Депутат Мақсат Толықбаев кепілдік беру тетігінің күрделі екенін атап өтіп, банктерді «Даму» қорын капиталдандыруға міндеттеу шешімін тиімсіз деп бағалады.
«Қолдау емес, қорлау»: депутат шағын және орта бизнесті қолдау шараларын сынға алды
3,148
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбаев шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шараларының тиімсіз жүзеге асырылып жатқанын айтты. Мәжіліс отырсында депутат осы мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың айтуынша, субсидия уақытылы берілмей, кәсіпкерлер тығырыққа тіреліп отыр.

«Соңғы кездері шағын және орта бизнестің несиесіне бюджеттен субсидияның кешіктіріп берілетіні “тәртіпсіз” тәртіпке айналды. Елімізде жүз мыңдаған кәсіпкер онсыз да қымбат несиесінің пайыздық сыйақысына мемлекет уәде еткен өтемақыны айлап ала алмай, сарылып күтіп отыр», – деді депутат.

Оның айтуынша, қазір Алматы қаласынан басқа өңірлердің бәрінде бағдарлама тоқтап қалған.

«Қалған өңірлерде субсидияға бөлінген қаржы жазда таусылып қалған, жаңа өтініштер әзірге жауапсыз қалып отыр. Бірақ оңтүстіктегі мегаполистің кәсіпкерлеріне де тықыр таянған», – деді Толықбаев.

Депутат несие пайыздарының жоғары екенін және «Даму» қорының жұмысын сынға алды.

«Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергендіктен, екінші деңгейлі банктер беретін несие мен лизинг шарттары кәсіпкерлеріміз үшін өте ауыр. Бизнеске беретін несиенің пайыздық сыйақысының жылдық мөлшерлемесі 25 пайызға жетеді. Батпандай борышты орта және шағын бизнес қалай төлейді? «Даму» қоры жыл басынан бері банктер шағын және орта бизнестің жалпы құны 300 млрд теңге болатын 2 200 жобасын мақұлдағаны туралы дерек ұсынады. Шын мәнінде, 120 млрд теңге ғана жұмсалған, яғни өтініш бергендердің 40 пайызы ғана несиеге қол жеткізген. Қалған кәсіпкерлер қолдаусыз, құралақан қалды», – деді депутат.

Депутат Мақсат Толықбаев кепілдік беру тетігінің күрделі екенін атап өтіп, банктерді «Даму» қорын капиталдандыруға міндеттеу шешімін тиімсіз деп бағалады.

«Кепілдікке қоятын мүлкі жоқ бизнес өкілдерінің борышын кепілмен қамтамасыз ету жағын оңтайландыру, кәсіпкерге ыңғайлы болуы керек еді. Оған жауап ретінде Ұлттық экономика министрлігінің қор капиталына қатысты ұсынған ережесі керісінше «бұл қалай?» деген сан сауал тудырып отыр. Естіген құлақта жазық жоқ, «Даму» қорына құюға тиіс жарна сомасын банктер “квазисалық” деп атап жатыр. Банктер қаржысын қордың капиталына салып қойғанша, қаржыдан қысылған бизнеске несие бергені дұрыс емес пе?» – деді Толықбаев.

Осы мәселелерге байланысты депутат екі негізгі ұсыныс айтты:

  • шағын және орта бизнестің алған несиелеріне субсидия төлеуді қайта жалғастырып, толық әрі уақытылы берілуін қамтамасыз ету;
  • кепілдендіру қорын капиталдандыру тетігін қайта қарап, оны қаржыландыруға мемлекеттік даму институттары мен квазимемлекеттік құрылымдарды, сондай-ақ ірі кәсіпорындарды тарту.

«Қазір елімізде жүз мыңдаған шағын және орта кәсіпкер мемлекеттің қолдауына сеніп отыр. Қолдаудан көрі онсыз да зорыққан отандық бизнесті зорлауға ұқсайтын түсініксіз тетіктер мен ерсі ережелер сол сенімге селкеу түсіреді», – деп түйіндеді Мақсат Толықбаев.