Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі, елдігіміздің басты тұғыры. Осыған орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заң халқымыз үшін тарихи әрі тағдырлы мәнге ие екенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Ата заң халқымызды жарқын болашаққа жетелейтін басты құжат әрі қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Егер Конституция қағидаттары қатаң сақталмаса, заң үстемдігі мен тәртіп орнамаса, ешқандай жетістікке қол жеткізу мүмкін еместігін Мемлекет басшысы нақты жеткізді.
Отыз жыл бұрын қабылданған Ата заң сол кезеңдегі әлемдік озық құқық нормаларына сүйеніп, еліміздің жетекші ғалымдары мен заңгерлерінің мұқият талқылауынан кейін қабылданған еді. Бұл тарихи құжат Қазақстанды демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруға негіз қалады. Конституцияда билік тармақтарының өзара теңгерімі, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары айқын белгіленді. Сондықтан да Ата заң тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің, мемлекеттік басқару үлгісінің іргетасына айналды.
Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Соңғы отыз жылда Қазақстан қоғамы да, бізді қоршаған әлем де үлкен өзгерістерді бастан кешірді. Қоғамдық қатынастардың, саяси жүйенің, әлеуметтік құрылымның дамуы жаңа талаптарды алға шығарды. Мұндай жағдайда Конституцияға өзгерістер енгізу – уақыт талабы әрі заңды құбылыс еді. Бұл қадам халықтың мүддесіне сай мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды.
Осы ретте ең елеулі жаңғырулардың бірі 2022 жылы жүзеге асырылды. Сол жылы бүкілхалықтық референдум арқылы Конституцияға ауқымды түзетулер енгізілді. Бұл реформалар азаматтардың ел басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, саяси жүйені демократияландыруға серпін берді. Халық өз еркін білдіру арқылы мемлекеттің болашағын айқындауға тікелей араласты. Бұл – Қазақстанның саяси тарихындағы айрықша бетбұрыс болды.
Қоғамдық-саяси өмірде орын алған мұндай ауқымды өзгерістерге күмәнмен қарау мен қарсылықтар да болды. Алайда әділдік, ашықтық және жауапкершілік ұстанымдарының көптен бері жұртшылық күткен талап ретінде Ата заңда көрініс табуы және олардың орындала бастауы халық тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысымен жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижелері де осыны айғақтайды: халықтың басым бөлігі, әсіресе 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың 79,1%-ы аталған өзгерістерден хабардар болып, оларды қолдайтындықтарын жеткізген.
Сондықтан бүгінгі күні Конституция халқымыздың ауыз біршілігі мен татулығының, мемлекетіміздің берік іргетасының басты кепілі болып қала беруде. Ол – еліміздің жарқын болашаққа нық қадам басуына жол ашатын негізгі құжат. Әрбір қазақстандық Ата заңға құрметпен қарап, оның талаптарын мүлтіксіз орындағанда ғана елімізде әділдік үстемдік құрып, заң мен тәртіп сақталып, қоғамдық келісім арта түседі.
Алмас Арзықұлов, Президент жанындағы ҚСЗИ сарапшысы