Президент әуелі 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданғанын, дәл сол күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырғанын тілге тиек етті. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады.
– Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі. Заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаев «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады» деген. Біз әр кезеңде ұлт тарихында өшпес із қалдырған барлық мемлекет және қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз, оларды ешқашан ұмытпаймыз. Сонымен бірге келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы жылдарда Қазақстанның бағындырған белестері аз емесін еске салды. Жер жүзіне егемен мемлекет ретінде танылды, шекарасын шегендеп, іргесін бекітіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бірлігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өтті. Бүгінде жаһан жұрты еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, өз құрметін көрсетуде.
– Алайда кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайтыны анық. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз. Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды қадамдар жасалды. 2019 жылы ауқымды реформалар қолға алынды. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу жолына түсті. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биыл шілде айынан бастап Кассациялық сот жүйесі іске қосылды, бұл қоғамымызда әділеттілікті күшейтуге жағдай жасады, – деді Президент.
Сондай-ақ Әділетті Қазақстанды құру жолында басқа да нақты шаралар қолға алынғаны айтылды. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға белсенді түрде араласа бастады. Ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланатын болды. Ауыл әкімдерінің барлығы, ал аудан әкімдерінің 25 пайызы жаңарды. Осылайша, билік жүйесі айтарлықтай өзгерді. Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі қанша келеңсіздіктерге қарамастан Қазақстан саяси реформаларды табысты іске асырып, экономикалық әлеуетін сақтай алғанын жеткізді.
– 2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін. Бұл Қазақстанның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсетеді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард долларға жетті. Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 миллиард доллар болды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің көлік-тасымал саласын стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамытып жатқанын айтты. Өткен айда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – егемендік кезеңінде салынған ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ биыл 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Қытай арқылы ауқымды жүк тасымалдау мүмкіндігіне ие болдық. Әуе қатынасы саласындағы табыстар аз емес. Биыл 36 жаңа әуе рейсі ашылды, олардың ішінде Азия мен Еуропаның ірі қалалары бар.
– Елімізде өндіріс те дамып келеді. Бұл саланың өсімі жыл басынан бері 7,5 пайызға жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр. Құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Былтыр Қазақстанда 19 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш, нәтижесінде мыңдаған отбасы баспаналы болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2,5 есе өсті. Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды. Қазақстанның экспорттық әлеуеті артуда, сауда серіктесі ретіндегі беделі нығаюда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет екеніне көңіл бөлді. Сондықтан еліміз жауапты, құрметті миссияны міндетті түрде орындауы қажет. Әлеуметтік стратегиямыз тиімді, әділетті болуы керек. Осы тұста «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына зер салды. Бұл өскелең ұрпақ үшін жасалған үлкен қадам.
– Біз озық ойлы ұлт болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін, ең алдымен, білім-ғылымды дамыту қажет. Сондықтан бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржыны үш есе арттырдық. Ұстаздардың жалақысын екі есе ұлғайттық. Қазіргі таңда қоғамымызда мұғалім мамандығының мәртебесі анағұрлым көтерілді. 1 200 жаңа мектеп аштық. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында көптеген білім ордасы бой көтерді. Ұлттық ғылымды қолдауға да мән беріп отырмыз. Бұл салаға салынған қаражат бес жылда 5 есе өсті. Шетелдің 33 беделді университеттерінің филиалы ашылды. Сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылданды. 2020 жылдан бері медицина саласына бөлінетін қаржы 3 есе артты. 927 медицина нысаны ашылды. Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қауіпсіз ел болуы керек екенін жеткізді. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қоғамның басты қағидаты саналады. Осы жұмыстың аясында жемқорлыққа қарсы күрес жалғасып, күшейеді, онсыз Әділетті Қазақстан туралы айтудың өзі қисынсыз. Кейінгі бес жылда қылмыс саны және көшедегі бұзақылық едәуір азайды, қылмыстық ахуал қатаң бақылауға алынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары азаюда, еліміздің бұл мәселеге қатысты тәжірибесіне шетелдік сарапшылардың ықыласы күшейді. Түптеп келгенде, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – еліміздің жарқын болашағын құру үшін аса маңызды тетік.

Президент елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Былтырдан бері шамамен 2,8 миллион гектар жер тазартылды, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Ең бастысы, азаматтарымыздың экологиялық сана-сезімі, бүкіл болмысы өзгере бастады.
– Қазақстанымыз Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Күшті ел болуы керек. Бұл – жалпыұлттық стратегиялық мақсатымыз, барша азаматқа ортақ міндет, қастерлі парыз. Озық ел болу үшін біз әлі талай белесті бағындыруымыз керек. Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет. Әсіресе, мұны жастарымызға дұрыс түсіндіріп, оларға бағдар көрсеткен жөн. Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарымызды ең алдымен Адал азамат етіп тәрбиелеу қажет. Адал азамат дегеніміз – елін, жерін сыйлайтын, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықтарды қолдайтын және ел бірлігін нығайтуға үлес қосатын азамат. Еліміздің озық болуы осындай отаншыл, тәртіпті, білімді, мәдениетті, белсенді және ойы ұшқыр жастарға тікелей байланысты. Өз қабілетіне сенетін, көзі ашық, көкірегі ояу, еті тірі, еңбекқор адамның ешкімге тәуелді болмайтынын жас ұрпақ ұғынып өсуі қажет. Әр азаматымыз өз ісіне тиянақты, ұқыпты және жинақы болса, тұтас мемлекет те табысты болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз керек екенін де сөз етті. Бұл – ең алдымен, ұлтымыздың сапасы, яғни азаматтарымыз заманауи, озық ойлы, жасампаз болуы қажет деген сөз. Қазіргі аса күрделі, құбылмалы және қарама-қайшылыққа толы заманда озық ел болу оңай шаруа емес.
– Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалардың түпкі мақсаты – Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеу, сол арқылы еліміздің егемендігін нығайтып, бәсекеге қабілетін арттыру. Мемлекет басшысы ретінде мен жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін және экономикалық дамуын қамтамасыз етуім керек. Бұл – менің азаматтық борышым. Қазір әлем түбегейлі жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бәріңіз де мұны көріп-біліп отырсыздар. Бір жағынан, қақтығыстар мен соғыстар азаймай тұр, басқа жағынан, жоғары технологиялар, жасанды интеллект тез дамуда. Осындай күрделі жағдайда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Барша елмен достық қатынас орнатып, мемлекетімізді сенімді серіктес ретінде таныттық. Соның арқасында энергетика, көлік, логистика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға қомақты инвестиция тартып жатырмыз. Қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды. Біз мемлекеттердің бәрі өзара тіл табысып, ортақ мәмілеге келе білгені жөн деп санаймыз. Өзара сенім мен құрметті нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыту қажет деп есептейміз. Жақында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Мұны зор жетістік деп айтуға болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында негізгі халықаралық мәселелерге баса назар аударып, бірқатар ұсыныс айтқанын жеткізді. Әлемде барлық елдің мүддесі ескерілетін әділ халықаралық қатынастар жүйесін орнату керек. Қазақстан дүниежүзі қауымдастығының жауапты әрі ықпалды мүшесі ретінде алдағы уақытта да теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе береді.
– Біз ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам бастық. Мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау. Таяуда халыққа арнаған Жолдауымда Парламентті реформалау туралы мәлімдедім. Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ. Барлық ұсынысымыз Қазақстанның эволюциялық дамуына қатысты азаматтарымыздың мүддесі мен сұранысына негізделген. Ал еліміз алға жылжып, дамуы керек. Бұған еш күмән жоқ, болуы да мүмкін емес. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді. Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады. Әйтсе де, Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді, – деді Қазақстан басшысы.
Мемлекет басшысы саяси бағдар мен қабылдаған нақты шешімдер ұлтымыздың ұзақмерзімді мүддесі мен мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау, елді дамыту қағидаттарын көздейтінін айтты.
– Жолдауда бірпалаталы Парламентті пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақтау қажет екенін ашық айттым. Бір- палаталы Парламентті тек партиялық тізім бойынша қалыптастыру партиялардың институционалдық негізін нығайтуға септігін тигізеді. Сайлаушылармен жүйелі жұмыс істеуіне ықпал етеді. Яғни, мемлекеттілігімізге пайда әкеледі. Бұл ешқандай кері кету немесе демократиялық қағидаттардан бас тарту емес. Ел қамын ойлап, саяси тұрғыдан салмақтап осындай ұйғарымға келдім, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, аймақтық деңгейде азаматтар билікпен тікелей әрі тұрақты қарым-қатынас жасайды. Сондықтан жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктер белсенді жұмыс істеп, елдің мұң-мұқтажын шешуде маңызды рөл атқаратынын көрсетуге тиіс. Кейінгі жылдары тікелей сайлау институты айтарлықтай кеңейді. Әуелі ауыл әкімдерін сайлау енгізілді, кейін ол аудан, содан соң облыстық маңызы бар қала басшыларын сайлауға ұласты.
– Реформалар – табиғи үдеріс, мұнда артық консерватизмге орын жоқ. Жергілікті мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық жүйені сақтау керек деп санаймын. Осы тұста тағы да атап өткім келеді: мемлекеттік маңызы бар кез келген мәселе бойынша шешуші сөзді азаматтарымыз айтуға тиіс. Конституциялық реформа жасалған кезде, сондай-ақ атом станциясын салу мәселесін талқылаған уақытта дәл солай болған. Қазір де солай болмақ. Бұл елімізде жаңа саяси мәдениеттің пайда болғанын көрсетеді, яғни бұл – қоғам көкейінде жүрген аса өзекті мәселелерді шешудің жаңа дәстүрі қалыптасып жатыр деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.
Осы тұста Президент жыл сайын азаматтарымыз түрлі салада топ жарып жатқанын тілге тиек етті. Бұл халқымыздың жасампаз болмысын паш етеді. Жастарды осындай ізгі амалдар жасауға ынталандырады, ұлттық рухымызды жани түседі.
– Higgsfield AI стартапы – биылғы айтулы жетістіктердің бірі. Оны Қазақстанның алғашқы «сыңармүйіз» стартапы деуге болады. Әдетте жаһандық нарықта бір миллиард долларға немесе одан да қымбатқа бағаланған компанияларды осылай атайды. Бұл бірегей жобаның негізі Astana Hub алаңында қаланған болатын. Мұны математика және физика пәндерінен жасөспірімдер арасындағы халықаралық олимпиада жеңімпаздары, дарынды энтузиастар жасады. Осындай мықты азаматтар – еліміздің келешегі. Жас кәсіпкерлер, ғалымдар, инженерлер, IT-мамандар Қазақстанның жаңа элитасын қалыптастыруда. Ал жаңашылдық – ұлттық сипатымыздың маңызды қырына айналды. Демек, мемлекет қолдау көрсетсе, білімді, еңбекқор балаларымыз бен немерелеріміз әлемдік нарықта сұранысқа ие жоғары технологиялық өнімдер жасай алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан басшысының айтуынша, уақыт оздырмай, білімге негізделген экономика құруға кірісу қажет. Жасанды интеллект дәуірінде жаңа салалар мен бизнес түрлері міндетті түрде пайда болады. Бұл ойлы, алғыр жастар үшін нағыз жарқырай көрінетін сәт. Мемлекет пен қоғам жас таланттарды қолдауы керек.
– Мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингін иеленуде. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым. Жалпы, мемлекет түйткілдерді біртіндеп шешіп келеді. Ең маңыздысы – нәтиже, өзімізді жарнамалау емес. Кез келген азамат білімі мен еңбекқорлығының арқасында қабілет-қарымын көрсетіп, іскерлік, шығармашылық немесе мемлекеттік қызметтегі мансабында табысқа жететін орта, қазір жиі айтылатын экожүйе қалыптастыруға күш салып жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, біз осылайша Қазақстан азаматтарының жасампаз рухын сыйлауымыз керек. Мұндай игі үрдісті жан-жақты қолдау қажет. Ел мүддесі үшін биік мақсаттарға ұмтылыс ұлттық болмысымызға тән қасиет болуы керек. Армандау, алға мақсат қою – өте дұрыс. Алайда қазіргі заман нақты іс-әрекеттің уақыты екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан елге пайдалы, болашаққа қажет істермен айналысу керек. Сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі отаншылдық, яғни нағыз патриотизм дегеніміз – осы.
– Мемлекетіміздің Егемендігі туралы декларацияның 35 жылдығы – еліміз үшін аса маңызды тарихи меже. Көптеген елдердің тарихына қарайтын болсақ, мұндай құжаттар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ғасырлар бойы сақталады, азаматтық сана-сезімнің мызғымас негізі ретінде қызмет етеді. Сондықтан Егемендік туралы декларация, бұл – мемлекеттігіміздің берік арқауы, халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысының айқын көрінісі. Егемендігімізді жариялаған алғашқы күннен бастап мемлекеттілігімізді бекемдеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолынан айныған емеспіз. Бұл – ең дұрыс стратегия, – деді Президент.