Кейде банк несиені мерзімінен бұрын төлеу үшін құйған ақшаны ішінара өтеу деп қабылдағанымен, төлем кестесін өзгертпейді. Себебі кейде қарыз алушы алдын ала төлем жасағанда мерзімді қысқарту немесе төлемді азайту деген таңдауын нақты көрсетпеген болуы мүмкін. Мұндай жағдай жиі кездесетін мысал. Несиені мерзімінен бұрын өтеу – тиімді құрал, бірақ оның өз тәртібі мен ережелері бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz fingramota.kz-ке сілтеме жасап.
Мерзімінен бұрын төлем жасаған кезде пайыз қалай азаяды?
Мерзімінен бұрын өтеу – бұл кестеде көрсетілген мөлшерден көп төлеу немесе қарызды мерзімінен бұрын толығымен өтеу. Оның мынадай түрлері болады:
- Толық – белгілі бір күні сіз қарыздың барлық қалдығын және нақты пайдалану күндері үшін пайыздарды өтейсіз.
- Ішінара – сіз әдетте төлейтін соманың «үстінен» артық төлейсіз, борышыңызды азайтасыз және банктен кестені қайта есептеуді сұрайсыз.
Келісімшарттарда банк мұндай төлемдерді қалай қабылдайтыны нақты көрсетіледі: өтініш/өтінімді қосымша ретінде тапсыру қажет пе, алдын ала қанша күн бұрын хабарлау керек, ең төменгі төлем сомасы қанша және айдың қай күні төлеу пайыздарды үнемдеу үшін тиімді екені туралы ақпарат болады.
Аннуитеттік төлем кестесі бойынша алғашқы айларда төлемнің басым бөлігі пайыздарға жұмсалады, ал негізгі борыштың үлесі аз болады. Мерзімінен бұрын қосымша төлем жасаған кезде негізгі қарыз азаяды, сол сома бойынша әрі қарай пайыздар есептеледі. Үстінен артық ақша қосып төлеуді неғұрлым ерте бастасаңыз, банкке пайызды соғұрлым аз төлейсіз. Кейінірек мерзімінен бұрын өтеу де пайдалы, бірақ пайдасы аз болады.
Бүгінде банктер қарызды мерзімінен бұрын өтегені үшін, егер ол алғашқы алты айда (бір жылға дейінгі мерзімге қарыздар бойынша) не бірінші жыл ішінде (бір жылдан астам мерзімге қарыздар бойынша) төлесе, айыппұл санкциясын алуға құқылы. Бұл шектеу барлық қарыз алушыға қатысты қолданылады.
Алайда, 2025 жылғы 31 тамыздан бастап заң өзгереді: мұндай айыппұлдар тек заңды тұлғаларға (компанияларға) қатысты қолданылады. Қарапайым адамдар мен жеке тұлғаларға үшін мерзімінен бұрын өтегені үшін ешқандай айыппұл салынбайды, берешекті кез келген уақытта қосымша айыппұлсыз өтеуге болады.
Несиені ішінара өтеу кезінде таңдауға болатын екі нұсқа
Банк әдетте екі нұсқаның бірін ұсынады. Қайсысын таңдағаныңызды нақты көрсету маңызды – әйтпесе төлем кестесі өзгеріссіз қалуы мүмкін.
1. Несие мерзімін қысқарту, ай сайынғы төлемді сол күйінде қалдыру.
Бұл – пайыздық мөлшерлеме бойынша ең үнемді жол: несиені тезірек өтеп, артық төлемнен құтыласыз. Егер қазіргі ай сайынғы төлем сомасы сізге қолайлы болса – тиімді нұсқа.
2. Ай сайынғы төлемді азайту, мерзімді бұрынғы қалпында сақтау.
Үнем аздау, алайда ай сайынғы қаржы жүктемеңіз жеңілдейді. Жаңа қаржылық міндеттемелер (мысалы, басқа несие, шығындар) болып жатса – осы нұсқа ыңғайлырақ.
Қайсысын таңдаған дұрыс?
Егер басты мақсатыңыз артық төлемді азайту болса, мерзімді қысқарту тиімді.
Ал маңыздысы қаржылық тұрақтылық болған жағдайда төлемді азайтқан жөн.
Несиені мерзімінен бұрын төлеу және рәсімдеуге байланысты пайдалы кеңестер
Өтініш/өтінім беру. Таңдаған нұсқаңызды (мерзімді қысқарту немесе төлемді азайту) нақты қай жерде көрсету қажет екенін анықтап алыңыз: қосымшада ма, бөлімшеде ме, әлде байланыс орталығы арқылы ма? Скриншот не көшірмені сақтап қойыңыз.
Күндер мен «есептік мерзімдер». Артық төлемді пайыз есептелмей тұрып (әдетте жоспарлы төлемнен 1–3 күн бұрын) енгізу тиімді. Осылайша пайыздық үнем барынша жоғары болады.
Міндетті ең төменгі сома. Кей банктерде алдын ала өтеу үшін ең төменгі сома белгіленген – мысалы, 5–10 мың теңге немесе бірнеше айлық төлем көлемінде. Алдын ала біліп алыңыз.
Қаражатты бөлу тәртібі. Алдымен айыппұлдар мен комиссиялар, содан кейін пайыздар, ең соңында негізгі қарыз өтеледі. Егер бұрын кешіктірілген төлемдер болса, төлемнің бір бөлігі соған жұмсалады.
Комиссиялар мен шектеулер. Тұтынушылық несиелер бойынша әдетте алдын ала өтеуге комиссия салынбайды. Бірақ ипотека немесе автонесие шарттарын мұқият қарап шығыңыз. Егер келісім талаптары заңға қайшы келсе алдымен банкке жүгініп, шешілмеген жағдайда банк омбудсменіне немесе қаржы реттеушісіне шағымдануға құқығыңыз бар.
Сақтандыру және «пакеттік» қызметтер. Несие толық жабылған жағдайда сақтандыру төлемінің немесе қосымша қызметтердің пайдаланылмаған бөлігі қайтарылатынын нақтылап алыңыз.
Ипотека мен кепіл мүлкі. Қарызды толық өтеген соң қарыздың жабылғаны туралы анықтама алыңыз. Ипотека болса – жылжымайтын мүлікке қойылған шектеуді алып тастау қажет (ХҚКО немесе электронды қызметтер арқылы). Олай жасамасаңыз, пәтер заң жүзінде әлі де кепілде болып есептеледі.
Несие тарихы. Қарызды толық жабу – несие тарихыңыз үшін оң фактор. Қарыз бюросында ақпараттың жаңартылғанын тексеріңіз (арнайы қосымша немесе egov арқылы).
Артық төлемді қайтару. Кейде банк «қор» жасап, артық сома ұстап қалады. Мұндай жағдайда қалдықты қайтарып алуға болады – есепшотыңызға аударып беруін сұраңыз және нөлдік қарыз туралы анықтама алыңыз.
Несиені мерзімінен бұрын өтеудің артықшылықтары
- Пайыздық шығын азаяды. Бұл - тікелей қаржылық пайда. Артық төлем аз болады.
- Қарыздан ерте құтылу. Стресті азайтып, қаржылық тәуелсіздікке ертерек қол жеткізесіз.
- Бюджетті басқару жеңілдейді. Егер төлемді азайту жолын таңдасаңыз, ай сайынғы шығынды көтеру оңайырақ болады.
- Несиелік бедел артады.
- Уақтылы және мерзімінен бұрын жасалатын төлемдер нарық үшін тиімді саналады.
Кемшіліктері мен мүмкін болатын тәуекелдер
- Басқа мүмкіндіктерден айырылу. Бар қаражатты несиені өтеуге жұмсасаңыз, ол ақшаны жинаққа немесе инвестицияға жұмсай алмайсыз.
- Бонустардан айырылуыңыз мүмкін. Кейбір банктік акциялар (мысалы, кэшбэк, бонусы бар бөліп төлеу) несиенің толық мерзімімен байланысты. Ерте жапсаңыз, ол жеңілдіктерді ала алмауыңыз ықтимал. Шарттармен алдын ала танысып алыңыз.
- Рәсімдеу талаптары. Өтініш дұрыс берілмесе, қалаған нәтиже шықпауы мүмкін - мысалы, төлем азаймайды, не мерзім қысқармайды.
- Қаржы қорынсыз қалу. Бар ақшаны несиеге салып, кенеттен күтпеген шығын шықса - қайтадан несие алуға тура келуі мүмкін. Мұндай жағдайда қарызды ерте өтеудің тиімділігі жойылады.
Қалай әрекет ету керек: қысқаша чек-лист
Қаржылық қорды есептеңіз - кемі 3 айлық шығынға жететін қор болуы керек. Егер ондай қор жоқ болса, алдымен сол қорды жинап алыңыз, содан кейін ғана несиені мерзімінен бұрын өтеген жөн.
Банктен мына жайттарды нақтылап алыңыз:
- төленетін соманың шекті мөлшері
- өтініш беру мерзімі мен формасы
- мерзімді қысқартасыз ба, әлде төлемді азайтасыз ба - нақтылап айтыңыз.
Төлемді пайыз есептелмей тұрып енгізіңіз (яғни, есептік күнге дейін).
Таңдаған нұсқаңызды (мерзім/төлем) міндетті түрде бекітіңіз.
- Жаңа төлем кестесін алыңыз.
- Онда төлем азайғанын не мерзім қысқарғанын және қарыз қалдығы дұрыс көрсетілгенін тексеріңіз.
Қарыз толық жабылса, екі анықтама алыңыз:
- біріншісі — қарыздың жоқ екенін растайтын
- екіншісі — шот/шарттың жабылғаны туралы.
Егер ипотека болса - міндетті түрде кепілдікті алып тастаңыз.
2-4 аптадан кейін несиелік тарихыңызды тексеріңіз.
Қосымша төлем, артық комиссия, автотөлем сияқты «ілініп қалған» сома жоқ екеніне көз жеткізіңіз.
Жиі қойылатын сұрақтар
Ай сайын аз-аздан төлеуге бола ма?
Иә, көп жағдайда рұқсат етіледі. Әсіресе несиенің алғашқы кезеңінде шағын сома да пайда әкеледі.
Айына неше рет алдын ала төлеуге болады?
Банк шарттарына байланысты: кейбірінде шектеу жоқ, кейбірінде - айына не тоқсанына бір рет.
Бір төлем кешіктірілген болса да қарызды алдын ала өтеуге бола ма?
Иә, бірақ алдымен өсім мен айыппұл өтеледі. Соларды жапқан соң барып негізгі қарызды төлеңіз.
Неліктен төлем азаймаған?
Мүмкін, өтініш берілмеген немесе төлем кестесін өзгерту нұсқасын таңдамаған боларсыз. Өтініш беріп, жаңа кестені сұраңыз.