Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау шеңберінде еңбек нарығын дамытуға және халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Еңбек нарығын дамыту маңызды
коллаж: Елдар ҚАБА
2,824
оқылды

Биыл елімізде «Жұмысшы ма­ман­дық­тар жылы» деп жарияланғаны бел­гілі. Осыған сәйкес, Шымкентте ар­найы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйе­лі түрде жүзеге асып келеді. Қалада тұрақ­ты және уақытша жұмыс орындарын ұсынатын жәрмеңкелер ұйым­дас­ты­ры­лып, жүздеген азамат еңбекке тартылған. «Мә­селен, биыл 11 ақпанда «Еңбек ада­мы – елдің байлығы» атты қалалық жәр­мең­ке, ал 25 маусымда «Арбат» алаңында өңі­раралық жәрмеңке өтті. Нәтижесінде, 223 азамат тұрақты жұмысқа, 63 адам суб­си­дияланатын жұмыс орындарына ор­на­лас­ты. Сондай-ақ пробация қыз­ме­тін­де тіркеуде тұрған және бас бостан­ды­ғы­нан босаған 29 адамға квота бойынша жұмыс берілді», – деп атап өтті Сәрсен Абайұлы.

Ең­бек мобильдігі орталығы халыққа «Ең­­бек.кз» порталының мүмкіндіктерін тү­сіндіріп, жастарды электронды еңбек биржасында жұмыс іздеу дағдыларына үйретуде. Соның нәтижесінде, 11 829 мек­­теп оқушысы мен 4 744 студент ар­найы сертификатқа ие болған. Сәрсен Абайұлының айтуынша, жыл көлемінде 150-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған 13 мың­­нан астам колледж студенттері, 5 мың­­ға жуық мектеп оқушылары және 117 кә­­сіпорын тартылған.

Қалада халықты әлеуметтік тұрғыдан қол­­­­дау шаралары да қарқынды жүр­гі­зілу­де. Биыл аз қамтылған отбасыларға қол­дау көрсетуге 7,5 млрд теңге қарас­тырыл­ған. Жеті ай ішінде 4 684 отбасыға 1,6 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төленді. Ал 1 жастан 6 жасқа дейін­гі 4 242 балаға ай сайынғы қосымша төлем ретінде 228,9 млн теңге бөлінген. Айта кетерлігі, өткен жылмен салыстыр­ғанда биыл алғашқы жеті айда АӘК алу­шылар саны 40 пайызға азайған. Бұл ха­­лық табысының артуы мен жұмыспен қам­ту шараларының тиімділігін көр­се­теді.

Жүйені жеңілдету мақсатында FSM Social мобильді қосым­ша­сы енгізіліп, учаскелік комиссиялардың жұмысы цифрландырылды. Ал Шымкент пен Қарағандыда отбасылардың әл-ауқат деңгейін бағалаудың жаңа балдық үлгісі пилоттық режимде сынақтан өтуде. Қала тұр­ғындарының 82,5 пайызы (1 051 776 адам) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тартылған. Дегенмен 222 мыңнан астам азамат әлі сақтандырылмаған. Оларды қамту үшін тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Шымкент дәрілік зат­тарды таңбалау жүйесін тиімді енгізген ай­мақтардың бірі саналады. Қалада ста­цио­нарлық және амбулаториялық ұйым­дар арқылы 3 млн-нан астам дәрі айна­лым­нан шығарылған. Барлық 61 меди­ци­налық мекеме «Әлеуметтік әмиян» жо­басына қосылып, тұрғындар дәріні QR-код арқылы алу мүмкіндігіне ие бо­лып отыр. 

Денсаулық сақтау саласында мем­лекеттік-жекешелік әріптестік аясында бір­неше нысан іске қосылған. Атап айтқанда, «Қайтпас-1» шағынауданында «Ата­мекен» медициналық орталығы, Mediker жеке емханасы, қалалық онко­логиялық орталық жанынан ПЭТ/КТ орталығы және гемокоррекция орталығы жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары жаңа емханалар мен нефрологиялық орталық ашу жоспарланған.

Сәрсен Абайұлы жиын барасында білім жүйесіндегі жаңалықтарға да тоқталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы аясында қалада 12 жаңа мектеп пай­далануға беріліп, 10 білім беру ме­кемесінде күрделі жөндеу жүргізіліп жа­тыр. Әлеуметтік қолдау ретінде 132 мың­нан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қам­тылып отыр. Бұл мақсатқа 13,5 млрд тең­ге бөлініп, әр балаға күніне орта есеп­пен 677 теңге қарастырылған. «Мектепке дейін­гі білім беру саласы толық цифр­лан­дырылды. INDIGO24.KZ платфор­ма­сы арқылы балаларды балабақшаға қа­былдау мен кезек ашық әрі әділ жүр­гізілу­де. Қазір қаладағы 638 балабақшада 70 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жа­тыр», – деді ол.

Сонымен қатар әлеуметтік осал топ­тарға жалдау ақысын субсидиялау бағ­дар­ламасы арқылы қолдау көрсетіліп ке­леді. 2022 жылдан бері 7 500-ден астам аза­матқа көмек берілсе, бүгінде 2 700-ден ас­там отбасы субсидиямен қамтылған. Биыл бұл мақсатқа 552 млн теңге бөлініп, оның 416 млн теңгесі төленген. 

Шымкент қаласы әкімінің орын­басары Сәрсен Құранбек бас­пасөз мәслихатында осы және өзге де әлеу­меттік саладағы маңызды мәселелер­ді таныстырып, журналистер қойған сауал­дарға нақты жауап берді. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы