Silk Way Star жобасы жалғасып жатыр. 12 елдің қаты­­сушысын бір арнаға тоғыстырған байқаудың әр күні қызықты өтуде. Silk Way Star – тек өнер ала­маны емес, ол достық пен ізгілікті дәріптейтін алаң.
Жаңа «жұлдызды» жағуға дайын
4,998
оқылды

– Қазақстан – өте қонақжай халық. Тіпті, бұл елдің қонақжай­лығы адамдарының өзгеге деген қарым-қатынасынан-ақ байқа­лады. Ал халықаралық жобаға ке­ле­тін болсақ, мен бұл жерде әділ­қазы ретінде алғаш рет қатысып отырмын. Алған әсерім ерекше. Себебі бұл жерге төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен ең талантты жас­тар жиналған. Бір бай­қа­ға­ным, Silk Way Star тек сынақ алаңы емес, мұнда достықтың лебі се­зі­леді, – дейді байқаудың әділқазы мүшесі, Түрікменстан опера әншісі Атажан Бердиев.

Айтпақшы, өнерпаздар жақын­да ғана Астана қаласында экс­кур­сия жасап, бір-бірімен достық қарым-қатынасын нығайта түсті. Шаһар­дың көрікті жерлерін ара­лап, қазақ халқының мәдение­тімен танысты. Танысып қана қоймай, қаланың тарихына терең бойлады. Қатысу­шылар алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес екенін жа­сырмады.

– Әділқазы болу бұл – жауап­кершілігі мол шаруа. Себебі әр қатысушының өзіне тән таланты мен харизмасы бар. Дауысы мен таңдаған бағыты да әртүрлі. Сон­дықтан мен үшін оларға баға беру өте қиын. Біздің берген ба­ғадан қатысушының болашақ тағ­дыры шешіледі. Ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді. Бірақ сайыс­тың талабы солай. Ережесі бар. Жеңімпаз тек біреу ғана болуы ке­рек, – деді Атажан Бердиев.

Айта кету керек, жоба Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы ара­сын­дағы халықаралық Silk Way Star жобасын құру туралы келісім ая­сын­да жүзеге асып жатыр. Аталған ке­лісімге 2025 жылы 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға ресми сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қытай көш­бас­шысының қатысуымен қол қо­йылған болатын.

Байқауға 12 ел, атап айтқанда, Әзербайжан, Армения, Грузия, Ма­лайзия, Қазақстан, Қытай, Қыр­­­ғызстан, Моңғолия, Тәжік­стан, Тү­рікменстан, Өзбекстан және Оң­түстік Корея өкілдері қатысуда.

Музыкалық сайыстың түсірі­лі­мі 2025 жылы 20 тамызда бас­талды. Гранд-финал 22 қараша күні Jibek Joly/Silk Way телеар­на­сында және байқауға қатысушы елдердің же­текші телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Кербез ЕСІМ