе ашық есік күнінде қаузалып, тыңдалды.

– Осыған дейін мәселемді шешу үшін көптеген кеңес алу орталығына жүгінгенмін. Бала күтімі бойынша еңбек демалы­сын­да отырған кезімде де несие­лерімді өтеп отырған едім. Банк­тердің жеңіл кестесіне шығуға мүмкіндік жоқ екенін білдім. Қазір 7 миллион теңге көлемінде бере­шегім бар. Қарызымды бөліп төлеу, есепшотымды бұғаттан шығару, банкроттыққа өтініш беру сияқты қызметтердің жай-жап­сарын біле алмай жүрген едім.  Осы мәселелерді оңтайландыру мақсатында «AMANAT» партия­сына жүгіндім. Өз өтінішіме құлақ асып, шешу жолдарын ұсын­ғанына ризашылық білдіремін, – деді кеңес алушы М.Мамырбекова.

Қабылдау барысында несие төлемін кейінге шегеру, қарызды өтеу кестесін қайта қарау, банктік шоттарға қойылған шектеулерді алу және қайта қаржыландыру мәселелері де талқыланды.

Қаржылық сауаттылық пен құқықтық мәдениет – тұрақты қоғамның маңызды тіректері. Сол себепті партия білім беру бастама­ларына, кеңес беру бағдарлама­ларына және азаматтармен тікелей байланыс орнатуға ерекше көңіл бөледі.

О.МҰРАТБЕКҰЛЫ