Сырдың суы сирақтан келіп тұр. Соңғы жылдары ел арасында Сырдария өзеніне қатысты осындай теңеуді жиі естиміз.
Дарияда дәрмен жоқ,  күріштің халі қалай?
3,661
оқылды

Себебі күн санап көз алдымызда құрғап бара жатқан дарияның мүшкіл халіне халықтың көңілі алаң. Көптің көкейінде тіршілік нәрі табиғи апаттың қүрсауында шырмалып, өңірдегі экологиялық ахуалды ушықтырмаса деген қорқыныш басым. 

Биыл да дарияның жағдайы мәз емес. Күн сайын емес, тіпті са­ғат санап тартылып бара жатқа­нын дария жағасын жағалай ме­кендеген жұртшылық көзбен кө­ріп, іштей күмілжіп жүр. Ха­лық­тың бір бөлігі күріш дария суын сарқып жатыр деген пікірде болса, атыз жағалаған ағайын егістік алқапқа су жетпей қалу секілді қорқынышпен күнін өткізеді. 

Күріш демекші, Сыр маржа­нымен жан бағып жүрген жер­гілікті диқан қауымы биылғы науқанда да тынымсыз еңбек етіп жатыр. Егістік алқаптан мол өнім алу мақсатында сәт сайын су тапшылығын еңсерудің түрлі тәсілін қолдануға мәжбүр. 

Негізінен, Қызылорда облыс­тық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы­­ның мәлімдеуінше, биылға өңір­де 189,6 мың гектарға ауыл ша­руашылығы дақылдары егілген. Он­ың ішінде Сыр са­лысы Үкі­метпен бекітілген Жол карта­сына сәйкес 80,9 мың гек­тарға егіліп, суға бастырылыпты. Бас­қар­маның мәлімдеуінше, қа­зір егілген егіс­тіктің 2,8 мың гек­тары сы­пы­рықтану, 6,8 мың гектар гүлдену, 17 мың гектар сүтті пісу, 43,7 мың гектар балауыз пісу және 10,6 мың гектар толық пісу фазасында тұр. 

Жоғарыда айтып өткеніміз­­дей, егін науқанындағы басты мә­­селе – егістік алқапты сусыз қал­дырмау ісі күрделі жағдай. Со­ған орай, су тапшылығына бай­ла­ныс­ты қалыптасқан жағдайда тұ­рақты мониторинг және кеңі­нен түсін­дірме жұмыстарын жүр­гізу үшін барлық ауданда арнайы жұ­мысшы топтар құрылғанын мәлімдеді. 

«Жалпы, биыл егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын тұ­рақты суаруға 3,9 млрд текше метр су лимиті белгіленген. Бекітілген кестеге сәйкес, егілген егіс барлық канал бойынша кезектілікпен суарылды. Белгіленген су көлемін тиімді пайдалану мақсатында қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану бағытында облыста 57 дана насос қондырғысы жұмыс істеп жатыр», – дейді бұл жөнінде басқарманың егіншілік және өзімдік қорғау бөлімінің басшысы Асылжан Жарылқасынов. 

Жалпы, облыста биылғы егіл­ген егісті тұрақты сумен қамта­ма­сыз етуге 3,9 млрд текше метр су лимиті белгіленген. Бүгінде осы көлемнен каналдар арқылы об­лысқа тіршілік нәрінің 3,7 млрд текше метрі алыныпты.

Дей тұрғанмен, дария дең­ге­йінің жыл өткен сайын төмендеуі су мамандарының бас ауруына айна­лып тұр. Соның ішінде егіс­тікті сусыз қалдырмау мақсатында түйт­кілді шешудің түрлі тетігі қа­растырылып келеді. Сондай тә­сілдің бірі – күріштің көлемін азайтып, оның орнына көкөніс, бақша өнімдерін егу бастамасы іс жүзінде тәжірибеден өткізіліп жүр. Бұл бірінші кезекте суды үнем­деудің оңтайлы жолы болып есептелсе, екіншіден өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген пікір бар. Нақты ке­зеңде облыста азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бағытында жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қам­тамасыз ету мақсатында ауқымды шаруалар атқарылған. Бұл тұр­ғыда басқарма тарапынан 2025 жылы өңірде барлығы 5,1 мың отбасына ұжымдық түрде бақша егуге қосымша 3,3 мың гектар жер дайындалған. Бүгінгде 3 300 гек­тар дақылдар толығымен егілгенін жеткізді. 

Су үнемдеуге сеп болады деген тәсілдің тағы бірі – тамшылатып суару технологиясы да сырбойы­лық шаруалардың қолданысына енгізіліп келеді. Су мамандары әлемдік тәжірибеде тиімділігін көрсеткен бұл тәсілдің су тап­шы­лығын сезінбеуге ықпалы зор де­генді алға тартады. Яғни, бірін­шіден судың ысырабын азайтса, екіншіден өнім көлемін арттыруға жол ашады деген пікір қалып­тасқан. 

Дерекке сәйкес, тамшылатып суару тәсілі өткен ғасырдың орта­сында Израильде зерттеліп, алғаш қолданысқа енгізіліпті. Содан бері бұл әдіс әлемдік деңгейде озық технология ретінде пайда­ла­нылып келеді екен.

Осы ретте соңғы жылдары сыр диқандары да тамшылатып суару технологиясын тиімді пай­далана бастағанын айтып жүр. Әсіресе, бірқатар іргелі күріш шаруа­шы­лығы тиімді техно­ло­гияны қол­данысқа енгізіп, оң нә­тижеге қол жеткізгені жиі есті­ліп қалады. 

Бұл тұрғыда басқарма тара­пынан әлемдік деңгейде оң нә­тиже көрсеткен бұл тәсілдің Сыр өңі­рінде де су ысырабын азай­­туға сеп болып отырғанын алға тартады. 

«Соңғы жылдардағы су тап­шылығы жағдайларына байла­ныс­ты су үнемдеу технология­ла­рының маңызы артып келеді. Бұл ретте, тамшылатып және жаң­бырлатып суару технологияла­рының маңызы өте жоғары екенін ескеру қажет. Яғни, тамшылатып және жаңбырлатып суару техно­логияларының нәтижесінде суар­малы суды бірнеше есе үнемдеуге мүмкіндік болады. Сондай-ақ там­шылатып және жаңбырлатып суару әдісімен егістік жердегі да­қылдардың түбіне қоректік эле­менттерді дәл беруге мүмкіндік арта­ды. Осы арқылы суды үнем­дей отырып, өнім көлемін артты­руға үлкен әсерін тигізеді. Бүгінде сырбойылық шаруалар тиімді тех­нологияның игілігін сезіне бас­тады», – деп түсіндірді бұл жа­йында бөлім басшысы.

Осы орайда басқарманың мә­ліметіне сәйкес, биыл күріш ал­қаптарын лазерлік тегістеу көлемі 60 мың гектарға, ал су үнемдеу тех­нологияларын пайдалану кө­лемі екі есеге дейін артқан. Яғни, су үнемдеу технологияларының нақты көлемі 8 100 гектарға жеткі­зілгені мәлім болды.

Өз кезегінде су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бас­сейндік инспекциясы мамандары да дарияда биылғы жылы су деңгейі өте төмен болғанын жоққа шығармайды. Соған қарамастан егістік алқапты сумен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар жүргізілгенін мәлімдеп отыр. 

Қалай дегенде де, бүгінде да­рия демігіп, Сырдың күйі қа­шып тұр. Себебі өзімізден бө­лек, судың сағасындағы өзбек пен қырғыз ағайындар тіршілік нә­рінен қа­жетті мөлшерімізді алуға тосқауыл болып тұрғаны жасырын емес. Яғни, Сыр суының мәселесі атал­мыш елдермен тығыз бай­ланыс­ты екені белгілі. Сондықтан көр­шілес мемлекеттермен әлі де тиім­ді келіссөздер жүргізу қажет. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы