Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордағы сілтеме жасап.
– Жалпы айтқанда, біз мемлекеттік саясатта терең өзгеріс жасадық. Конституциялық реформа осы ауқымды жұмыстың берік құқықтық арқауы болды. Сол арқылы саясатта, экономикада, әлеуметтік салада, сот жүйесінде «Әділетті мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға жол ашылды. Конституцияда жер және барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені айқын көрсетілген. Осы қағидатты іс жүзінде орындау үшін маңызды шаралар қабылданды. Менің тапсырмаммен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы әзірленді. Қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы балалардың арнайы есепшотына жіберілетін болды. Былтырдан бері Ұлттық қордан 1,5 миллиард доллардан астам қаржы бөлінді. Бұл – жас ұрпақтың болашаққа нық сеніммен қарауына мүмкіндік беретін мемлекетіміздің өте маңызды шешімі. Мұның бәрі – жаңарған Конституцияның жемісі. Ата заң, шын мәнінде, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын толыққанды әрі тиімді құралға айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол сөзінде бірқатар маңызды заңдар мен арнайы жоспарларды қабылдау арқылы қолданыстағы Конституцияның орасан зор әлеуеті іске асырылып жатқанына тоқталды.
Былтыр Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң қабылданды. Бұл адамды еркінен тыс қандай да бір жолмен пайдалануға болмайтынына кепілдікті күшейтті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза едәуір қатаңдатылды. Некелесуге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Адам ұрлағандар да қатаң жазаланады.
Сонымен қатар қылмыстық сот үдерісін ізгілендіру және оның тиімділігін арттыру үшін нақты қадамдар жасалды, тиісті кодекстерге ауқымды түзетулер енгізілді.
Конституцияның мерейлі белесіне орай Рақымшылық туралы заң қабылданды. Себебі мемлекет қылмыспен күрес саясаты мен әлеуметтік әділдік мәселесіне келгенде адамгершілік құндылықтарын басты орынға қояды.
Конституция әрдайым адам құқығының темірқазығы болуға тиіс. Бұл – мемлекет саясатындағы бұлжымас қағида. Конституциямыз алдағы уақытта да халқымыздың жарқын болашағына жол ашатын ең басты құжат болып қала бермек.
Ата заң еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуды, сондай-ақ заңды мүлтіксіз сақтау және адал азамат идеологиясын ілгерілетуді көздейтін жаңа қоғамдық келісімнің айқын нышанына айналды. Заң үстемдігі – әділетті қоғам құруға және азаматтарымыздың берекелі өмірін қамтамасыз етуге апаратын төте жол. Сондықтан тағы да қайталап айтамын: еліміздің барлық азаматтары заңды құрметтеп, сақтауы керек.
Қазақстанның заңгерлер қауымдастығы азаматтарымызға Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіріп, "Заң мен Тәртіп" қағидатына сай қоғамдағы әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үндеуі қажет.
Қазақстан Конституциясы ұлтымыздың кемелдігі мен болашаққа ұмтылысын бүкіл әлемге паш етеді.
– Конституцияның әр жолы мен рухын сақтау, соның негізінде жоғары құқықтық мәдениет пен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру – еліміздің келешектегі табысының кепілі. Мұны барша халық түсінуге тиіс, – деді Президент.
Қазақстан біртіндеп дамудың даңғыл жолына түсіп келеді.
– Қазір Қазақстанның барлық аймағында мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделуде. Әуежайлар мен көпірлер бой көтеріп, су нысандарының құрылысы басталып жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және басқа да маңызды инфрақұрылым салынуда. Жалпы, Үкіметке инфрақұрылымдық құрылыстың сапасына баса мән беру қажет деген қатаң нұсқау берілді. Бұл мәселе Үкіметтің және құқық қорғау мекемелерінің бақылауында болады. Елімізде жыл сайын көптеген өндіріс орны ашылатын болды. Әсіресе, жоғары технология саласындағы кәсіпорындар іске қосылуда. Осылайша, біз ұлттық экономикамыздың мықты индустриялық негізін қалап жатырмыз. Инвестиция тартып, бизнеске қолайлы жағдай жасап, аймақтарды қолдау үшін жүйелі жұмыс істелуде. Соның нәтижесінде биылғы жеті айдағы экономикалық өсім 6 пайыздан асты. Мұның бәрі аяқастынан пайда болған жоқ. Бұл – қажырлы еңбектің және табанды түрде жасалған түбегейлі реформалардың нәтижесі. Жүйелі және үйлесімді жұмыс пен берекелі бірліктің арқасында еліміз жаңа кезеңге қадам басты. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан біртіндеп дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Енді бос сөзге берілмей, жан-жақты өркендеуге бастайтын осы бағдарымыздан айнымай, тек қана алға ұмтылуымыз керек. Сонда біз озық ойлы ұлт болып, теңдессіз табысқа қол жеткіземіз, биік белестерді бағындырамыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Конституциямыздың әр бабын мүлтіксіз орындау баршаға ортақ міндет екенін баса айтты.
– Біз бәріміз төл тарихымызға қазақтың қайта жаңғыру дәуірінің өкілі ретінде енуге тиіспіз. Себебі бәріміз бір дәуірде өмір сүреміз, еліміздің болашағына бірге жауаптымыз. Біздің ұрпақ міндетті түрде үлкен жетістікке куә болып, табысқа жетуі керек. Балаларымыз бен немерелерімізге дамыған, өркениетті, құқықтық ел қалдыруымыз қажет. Бұл – біздің тарихи борышымыз. Осы мақсатқа жету үшін біз қазір Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Түптеп келгенде, бұл – ұлттық идеология. Біздің басты міндетіміз – озық ойлы, бәсекеге қабілетті ұлт болу, халықтың әл-ауқатын арттыру, елдегі тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету. Сондықтан қазақ елінің қастерлі төлқұжаты – Конституциямыздың әр бабы мүлтіксіз орындалады. Бұл – баршаға ортақ міндет. Бәріңізге мәлім, мен 8 қыркүйекте халыққа Жолдауымды жариялаймын. Еліміздің экономикалық және әлеуметтік саясатындағы маңызды мақсат-міндеттерді айқындаймын, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Президент қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
– Конституциямыздың 30 жылдығы – еліміз үшін тарихи меже. Бүгін арамызда Конституциямыздың алғашқы жобаларын әзірлеуге қатысқан азаматтар отыр. Соңғы конституциялық реформаны жүзеге асыруға белсене атсалысқан бұрынғы депутаттар мен белгілі ғалымдар бар. Бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Мен Конституцияның 30 жылдығына орай мемлекеттік наградамен, соның ішінде мерекелік медальдар бар, бір топ азаматты марапаттау туралы шешім қабылдадым. Баршаңызға амандық, табыс тілеймін. Конституциямыздың айбыны асқақ болсын, – деді Президент.
Сонымен қатар жиында Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілі Сарангоо Раднаарагчаа, Заң консультанттарының республикалық алқасының төрағасы Серік Ақылбай, Парламент Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі, Өзбекстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының директоры Акмал Саидов сөз сөйледі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.