Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Наталья Дементьева Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдап, «Заң мен Тәртіп» сервисіндегі олқылықтар туралы айтты.
«Заң мен Тәртіп» сервисіне ең көп арыз-шағым жазған өңір анықталды
Фото: parlam.kz
863
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамды нығайту және еліміздің тұрақтылығын сақтау үшін «Заң мен Тәртіп» қағидатының басты мәнін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғамда ең алдымен, ешқандай құқықбұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным болуға тиіс. Қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс», – деп айтты.

Электронды үкіметті цифрландыру және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы жылдың маусым айында eGov қосымшасында әрбір азаматқа құқықбұзушылық туралы тікелей полицияға хабарлауға мүмкіндік беретін «Заң мен Тәртіп» атты жаңа сервис іске қосылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, сервис іске қосылғаннан бері полицияға азаматтардан 17 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Шағымдардың ең көп саны Алматы қаласында (6 000-нан астам), Астана қаласында (4 000-нан астам) және Алматы облысында (2 000-ға жуық) өтініш тіркелген. 

«Заң мен Тәртіп» сервисі әлемдік тәжірибеге сәйкес келетіні сөзсіз. Көптеген елде ауладағы бұзақылықтан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа немесе қауіпті жол жағдайларына дейін бұзушылықтар туралы хабарлау үшін жедел желілер мен цифрлық сервистер жұмыс істеуде.

Мысалы, Францияда – мұндай қосымша тәулік бойы полицияға жүгінуге немесе онлайн шағым беруге мүмкіндік береді. Аустралияда 2023 жылы киберқылмыстар туралы 600 000-ға жуық хабарлама тіркелді. Испанияда қосымшаны 2,3 миллионнан астам пайдаланушы жүктеп алды, оны туристер белсенді пайдалануда. АҚШ пен Канадада қосымшалар полициямен чат арқылы анонимдік хат алмасуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар азаматтардың «Заң мен Тәртіп» сервисі жұмысының тиімділігі мен құқықтық дұрыстығына қатысты бірқатар сұрақ туындап отыр. Мәселен, қосымшада жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілік туралы ескерту бар ма? Оның дұрыстығы қалай тексеріледі? Сондықтан:

1. Жалған мәліметтер үшін жауапкершілік туралы ескертуді қоса алғанда, келіп түскен хабарларды тексерудің нақты регламентін әзірлеу және енгізу.

2. Халықаралық стандарттарға сәйкес өтініш берушілердің анонимділігін және дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз ету.

3. Азаматтармен кері байланысты ұйымдастыру.

4. Сервистi «сөз тасушылық» емес, азаматтық жауапкершiлiк құралы ретiнде қабылдауды қалыптастыру үшiн өңiрлерде кеңінен ақпараттық-түсiндiру науқанын жүргiзу бойынша шараларды іске асыру қажет.