Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасановпен кездесті
Сенат Төрағасы ТүркПА Бас хатшысы Рамиль Гасановпен кездесті
1,507
оқылды

Тараптар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге назар аударып, ТүркПА аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі арттыру тетіктерін талқылады.

Кездесуде Әзербайжанның Га­бала қаласында өткен Түркі мемле­кеттері ұйы­мының ХІІ саммитінің қорытындысы кеңінен сөз болды. Нақты айтқанда, эко­номиканың негізгі секторлары бойынша ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің интег­рациясын нығайтуға, халықаралық мәселелерде өзара қолдауға, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және мәдени-гуманитарлық іс-қимылды дамытуға арналған Габала дек­ларация­сының негізгі бағыттары талқыланды.

«Біздің кездесуіміз елдеріміздің өзара іс-қимылының жоғары дең­гейін растап, түркі интеграция­сының жаңа бағдарын белгілеп берген Габаладағы Түркі мемле­кеттері ұйымының саммитінен кейін өтіп отыр. Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сол жиында түркітілдес ха­лық­тардың жақындығына ерек­ше тоқталған болатын. Мемлекет басшысы түбі бір түркі жұртының тарихы тамырлас екенін және бізді ортақ құнды­лықтар біріктіретінін тілге тиек етті. Мұның бәрі берекелі бауырластығымыз бен ынтымағы­мыз­дың жарқын көрінісі екені анық. Габала саммитінің нәти­желері Парламенттік Ассамблея аясында ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға, келісіл­ген заңнама­лық тәсілдерді әзірлеуге және бірлескен жобаларды іске асыруға оң септігін тигізеді деп сенемін», – дей келе Мәулен Әшімбаев Қазақ­стан ТүркПА-ның қазіргі төрағасы ретінде Ұйымның түркі мемлекеттері мен халықтарының игілігін көздейтін бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге да­йын екенін айтты.

Сонымен қатар тараптар қазір ТүркПА түркі интеграциясында парламентаралық диалогты нығай­татын және елдердің заңнамалық бастамаларын үйлестіретін маңыз­ды алаң ретінде ерекше орын алатынына назар аударды. Сенат Төрағасы өз сөзінде бұл бағыттағы ынтымақтас­тықтың перспектива­ларына да тоқталып өтті.

«Қазақстан Парламенті ТүркПА ая­сында белсенді ынтымақтастықты арт­тыруға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі. Қазіргі таңда түркі ел­дерінің парламенттік дипло­матиясы белсенді дамып келеді. Сондықтан ортақ үйлестіруші орган – ТүркПА хатшылығы­ның қызметін одан әрі жетілдірудің маңызы зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Ал Рамиль Гасанов биыл мау­сым айында Астанада ТүркПА-ның пленарлық сессиясы сәтті өткізілгенін айтты. Аталған сессия­да бірқатар модельдік заңдар қа­был­данып, ТүркПА-ның 14-пленар­лық сессиясының Астана декларациясы мақұлданған болатын. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассам­блеясының Бас хатшысы тығыз ынты­мақтастық және парла­мент­ара­лық бай­ла­ныстарды нығайту жолындағы бел­сенді жұмыс үшін ризашылығын білдірді.

Сұхбат кезінде қазақ-әзер­байжан арасындағы екіжақты іс-қимылды әрі қарай дамыту мәселе­лері де сөз болды. Бұдан басқа, Әзербайжан мен Армения арасын­дағы бейбіт қатынастар туралы декларацияның маңызына мән берілді.