Қыркүйектің 22-сі – Қазақстанда Тілдер мерекесі.
Күй – тіл. Сол тілді бәрі түсіне ме?
istockphoto.com
4,374
оқылды

Қыркүйектің 22-сі – Қазақстанда Тілдер күні. Әдетте бұл күні мемлекеттік тілдің мәртебесі, көптілділік мәселесі және түрлі этнос өкілдерінің тілдік құқығы жиі айтылады. Бірақ кейде тілдің ауқымы тек сөзбен сөйлеу шеңберінде қалып қояды. Ал қазақ ұғымында «тіл» тек сөйлеу құралы емес. Тіл – сезіну, түсіну, тыңдау амалы. Осы тұрғыдан қарағанда, күй – де тіл. Бірақ бұл тіл сөзбен емес, үнмен сөйлейді.

Қазақ даласында күй тыңдау – тек өнер ләззаты емес, ақпарат қабылдау, ойлану, жанға әсер ету әрекеті болған. Себебі күйдің де өзіндік “грамматикасы, үтірі мен нүктесі” бар. Күй бірде қайғыны жеткізеді, бірде батырлықты, бірде халықтың ішкі шерін жеткізеді. Бірақ уақыт өте келе, осы үн тілі мен тыңдарманның арасы алыстай бастағаны байқалады.

Қазіргі заманда күйді музыка ретінде ғана қабылдап жүрміз. Бірақ сонымен бірге оның тілдік қасиетін де естен шығаруға болмайды. Себебі бұл үнде қазақтың дүниетанымы жатыр. Біздің мақаламыздың мақсаты – күйдің «тіл» ретіндегі табиғатын сипаттау және оның бүгінгі тыңдарманмен байланысын байыптау. Яғни, «күй – музыка» деген қарапайым түсініктен шығып, күй – тіл деген кең ұғымға бет бұру.

Күй – домбырамен орындалатын аспаптық музыка. Бірақ бұл – тек анықтама қана. Шын мәнінде, күй – үнмен, дыбыспен берілетін ой. Күйде сөз жоқ, бірақ мағына бар. Жоқ дегенде сөздің тікелей дыбысы жоқ. Алайда оның орнында басқа тіл бар – дыбыс тілі, яғни күйдің тілі.

Қазақ дәстүрінде күй тыңдау – түсіну мен түйсіну процесі болған. Тыңдарман күйді жай ғана әуен ретінде қабылдамаған. Ол күйден хабар алған. Мысалы, «Ақсақ құлан» күйін естігенде, тыңдарман оқиғаны түсінген. Құрманғазы күй тартқанда «Салық өлген» деп домбыра естірткен. Көлдегі аққуды да қондырған осы күйдің тілі.

Күйдің тілі – эмоция мен образ тілі. Бұны түсіну оңай да сол мезетте қиын да. Күйші бір оқиғаны айтқысы келсе, оны күйге қосады. Тыңдарман оны тыңдай отырып, жүрекпен түсінеді, көкейіне қондырады. Сондықтан күй – ұлттың ішкі ойын, жан тебіренісін, тарихи жадын жеткізудің бір амалы.

Бүгінгі күні бұл «тілді» түсіну қиындап кетті. Себебі күй тыңдаудың мәдениеті өзгерді. Қазір көп адам күйді жай ғана музыкалық фон, тыныш әуен ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде, күйді тыңдау – оқу, талдау, ұғыну процесі болуы керек. Десе де мәселе тыңдарманда емес, күйдің тіл екенін естен шығарып алған қоғамда. Біз күйді тек музыка ретінде ғана тараттық. Ол мектепте де, сахнада да, телевизиялық жобаларда да көбіне түсіндірілмейді, жай ғана орындалады. Ал кез келген тіл – түсіндірусіз тіршілік ете алмайды.

Бұрын күй мен тыңдарман арасында рухани байланыс болған. Бұл байланыс сөзсіз, түсініксіз, бірақ анық еді. Күй тартылды – тыңдарман үнсіз тыңдады. Күй аяқталды – ешкім шапалақ соқпады, бірақ бәрі әсерленді. Себебі ол кезде тыңдарман күйді түсінуге дайын болды.

Қазір күй сахнаға көшті. Тыңдарман орындықта отырып тыңдайды, бірақ көбіне тек естиді, яғни тыңдамайды. Өйткені күйдің не туралы екенін білмейді. Кейде күйші өзі де не тартқанын түсіндірмейді. Соның салдарынан күй – әсер бермейтін, фондық әуенге айналып барады.

Бұл жерде ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ. Жағдайды дұрыс түсіну керек. Тыңдарман да кінәлі емес – оған күй тілі үйретілмеген. Күйші де кінәлі емес – оған түсіндіру міндеті жүктелмеген. Жауапкершілік – білім мен мәдениет жүйесінде, яғни күйдің не екенін жеткізуге тиіс ортада.

Ойлап отырсақ, күйді халықтық тіл ретінде қайта тірілту үшін екі нәрсе керек: күйдің не жайында екенін айту және тыңдаушыға оның не үшін маңызды екенін көрсету. Бұл – тәрбие де емес, насихат та емес. Бұл – жоғалып бара жатқан тілді сақтап қалу әрекеті.

Қарапайымдап түсіндіріп көрейінші. Күй – естелік. Ол белгілі бір оқиғаға қатысты туған музыкалық шығарма. Ол оқиғаны күйдің атауы айтып тұрады. Тыңдаушыға мәтінсіз-ақ оқиғаның сарыны беріледі. Күй – дерек көзі. Кейбір күйлер тарихи дерекке айналды. «Кісен ашқан» күйі Құрманғазының түрмеден шыққан кездегі жағдайын сипаттайды. Ал «Аман бол, шешем, аман бол» күйі – автордың қуғындалып бара жатып, анасына айтқан қоштасуы. Күй – көңіл күй. Күй адамның ішкі жағдайын береді. Көңілді, мұңды, үрейлі, үмітті – бәрін тек дыбыспен жеткізеді. Мысалы, Секен Тұрысбектің «Ақ жауыны» – терең ойға шомдыратын күй. Яғни, тыңдаушы күйді сөзбен емес, сезіммен түсінеді.

Қазір көпшілік «сапалы қазақ болу» деген ұғымға ден қойып келеді. Бұл, әрине, тек материалдық жетістікпен өлшенбейді. Рухани таным, мәдени қабаттар да соның құрамдас бөлігі. Солардың бірі – күй. Бізге бүгін «байырғы қазақ» болудың қажеті жоқ шығар, бірақ солар түсінген күй тілін түсіну – өз болмысымызға бір қадам жақындау. Күй өткеннің естелігі емес, ол бүгін де сөйлеп тұрған тіл. Тек оны әуен ретінде ғана емес, ұлттың ішкі сөзі ретінде ести алсақ рухани мәдениетті жаңғырта алғанымыз.