«Түріктің түрікке дұшпандық жасауға хақысы жоқ!». Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның әйгілі ақыны Бахтияр Вахабзадеден жеткен осынау ұранды қайта еске салды.
Түркі саммиті: бірлік пен бейбітшілік жолындағы басқосу
4,975
оқылды

Қазақстан Президенті бұл ұранды бүгінгі түркілер жадынан шығармай, түбі бір туыс, бірлігі бекем бауыр екенін бүкіл әлемге паш етіп келе жатқанын атап өтті. Әзербайжанның Габала қаласында өткен саммитте Мемлекет басшысы нақты 10 ұсыныс айтты. 

Жаһандағы түркі жұртының басын қосатын, «түркінің Күлтөбесіне» айналған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер бас­шыларының ХІІ саммиті 7 қазанда «Өңір­лік қауіпсіздік және бейбітшілік» де­ген тақырыппен өткен болатын. Габа­ла­ға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жа­паров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Президенті Шав­кат Мирзиёев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бер­дімұхамедов, Түркі мемлекеттері ұйы­мының бас хатшысы Кубанычбек Өмір-ә­лиев ат басын тіресе, мәртебелі мейман­дар­ды Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев күтіп алды. 

Саммитте сөз сөйлеген Қазақстан Президенті ең алдымен ерекше қонақжай­лық көрсеткені үшін Әзербайжан Пре­зиденті Ильхам Әлиевке ризашылы­ғын біл­діріп, жиынның мән-маңызы ай­рық­ша, күн тәртібі өзекті екенін айтты.

– Түбі бір түркі жұртының тарихы – та­мырлас, халықтарымызға ортақ сан ға­сырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жа­тырмыз. Мұның бәрі – берекелі бір­лігі­міз бен мәңгілік ынтымағымыздың ал­тын арқауы. Жақында елдеріміз «Түркі халық­тары­ның ынтымақтастық күнін» атап өтті. Бұл – бірлігімізді бекемдей түсе­тін маңызды мереке. Бүгінде Түркі мемле­кеттері ұйымы достас халықтардың басын қосқан мәр­те­белі әрі беделді құрылымға ай­налды. Былтырдан бері Ұйымға құр­метті Президент Садыр Жапаров бастаған қырғыз елі тиімді төрағалық етті. Қырғыз тарапына риза­шы­лығымызды білдіреміз. Енді төрағалық құр­метті Ильхам Гейдар оглудың басшы­лығымен Әзербайжан та­ра­пына беріледі. Алдағы уақытта да Ұйы­мымыздың абырой-беделі арта түседі деп сенеміз, – деді Президент.

Жаһандық қауіпсіздік жүйесі сыналып жатыр

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазіргі кезде жаһандағы қауіпсіздік жүйесіне әсер ететін факторлар көбейгеніне тоқталды. Оның пайымдауынша, жаһандық қауіпсіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр әрі қақтығыстар мен шиеленістер, геосаяси текетірестер әлемнің кез келген мемлекетіне әсер ететін қауіпті үрдіске айналған. 

– Осындай алмағайып заманда 30 жылдан астам уақыт шешімін таппаған шиеленіске қатысты Әзербайжан мен Арменияның Бейбітшілік декларациясына қол қойғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жол ашатын тарихи мәміле болды. Қазір әлемдегі геосаяси ахуал аса күрделі, сондықтан түркі елдері ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруға тиіс. Бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, бе­делі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Түркі мемлекеттері аумағында тұрақтылықты, қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту ісінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен әлеуеті ерекше.

– Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру үдерісіне қолдау көрсеткен Әзербайжан тарапына, сондай-ақ барша түркі мемлекеттеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Түркі елдерінің қауіпсіздікті нығайту және сын-қатерлерге, соның ішінде терроризмге қарсы тұру жолындағы мақсат-мүддесі – ортақ, сондықтан осы бағыттағы ықпалдастығымыз табысты жүзеге асуда. Бәріміз жаһандық қауіпсіздікті сақтау жолындағы бастамаларды қолдап келеміз. Бірақ біз мұнымен шектеліп қалмауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген елдердің шекараға бағынбайтын жаңа қатермен бетпе-бет келіп отырғанын алға тартып, Ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.

– Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты бекемдей түседі. Биыл қыркүйекте осы тақырып бойынша Алматыда өткен конференция нәтижелері киберқауіпсіздік саласындағы ықпалдастықты күшейту аса маңызды екенін тағы да растады, – деді Президент.

Дамудың іргетасы ынтымақта

Саммит қауіпсіздік пен бейбітшілік тақырыбына арналғанымен, қатысушылар түркі әлемінің болашағы, даму бағыты, жаңа трендтер тақырыбына да назар аударды. Қазақстан Президенті экономикалық экономикалық ынтымақтастықты тұрақтылық пен өсіп-өркендеудің түп негізі ретінде атады.

– Біз 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беруіміз қажет. Бүгінгі саммит осы жоспарды нақты шаралармен толықтыруға тиіс. Ұйымға қатысушы әр мемлекеттің өзіне тән артықшылығы және жетістігі бар. Соған қарамастан Ұйым аясында сауда-экономика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін нақты тетіктер ұсынылған. Соның бірі – Түркі инвестициялық қоры. Осы қаржы ұйымының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз керек. Биыл Түркістанда елдеріміздің экономика және сауда министрлері бас қосады. Сол кезде Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаған жөн болар еді. Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық елдеріміздің экономикасын әртараптандыру ісінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуеті зор деп есептейміз. Келесі жылы осы палатаға Қазақстан төраға болады. Бұл бағытта біз нақты жобаларға басымдық беретін Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдауды ұсынатын боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көлік-логистика саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруді басты міндеттің бірі санайды.

– Елдеріміз Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабы – Еуразия төрінде орналасқан. Қазір Қазақстан аумағы арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Азия мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан арқылы жөнелтіледі. Жақында біз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қостық. Бұл қадам ТрансҚазақстан теміржол дәлізін қарқынды дамытуға ықпал етеді. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа тағы да екі маңызды теміржол салынып жатыр. Осы жобалар аймақтық логистиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беретіні анық. Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиядағы жол торабының стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өсті. Жақында Ұйымға мүше мемлекеттердің көлік министрлері Алматыда бас қосты. Тараптар кездесуде осы жол бағдарына қатысты бірқатар келісімге қол жеткізді. Бұл ретте біз түркі мемлекеттерін Орта дәліз бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері және теңіз порттары инфрақұрылымын жаңғыртуға белсене атсалысуға шақырамыз. Қазір көлік-транзит саласын цифрландыруға қатысты жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Осы орайда Жасанды интеллект технологиясын пайдалану тиімді болатыны сөзсіз. Сондықтан беделді сарапшыларды тарта отырып, Ұйым аясында арнайы Цифрлық мониторинг орталығын құру мәселесін талқылауды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан цифрландыру ісіне, соның ішінде жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беретінін мәлімдеп, толық цифрлық ел болуды стратегиялық мақсат ретінде айқындағанын жеткізді.

– Жасанды интеллектіні жаппай дамыту үшін білікті мамандар даярлауды қолға алдық. Бағдарлама аясында жыл басынан бері 400 мыңнан астам студент арнайы білім алды. Сондай-ақ жасанды интеллект мамандарын оқытатын тұңғыш зерттеу университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан осы оқу ордасында білім алуға ниет білдірген түркі елдерінің жастарына арнайы гранттар бөлуге дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған салалар бойынша Ұйым аясында жүзеге асыруға болатын бірқатар бастамаға тоқталып өтті. 

– Жуырда Астанада Alem.AI жасанды интеллект орталығы ашылды. Соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынамыз. Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Біз цифрландыру және жасанды интеллектінің әлеуетін халықтарымыздың игілігі үшін ұтымды пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар жаңа технологиялардан туындайтын тәуекелдер мен сын-қатерлердің алдын алуымыз керек. Сондықтан келесі жылы Қазақстанда өтетін Ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынамын. Осы жиынның қарсаңында білікті сарапшылардың басын қосып, халықаралық конференция ұйымдастыруға дайынбыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағ­дайда энергетика мәселесіне де баса мән беру керек екенін айтты.

– Бұл – экономикамыздың тірегі, стратегиялық әріптестігіміздің негізі. Бүгінде біз ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудамыз. Энергия тасымалдаудың қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдарын қарастырып жатырмыз. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия дәлізі – осы саладағы жемісті ынтымақтастық үлгісі. Сонымен бірге жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн энергиясына айрықша назар аудару қажет деген ойдамыз. Осыған орай, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынамыз. Дегенмен мұнай мен газды, уранды, көмірді, сирек кездесетін минералдарды игеру және оларды тиімді пайдалану Қазақстанның энергетикалық стратегиясының негізі болып қала береді, – деді Президент.

Каспий тағдыры алаңдатады

Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» дейтін тәмсіл бар. Табиғатты ата жауындай көрген кезеңдердің зардабын аз тартпаған халықпыз. Оған суалған Аралдың тағдыры куә. Президент мұны жақсы біледі. Содан да болар, қоршаған ортаны қорғау, өзен-көлдерді сақтау мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе, Каспийдің жағдайына алаңдайтыны байқалып тұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев 40 күнге жетпейтін мерзім ішінде, 1 қыркүйектен 7 қазанға дейін Каспийдің ахуалы жайлы үш ірі халықаралық жиында айтты. Алдымен, 1 қыркүйекте Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен «ШЫҰ+» саммитінде, одан соң 24 қыркүйек күні АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясындағы Жалпы дебатта Каспий мәселесіне халықаралық қауымдастықтың назарын аударса, 7 қазанда ежелгі Хазар теңізінің жағдайын жақсарту қажет екенін түркі әлемінің көшбасшыларына тағы қайталады. Теңіздің жағасында ТМҰ-ға мүше екі, байқаушы бір ел – Қазақстан, Әзербайжан және Түркіменстан орналасқан. Әрі теңіз «Орта дәліз» жобасында шешуші рөл атқарады. Одан бөлек, Каспийдің жағдайының нашарлауы қоршаған ортаға кері әсер етеді. Су тапшылығы пайда болып, теңіз тартылса, экономиканың өзге салаларының да дамуы қиын. Тапқан-таянғанымыз экологиялық мәселелерді шешуге жұмсалып, қалтаның қалыңдауы қиындауы мүмкін. Біз Қазақстан Президентінің сөздерінен осы жайтты ұқтық.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазір әлемде аса күрделі мәселеге айнал­ған су тапшылығы таяу арада Орта Азиядағы ең өзекті сын-қатер болуы мүмкін.

– Өзен-сулардың ортақ игілік екенін ескере отырып, оны тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер керек деп санаймыз. Суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану, су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады. Қазір Каспий теңізі тартылып бара жатқанын білесіздер. Бұған бәріміз алаңдап отырмыз. Қарт Каспийдің түркі жұрты үшін орны қашанда бөлек. Оны халықтарымыздың арасындағы дәнекер деуге болады. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – жаһандық ауқымдағы мәселе. Мен мұны Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерекелік сессиясында айттым. Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Мен түркі мемлекеттерін осы бағытта күш біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге, халықаралық бастамаларды қолдауға шақырамын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен келесі жылы сәуірде Өңірлік саммит өткізуді жоспарлап отыр. Тақырып: «Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас». Біз түркі елдері осы саммиттің жұмысына жоғары деңгейде белсене қатысады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бірлік – ақылға бірлік

Ғасырдан астам уақыт бұрын, 1883 жылы Қырымда, Бақшасарайда «Тәржіман» деген газеттің алғашқы саны жарық көрген. Редакторы күллі түркінің береке-бірлігін аңсап өткен Исмаил Гаспыралы еді. Оның «Тілде, пікірде, істе-бірлік» дейтін ұраны бар. Ал Абай Құнанбайұлы алтыншы қара сөзінде «Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады!» дейді. Бұл да ғасырдан астам уақыт бұрын айтылған пікір. Алайда жаңа мыңжылдықта да мәнін жойған жоқ. Түркі интегарциясында да осы «ақылға бірлік» өзекті болып тұр. Мұны Қ.Тоқаев та айтты. Ол Ұйымға мүше елдер арасында сауда-экономикалық және саяси ықпалдастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыс та нығайып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Соның аясында бірқатар іс-шара ұйым­дастырылды. Каспий жағалауында түркі мәдениетінің фестивалі өтті. Осы маңызды іс-шараға 100 мыңнан астам көрермен қатысты. Бұған қоса, биыл Алматы қаласы Түркі әлемі жастарының астанасы атанды. Біз өскелең ұрпақты бауырлас­тық рухында тәрбиелеп, жастарымыздың мәдени ықпалдастығын нығайтуды қолға алуымыз қажет. Осыған орай келесі жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізуді ұсынамыз. Мұндай қадам жастарымызды жақындастыруға, олардың білімін және білігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақта «Өнерлі өрге жүзеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, өнер, білім, ғылым құндылықтары өркениетіміздің өрісін кеңейтуге ықпал етеді. Қазақстанда елдеріміздің зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, арнайы іс-шара өткізген орынды болар еді. Бұл іс-шараны Ұйымымыздың Ақсақалдар кеңесінің аясында өткізуге болады. Оның үстіне, Түркі әлемін зерттеушілер клубын құруды ұсынамыз. Оны Түркі Академиясының негізінде қалыптас­тыруға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөз соңында түркі халықтарының тұтастығы мен ынтымағын нығайта түсуге шақырды.

– Әзербайжанның әйгілі ақыны әрі осы тарихи жердің тумасы Бахтияр Вахабзаденің «Түріктің түрікке дұшпандық жасауға хақысы жоқ!» деген өсиеті бар. Біз аға буынның ұлағатты сөздерін жадымызда сақтап, түркілердің түбі бір туыс, бірлігі бекем бауыр екенін бүкіл әлемге паш етіп келеміз, – деді ол.

Ұтымды пікірлер жаңа идеяларға ұласты

Жалпы, Габала саммитінде ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдер басшылары өзекті ұсыныстар айтты. Экономикалық, гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуден бастап, жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұрудың түрлі амалдарын жетілдіру турасында пікірлер ортаға салынды. Айталық, Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев 2026 жылы ТМҰ-ға мүше елдердің Қарулы күштерінің біріккен жаттығуын өткізуді ұсынды. Сонымен қатар 1926 жылы Бакуде өткен түркологтардың алғашқы құрылтайының 100 жылдық мерейтойын ұйым деңгейінде бірлесе тойлау қажет деп санайтынын айтты. 

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз елінің ТМҰ-ға төрағалық еткен жылында атқарылған жұмыстарды атап өтті. Оның айтуына қарағанда, ұйымға ресми Бішкек жетекшілік еткен жылда 124 іс-шара ұйымдастырылыпты. 

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған өз сөзінде қазір жаһанда бірқатар ұйымдардың жұмысы шатқаяқтанғанын, ал ТМҰ керісінше нығая түскенін атап өтті. Сонымен бірге «ТМҰ+» форматының маңызды екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ 30 қазанда Самарқандта өтетін ЮНЕСКО-ның 43-ші конферен­циясында 16 желтоқсанды – Дүние­жүзі­лік түркі тілдері күні ретінде жария­лау жө­нінде ұсыныс беру бастамасын көтер­ді. 

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өзара ынтымақтастықты ны­ғайту, ТМҰ жұмысын жетілдіру жөнінде пікірлерін білдіріп, ұйымға мүше ел­дердің Сыртқы істер министрлері мен барлау ұйымдары басшыларының жо­ғары деңгейдегі кездесулерін жыл сайын өткізіп тұру туралы ұсыныс айтты. Алғашқы басқосуды Самарқандта өткізуге ниетті екенін атап өтті. Өзбекстан басшысы ТМҰ елдерінің әсіреұлтшылдық пен радикализмнің таралуына тосқауыл қоюға бағытталған іс-шаралар жоспарын жасауы қажет екенін тілге тиек етті. 

Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов ТМҰ халықаралық сахнада бейбітшілікті сақтауға үлес қосатынын, Түркіменстан да осы ұйым аясындағы байланыстарды қолдайтынын атап өтті. Ол ұйым мүшелері мен байқаушы елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар нығая беруі қажет деп санайды екен. Тіпті, ат баптауға қатысты жеке іс-шара ұйымдастыру ниетін де білдірді.

Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан Копенгагендегі ЕО саммитінен ТМҰ басқосуына келудің өзі ерекше екенін атап өтті. Еуропада соғыс мәселесі талқыланса, түркі мемлекеттері саммитінде бейбітшілік рухы есетінін айтты. Әрі қазір Еуропа елдері түркі мемлекеттерімен ынтымақтастықты күшейт­кені жөн екенін атап өтті. Мажарстан премьері, тіпті түркі мемлекеттерін Еуропа үшін «алтын резерві» рөлін атқаратынын айтты. Яғни, түрлі ресурстардың қайнары екеніне тоқталды. Ол «Біз, ЕО тарифтерге байланысты АҚШ-пен «қол күресіне» кірдік. Африка елдерімен де, Қытаймен де қарым-қатынаста біраз шиеленіс бар. Сондықтан ЕО ең сенімді стратегиялық серіктес ретінде ТМҰ-ны таңдауы керек. Мажарстан мұны біледі. Әрі байланыстарымызды күшейте береміз», – деді. Сонымен қатар қазақ мұнайының алғаш рет Мажарстанға жет­­кізілуіне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. 

Жиында Түркі мемлекеттері ұйымы­ның бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев және байқаушы тараптардың басшылары да сөз сөйледі.

Ардақ СҰЛТАН