Дін – ең нәзік әрі жауапты тақырып. Адамның жүрегіне, сеніміне, өмірлік ұстанымына әсер ететін ілім.
Діни әдебиет сүзгіден өте ме?
5,994
оқылды

Бүгінде ақпарат ағыны күшейіп, әркімнің қолында смартфон бар заманда діни білімді халық қайдан алып жүр? Шекара қызметі тамыз айында елге заңсыз кіргізілмек болған 678 діни кітапты тәркілепті. Жалпы, діни контент пен басылымдарға қаншалықты сақ қараймыз?

Кез келген әлеуметтік же­­­­­­ліні ашсаңыз, өзін дін маманы санайтын адам­да­р­дың түрлі уағызын кездестіресіз. Біреуі – мазмұнды, екіншісі – кү­мәнді. Ал кейде діннің атын жа­мылып, адастыруға тыры­са­тын топтар да бар. Міне, сон­дық­тан «ақпарат бар, бірақ сүзгі қай­да?» деген сауал көкейге ора­лады. Қазақстанда заң бойын­ша діни әдебиетке сүзгі бар. Әкелінген немесе басып шы­ғарылатын әрбір діни кітап Дін істері комитетінің сарап­та­ма­сынан өтеді. Яғни, қоғамға ұсы­нылар алдында мәтін тек­се­рі­леді. «Ішінде радикалдық идея, алауыздыққа шақыру бар ма, жоқ па?» барлығы назардан тыс қалмайды. Дегенмен діни кі­таптарды заңсыз шекарадан алып өтетіндер саны азаяр емес. Айталық, Шекара қызметі өт­кен тамыз айында құзыретті ор­­ган­дармен өзара бірлескен іс-қимыл жа­сай отырып, ше­кара шекарада 4 610 заң бұзу­шы­ны, соның ішінде: ше­кара­ны бұз­ғаны үшін 39 ше­тел аза­­­­ма­тын, шекараны бұзу әрекеті үшін 25 шетел азаматын ұс­тады. Таратылған мәлі­мет­тер­ге қара­ған­да, тамыз айында мем­лекет­тік шекара арқылы тауар­лар мен жүкті заңсыз өт­кізудің 1 352 фактісінің алды алын­ды. Соның ішінде жалпы сал­мағы 5 келіден астам есірткі зат­тары, қарулар мен оқ-дәрі­ле­рдің 47 фактісі, ді­ни әде­биет­тің 18 фактісі (678 да­на) анық­та­лыпты. 

«Осы фактілер бойынша ма­териалдар заң бұзушыларды жауапқа тарту үшін құқық қор­ғау және сот органдарына жол­дан­ды. Мемлекеттік шекарада қан­дай да бір шектеу шаралары енгізілген жоқ, барлық өткізу пункт­тері штаттық режимде жұ­­мыс істеп жатыр. 2025 жыл­дың 25 тамызынан бастап Қа­зақстан–Қырғызстан мем­ле­кет­тік ше­ка­ра­сының учас­ке­сін­дегі «Кеген» (Алматы облысының Райымбек ауданы) автомо­биль­дік өткізу пункті тәулік бойы жұ­мыс ре­жи­міне ауысты», – де­лінген Ше­­кара қызметінің ха­бар­лама­сын­да.

Ал былтыр Қа­зақ­стан шекарасынан заңсыз та­сымалданған діни әдебиеттің жал­пы саны – 24 087 дана. Осы тұста «Біз діни кітапқа неге маңыз беруіміз керек?» деген заң­ды сұрақ туындайды. Өйт­кені ол – жай ғана қағазға ба­сыл­­ған мәтін емес, адамның се­­німін қалыптастыратын, өмір­лік бағытын айқындайтын құ­рал. Діни әдебиет – рухани азық. Ал азықтың дұрыс, бұры­сы бар. Иә, ол есірткі емес. Есірт­кі денені улайды. Ол қару-жарақ та емес. Қару көзге кө­рініп, тәнді жаралайды. Ал дұ­рыс жолдан тайған діни әдебиет – ең қауіпті у. Өйткені ол адамның «санасын улайды». Санасы уланған адам өзі­нің ғана емес, өзгелердің де өмі­ріне қауіп төндіреді.

Халық діни ақпаратқа сүзгімен қарауы қажет

Жалпы, тәуелсіздік жыл­дары Қазақстанда дін­ге деген қатынас елеулі өзгеріс­ке ұшырады. Қазақстан аза­мат­та­ры­ның, шетелдіктер мен аза­мат­тығы жоқ адамдардың ел ау­мағына еркін кіріп-шығуы, ме­кенжайларын еркін алмас­тыра алуы және ақпараттық тех­нологиялардың, байланыс құ­ралдары мен интернеттің кеңі­нен таралуы республикада түр­лі діни ағым идеяларының та­ра­луына себеп болғаны жа­сы­рын емес. Міне, осы кезде діни ба­сымылымдар да бақылаудан шы­ғып кетті. 

– Діни әдебиеттерге қа­тыс­ты арнайы заң негіздемелері мен қағидалары бар. Мысалы, 2011 жылы қабылданған «Діни қыз­мет және діни бірлестіктер ту­ралы» заңда діни әдебиеттер мен материалдарды тарату тәр­тібі нақты реттелген. Яғни, ді­ни мазмұндағы әдебиеттерді, бас­қа да материалдарды, зат­тар­ды тек қана ғибадат үйле­рін­де, діни білім беру ұйымдарында және жергілікті атқарушы ор­ган­дардың белгілеген тұрақты орын­дарында ғана таратуға рұқ­сат етілген. Осыған орай, кез келген жерде діни кітап­тар­ды ақылы сатуға, тегін үлес­тіру­ге, өз қаражатымен басып шы­ғару­ға тыйым салынған. Әс­і­­­­ресе, Дін істер комитеті мен Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­­­­­масының сүзгісінен өтіп, жат ағым бағытындағы ради­ка­лы, экстремистік деп танылған кі­таптар тізімі бар, олардың елі­­­­мізде таралуына мүлдем жол беруге болмайды, – дейді  Нұрлан Байжігітұлы. 

Оның айтуынша, әлде­қан­дай жолмен сырттан кірген кі­тап­тар, айталық, кезінде қажы­лық­қа барған адамдар өздерімен бірге көтеріп келген еңбектер тәріз­ді. «бей­күнә» жол­­мен елге ен­ген кітаптар мін­детті түр­де Дін істер ко­митеті мен ҚМДБ-ның са­рап­тама­сы­нан өту­ге тиіс. Өтпе­ген жағ­дай­да, бұл­ заңсыз әрекет болып са­на­лады. Әлбет­те, қазір ізден­ген адамға интер­нет – ашық алаң, ақы­лы сауда-сат­тық­тар да шек­теусіз жүріп жа­тыр десек бо­ла­ды. Кітап бы­лай тұр­сын, қа­зір цифрлық даму­дың ке­зеңін­де, онлайн плат­формалар ар­қылы шет­ел­дің діни ақ­параттары әр­бір құлақ­қа жетіп жатыр, яғни қол­жетімді болып қалды. Алай­да мұның заң­бұзу­шылық екенін халықтың дені біле бермейтін тәрізді. 

– Сонымен қатар кез келген діни кітапты көшеде, қоғамдық орында сіздің қолыңызға ұстата салу­дың, әсіресе мектеп оқу­шы­ларының қолына бере салу қыл­мыс екенін жұртшылық білуі керек. Менің ойымша, Қа­­зақстан мұсылмандары діни бас­қармасы осы заңды халыққа ба­рынша жеткізуге тиіс және ді­ни сауаты жоқ жастардың жат ағым­ның құрығына ілікпес үшін күмәнді әрі зиянды діни әде­биеттер тізімін үнемі жария­лап, түсіндірме жұмыстарын күшейтуі керек деген ойдамын. Бізде де сауатты, білімді, білікті діни ұстаздар бар. Бүгінде  елі­міздегі «Нұр-Мүбарак» уни­вер­ситеті қанатын кеңге жайып, Орта Азияға ортақ қызмет етуге бел бууда. Қазір халық көп нәр­сені біліп, түсініп, біраз нәрсені ажырата алады. Дегенмен діни ақпаратты сүзгіден өткізу үшін ҚМДБ-ға қарасты дін маман­да­рына қайырылуды, қажет­те­рін ресми Muftyat.kz, әр облыстың мешіт сайтынан іздестіруді, сарап­тамадан өтіп, ресми бекітілген Muftyat баспа үйінен шыққан немесе Pdf, Е-book нұс­қадағы электронды кітап­тар­ды, сондай-ақ кітаптың бі­рін­ші бетінде «Қазақстан мұ­сыл­ман­дары діни бас­­­­­қар­масының сарап­тамасы­нан өткен» деген жаз­басы бар, еліміздегі дербес ба­­сылымдар арқылы жарық көр­ген кітаптарды оқуға кеңес бе­ремін. Жалпы, діни кітап­тар­дың сапасы мен нақтылығы ҚМДБ тарапынан үнемі бақы­лау­­да, қадағаланып келеді. Кі­тап теріс кетсе, сенім кетіп, ал се­нім кетсе, елім кетеді деген мен­­де уайым бар, – дейді Н.Байжігітұлы. 

Шетелден келген кітап діни сараптамадан өтеді

Қазақстан зайырлы мем­ле­кет болғандықтан, діни сенім бос­тандығы заңмен қорғалады. Алайда діни экстремизмнің ал­дын алу және қоғамдағы тұ­рақ­тылықты сақтау мақсатында діни әдебиеттердің таралуын рет­теуге бағытталған бір­қатар ере­же бекітілген. Бұл талаптар «Діни қызмет жә­не діни бірлес­тіктер туралы» заңын­да және оған қатысты нор­мативтік-құ­қық­тық акті­лер­де көрсетілген. Оған сәйкес, ді­ни мазмұндағы кі­таптар мен өнім­дер тек ар­найы бекітілген дү­кендерде са­­тылады. Кез кел­ген жерде, базар­лар­да, көшеде немесе рұқ­сат етілмеген сауда орын­дарын­да діни әдебиетті таратуға тыйым салынған. Бұл талап ді­ни материалдардың ба­қы­лау­сыз таралуын болдырмауға бағыт­тал­ған. Ал Қазақстанға әкелі­не­тін кез келген діни әдебиет ал­ды­мен Дін істері жөніндегі уә­кілетті органның сарапта­ма­сы­­нан өткізіледі. Сараптамада мә­­тіннің мазмұнына талдау жа­­­­салып, онда экстремизмді, алауыз­дықты немесе заңға қай­шы идеяларды насихаттау бар-жоғы тексеріледі.

– Діни мазмұндағы баспа өнім­дерін бұрыннан бері бел­гі­лен­ген тәртіп бойынша сатады. Яғ­ни, мұндай кітаптарды рұқсат етілген дүкендерде болмаса ді­ни конверсиялардың өздеріне тие­сілі ғимарат территория­ла­рын­да ғана сатуға болады. кі­тап дүкендерін жергілікті әкім­шілік бекітеді. Себебі бұл дү­кендер оқу орындарынан алыс болуы керек. Ал заң бойын­ша шекарадан заңсыз діни әде­биет­терді өт­кізу­ге тыйым салынған. Егер діни кі­тап өткізбекші бол­са, оған дін­тану сарап­тама­сы­ның қоры­тын­дысын жасатуы қа­жет, – дей­ді дінтанушы Кең­ші­лік Тышқанұлы.

Ендеше діни бірлестіктер өз ғибадат үйлерінде ді­ни әдебиетті тарата алады, бірақ ол тек ресми рұқсат етілген өнім болуға тиіс. Шетелден әкелін­ген кітаптар алдын ала мақұл­дан­байынша, еркін сатылымға шығарылмайды. Әлеуметтік же­лілер мен сайттарда тара­ты­ла­тын діни материалдар да заң­ға қайшы келмеуге тиіс. Егер ді­ни мазмұндағы мәтін немесе бей­нематериал экстремистік идея­ларды насихаттаса, ол тыйым салынған ақпарат ре­тін­де бұғатталады. Бұл шектеулер дін­ге тыйым салу емес, кері­сін­ше қоғамдық қауіпсіздік пен ұл­та­ралық келісімді сақтау үшін ен­гізілген. Қазақстан көпұлтты, көп­конфессиялы мемлекет бол­ғандықтан, діни материал­дар­дың таралуына заңды тұр­ғы­да қадағалау жүргізіледі.

P.S: 

Ресми органдардың сараптамасы – сыртқы сүзгі. Бірақ ең маңызды сүзгі әр адамның өз ішінде болуы керек. Ақпарат көп заманда діни білімді дұрыс алу да үлкен жауапкершілік. Заң ресми кітаптарды сүзгіден өткізеді, бірақ интернеттегі бейнематериалға басты сүзгі адамның санасы мен сыни ойлау қабілеті екені анық. 

Көктем ҚАРҚЫН