Алматының «Қайраты» Чемпиондар лигасы аясында Мадридтің «Реалына» жұп болып, жанкүйер біткен қуанып жатыр.
Жасыл алаңдағы жанкешті жауынгер
4,213
оқылды

Оған қоса, ел ішінде шабуылшы Дастан Сәтпаев пен қақпашы Темірлан Анарбектің мерейі үстем. Негізі, «сары-алалар» сапынан мақтауға лайықтың дені – қорғаушылар. Кім-кімді алсаңыз да өліспей-беріскен жоқ. Соның бірі – Жайық жағасында туып, Алаштың арманын орындаған Еркін Тапалов.

Тасқалада туған ұл

«Қайраттың» қорғанысына қорған соққан Тапалов Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауыл­ында өмірге келген. Ата-ана­сы құрылыс саласында жұмыс іс­тей­ді. Бастапқыда Еркіннің ата-ана­сы ұлының футболшы болам де­ген мақсатына алаңдаушылық білдір­ген. Өйткені доп соңынан жүрген баланың шың­ға жетеріне топшы­ламаған. Тапалов­тың қанат қаққан ауылына құрметі бөлек. 2023 жылы ауыл жұрты сүйікті ойыншысына ат мінгізіп, төсбелгі таққан. Бұл тегін емес екенін сіз бен біз де жақсы білеміз. Өйткені орда бұзар шағын­да «Тобылда» түрен салды. Манса­бы­ның жетер жері осы ма дегені­мізде еліміздің үздік клубы­ның бірі­мен келісімшартқа отырды. Негізі, оның «Қайратқа» басқан қадамына күмәнмен қарағандар көп. Ал футболшының мансап жолы толас­сыз еңбек пен маңдай терден тұра­ды. Оның жанкешті болмы­сына таңдай қақпасқа болмас. 

Сонымен, бапкер Мағзом Ес­қа­лиев Тасқала тумасының талан­тын танып, оның мықты ойыншы боларына сенген. Тоғызыншы сыныпқа дейін ауыл стадионында доп теуіп, кейінірек Оралға оқуға түскен. Сонда «Ақжайық» футбол клубының 1993 жылғы ойыншылар командасында жаттығуын жалғас­тыр­ған. Қызығы, 2011 жылы ғана алғашқы кәсіби келісімшартына қол жеткізген. 

Иә, оны футбол майданында шыңдаған – «Ақжайық» клубы. Ойыншы да алғаш рет осы команда сапында доп тепкенін ерекше ықы­лас­пен еске алады. Әрі асуды ең­серуге де аталған клубтың өзек­ке тепкені себеп болған. Бір кез­дері негізгі құрамға іліге алмаған сәтте жаттықтырушы болып жұ­мыс істеген. Бірақ кәсіби манса­бын құрбан етпей, соңына дейін ең­бек еткен. Қалай десеңіз, клуб басшы­лығына өзін оқу-жаттығу жиынына қалдырмай апаруын сұра­ған екен. Сонда өзін дәлелдеп, бапкер көзіне түсіп, негізгі құрамға қайта келген. Алайда кәсіби өрлеу үшін 2019 жылы «Жетісуға» ауыс­қан. Мұнда да сәтті ойын көрсете ал­май, кейін­нен «Каспий», «Шах­тер» мен «Тұр­ан­да» доп тепкен. Қайда бармасын табанды, сабырлы қалпын жоғал­тпай, өсудің даңғыл жолын іздеген. Ал іздегеннің мұрат­қа жететініндей, Қызылжар желі оның маңдайынан өпкен екен. 

«Қызылжардан» «Қайратқа» бастар жол

«Менің атым Қожа» фильмінде Рахманұлы айтқандай, ұстаз шә­кірттің шырағын жағу керек. Ал Тапаловтың шырағын жаққан – бап­кер Әли Әлиев. Дұрыс айтасыз, қазір ұлттық құраманың тізгінін ұстаған маман. Бірақ сол тұста ол «Қызылжардың» жолнұсқаушысы еді. Еркіннің алаңда өзін еркін сезі­ніп, әмбебап қырын ашқан да – Әлиев. Петропавл клубында капитан атанып, жанкүйердің жүрегін жаулады. 

«Еркін Тапалов – менің сүйікті ойыншым. «Қызылжарда» жүрген­де Әли Әлиев оның әлеуетін ашып, мықты екенін мұқым қазаққа көр­сетті. Тапалов та еңбекқор футбол­шы екенін дәлелдеді. Бапкер қан­дай тапсырма берсе, соны қағып алып, дер кезінде орындады. Сөй­тіп, жанкешті болмысы «Тобыл­мен» түйістірді. 30-ға келіп, Қоста­най­да доп теуіп, «Тобылды» біраз жер­ге сүйреді. Өзінің бабында ек­ен­ін көрсетіп, «Қайратқа» ауыс­ып келді. Басында, оның Алматыға ауысқанына таңдада қарадық. «30-дан асқанда футболды ысыра тұр­ып, «Қайрат» сияқты белді клубта ойнап көргісі келген болар» деп түйдік. Сөйтсек, ол негізгі құрам жау­ынгеріне айналды. Сол қаптал­да да, оң қапталда да өнер көрсете­ді. Жартылай қорғаныста да доп тебеді. Бапкерге керек нағыз әмбе­бап ойыншы. Қуантарлығы, фут­болда шаршамайтын, талмайтын  қазақ барын дәлелдеді. 31 жасында «Слованға» қарсы 120 минут жік шы­ғармай ойнады. Алаңда екінші тынысы ашылып, жанкүйерді қуан­тудан талмайды. Болмысынан қазақы иіс аңқып тұр. Меніңше, қазақ футболына осындай жігіттер дәріптелуге тиіс. Иә, жас жұлдыз­дар Анарбеков пен Сәтпаев жай­ын­да көп айтамыз. Бірақ Еркін Тапалов сияқты жігіт ағасы болған шағында тыңнан түрен салғаны кем­де кем. Яғни, ештен кеш жақсы екеніне, дегеніңе жету жолында ең­бек қана алып шығарын айқын­да­ды», – дейді спорт комментаторы Әлімжан Асқар. 

Айтса-айтқандай, «Қызылжар» Конференция лигасына қатысқан­да күллі қазақ клубтың тілеуін тіл­еді. Петропавлда екі маусым қа­тар­ы­нан алаңға шықты. Осы қала­да жүріп, «еуроаренада доп тепсем» деген арманына жеткендей күй кеш­кен. Өйткені оған Түркияның «Маниса» клубынан  ұсыныс түсіп, екі жақ келісім туралы хат-хабар алысқан. Тіпті, Тапалов түрік тілін үйрететін курсқа жазылған екен. Алайда трансфер орындалар тұста «Манисаның» бапкері ауысып, жаңа бапкер Еркіннің кандида­турасын мақұлдамаған. Содан «Тобыл» тарапынан тиімді ұсыныс түсіп, оның Қазақстан чем­пиона­тындағы жорығы жалғасты. 2024 жылы Қазақстан суперкубогын ұтып, кішігірім сенсация жасайды. Оның осы жолдағы еңбегі «Қай­раттың» көңілінен шығып, Алма­тыға ат басын бұрады. Ал бұл сәт бұрынғыдан өзгерек еді. 

ҚПЛ-де ойнайтын өрен үшін алматылық клубта доп тебу – ар­ман. Себебі «Қайрат» пен «Астана» арасындағы ойын  жанкүйер үшін қазақы эль-классико. Ал аталған клубта негізгі құрамға бекіп, ха­лық­тың ықыласын алу кез келгенге бұйыра бермейді. Басқа клубта жасындай жанып, бірақ Алатау бөк­терінде өзін көрсете алмай қалғаны қаншама. Тапалов болса, жанкүйер күткенінен екі есе асып түсті. Ел чемпионатында да, еуро­аренада да жанын салды. «Олим­пия» мен «КуПс-қа» қарсы кезде­суде қолдаушы тарапынан ескерту алғаны рас. Ал «Слован» мен «Селтик­қа» қарсы матчта аянып қалған жоқ. Жұрт айтпақшы, «Тапаловтың қапталынан шыбынның өзі  ұшуға рұқсат сұрады». Шотландиялық команданың бетке ұстары Форрест пен Маеданы тұсаулап, ойынның тең аяқталуына бір кісідей атса­лыс­ты. Нәтижесінде, «Қайрат» сен­сация жасап, Чемпиондар ли­гасы негізгі кезеңіне өтті. Осыл­ай­ша, Тапалов еуроаренаның есігін қағып, шетелге «шығуға» мүмкін­дік туды.  

Ұлттық құраманың өлшемі

Қай ойыншы болмасын әй­теуір бір ұлттық құрама сапында ойнауды армандайды. Көк түсті жейде кигенің үшін жалақы төле­мейтіні тағы бар. Мұнда намыс, жігер, ұлт үшін еңбек ету сияқты ақшадан биік ұғым бар. Еркін Тапалов та әлем алдында қазақты мойындатсам дейтін ұл. Футбол­шысы көп Бразилияда ұлттық құрамаға шақырғанын сүйінші­лей­тін әдемі үрдіс бар. 6 нөмірлі ойыншы да әр жыл сайын өзінің құрама іліккенін мақтанышпен хабарлайды. Себебі бір кездері оған таңдаулы он бір ойыншының қатарына қосылу мүмкін еместей көрінген-ді.

Оны 2019 жылы Талғат Мар­уа­ұлы тізімге қосты. Түркияда Мол­доваға қарсы жолдастық кездесуде алаңға шыққан. Ал Финляндия құра­масымен ойында ресми түрде сары-көк жейделі 6 нөмірлі ойын­шы атанды. Ол әр сұхбатында «мил­лиондаған адамның үмітін арқалап шығу оңай емесін» айтады. «Астана Аренадағы» жанкүйердің дүбірі делебені қоздырып, атмос­ферасын көпке дейін ұмыта алмай­тынын жеткізген. Әсіресе, Ұлттар ли­гасы аясында 2024 жылдан бас­тал­ған жолдың әрі қарай да үзіл­меуін тілейді. Сондағы «Данияға» қарсы мачты ерекше ықыласпен еске алады. Кейінгі жылдары құра­ма сапына жиі іліккеніне де қуан­ышты. Қазір де ел командасының үмітіне айналды. Оның үстіне, «Қыз­ыл­жарда» қолтығынан деме­ген Әли Әлиев ұлттық құрамада да Еркіннің еркін көсілуін қалайды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ