Мемлекет басшысы Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» отырысында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» отырысында жалғасты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың кеңейтілген стратегиялық серіктестігі қарқынды түрде дамып келе жатқанына назар аударды.
– Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі санаймыз және сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенімізді растаймыз. Америка Құрама Штаттарының да осы стратегиялық ұстанымды қолдайтыны қуантады. Оған Президент Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсан айында болған әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әңгіме жүргіздік. Ол үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Президент Трамптың прагматикалық дипломатияны алға тартуын, Еуропа мен Таяу Шығыстан бастап Азия мен Африкаға дейінгі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету ісіндегі рөлін жоғары бағалайды. Оның конструктивті позициясы мен нақты нәтижеге қол жеткізуге айрықша мән беруі жаһандағы жіктелу ушыққан кезеңде шиеленістің бәсеңдеп, диалогтың артуына ықпал етуде. Мақсат-міндеті айқын мұндай батыл әрі табанды әрекет халықаралық деңгейде мойындауға лайық. Біздің ойымызша, бұл ұстанымдар ертең өтетін БҰҰ-ның Жалпы дебатында Ұйымға мүше мемлекеттердің назарына ұсынылуы керек. Құрама Штаттар Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвестор саналады. Екі ел экономикалық ықпалдастықта зор жетістікке жетті. Біз мұны мақтан тұтамыз. Қазір елімізде 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank секілді танымал брендтер бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның өңірдегі экономикасы ең қуатты ел ретінде Орталық Азияға Америка бизнесінің инвестициясын тарту және олардың кәсіп аясын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын екенін жеткізді.

Бұл бағыттағы күш-жігерге С5+ және B5+ форматындағы тұрақты ынтымақтастық тың серпін бере алады.
Президент дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы мәлімет берді.
– Қазақстан білім мен инновацияға арқа сүйеген экономика құруды мақсат етеді. Бұл ретте цифрлық трансформацияға баса мән беріледі. Еліміздің экономикасы өңірдің өркендеуінде негізгі рөл атқарады. Қазақстанның мұндай биікті бағындыруына Америка бизнесі айтарлықтай үлес қосты. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық өсімі 6,5 пайызды құрады. Біз дамудың жоғары қарқынын сақтай отырып, ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізуге ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барлығы Қазақстанның тікелей шетел инвестициясына тартымдылығын арттыруды көздейтінін айтты. Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұрыннан екіжақты ынтымақтастықтың негізі саналатын энергетика секторын алғашқы басымдық ретінде атады.
– Chevron және ExxonMobil компанияларының соңғы 30 жылда елімізге қомақты әрі табысты инвестиция салғанын мойындаймыз және жоғары бағалаймыз. Аймақтағы геосаяси дүрбелеңдерге қарамастан, олардың еліміздегі қызметіне қатысты ешқашан күмән туған емес. Еліміздің экономикасын жаңғыртуда, озық технологиялар енгізуде, экономикалық әлеуетіміздің орнықтылығы мен қуатын арттыруда сіздердің Қазақстандағы қызметтеріңіздің жағымды әсері болды. Біз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарындағы америкалық серіктестерімізбен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз. Өзара серіктестігіміз алдағы уақытта да әділ әрі екі тарапқа тиімді нәтиже әкелгенін қалаймыз. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аталған стратегиялық маңызды міндетті жүзеге асыру ісінде Американың энергетика компаниялары басты рөл атқаратынына назар аударды. Сонымен қатар Президент геологиялық барлау әрі іске асырылып жатқан жобалардың аясын кеңейту, әсіресе, уран өндіру және оны өңдеу саласында жаңа мүмкіндіктерді зерделеу қажет екенін атап өтті.
Қазақстан әлемдік уран нарығындағы сұраныстың шамамен 40 пайызын өтейді. Ал АҚШ осы материалдың орта есеппен 24 пайызға жуығын біздің елден импорттайды.
– АҚШ-тың энергетика саласындағы басымдықтарына сәйкес, біз көмірге негізделген таза, тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз энергетикалық шешімдерді ұсынамыз. Қазақстанда қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады. Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі ретінде қарастырамыз, тым болмағанда таяу келешекте одан бас тартпаймыз. Еліміздің энергетикалық стратегиясы төрт компонентке: мұнай, газ, көмір және уранға негізделген. Біз осы қағидатты берік ұстанамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент маңызды шикізат материалдарын игеруді басым бағыт ретінде қарастыратынын жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстанда мыс, вольфрам, қорғасын, мырыш, литий, графит және жоғары технологияға аса қажетті басқа да пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін еске салды.
– Біз тау-кен саласында еңбек ететін инвесторлар үшін ашық әрі мазмұнды заңнамаға негізделген қолайлы юрисдикция қалыптастырдық. Отандық тау-кен секторына қазірдің өзінде Ivanhoe, Rio Tinto, Anglo Teck және Fortescue сияқты ірі компаниялар келді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика секторындағы кең мүмкіндіктерге тоқталды. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытудың келешегі зор екеніне назар аударды.
– Біз Wabtec компаниясының еліміздегі машина жасау және теміржол көлігі салаларын ілгерілетудегі негізгі рөлін жоғары бағалаймыз. Қазақстан аталған компаниямен серіктесе отырып, физикалық желілерді ғана емес, үлкен дерекқорға негізделген интеллектуалды, интеграцияланған көлік дәліздерін де құрып жатыр. Бүгін Wabtec компаниясымен 4 миллиард долларға жуық қаржының жаңа келісіміне қол қойылды. Бұл еліміздің АҚШ-пен көлік саласындағы ынтымақтастығын айтарлықтай нығайтады. Air Astana және SCAT сияқты алдыңғы қатарлы әуе компаниялары Boeing ұшақтарын пайдаланады. Азаматтық авиация паркіміздің негізі осы ұшақтардан құралған. Біз Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейтуге және таяу жылдары жаңа ұшақтар алуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.