Ташкент қаласында «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен өзбекстандық Fayz Oil Imports ЖШҚ компаниясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Келісім аясында Fayz Oil Imports компаниясы жыл бойы 60 миллион АҚШ долларына Қауымдастық құрамына кіретін қазақстандық өңдеу кәсіпорындарының май-тоң май өнімдерін сатып алуды жоспарлап отыр.
Өзбекстан – қазақстандық май-тоң май өнімдерінің ірі бес импорттаушысының бірі.
2024-2025 жылғы мерзімде Қазақстаннан Өзбекстанға өсімдік майлары мен жоғары ақуызды мал азығы (шрот пен күнжара) 349 миллион АҚШ долларына экспортталды. Бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда 82 %-ға көп.
Өзбекстан нарығындағы қазақстандық майдың үлесі 65 %-ға (2017 жылы – 13 %) жетті, ал Тәжікстанда 74 пайыз (2017 жылы – 15 %).
Сонымен қатар Қазақстан өңір елдерін толықтай құс және мал азығын өндіруде маңызды құрамдас бөлік саналатын күнбағыс шроты мен күнжарасымен қамтамасыз етіп отыр.
«Біздің май-тоң май өнімдеріміз әлемдік нарықта жоғары сұранысқа және айтарлықтай экспорттық әлеуетке ие. Біз өнімді 20-дан астам елге жеткіземіз. Қазақстаннан экспортталатын күнбағыс майының көлемі қазірдің өзінде Орталық Азия елдерінің жиынтық импортынан 1,5 есеге көп, қажет болған жағдайда біз бұл нарықты толық қамтамасыз ете аламыз», – деп атап өтті Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.