Бұл әулеттің шежіресіне үңілсеңіз, табиғаттың ғажайып құбылысы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын байқайсыз. Ерекше тарихтың бастауы – бабалары Боранбайдан өрбиді. Баласы Елей атамыз өзі егіздің сыңары болып дүниеге келсе, Елейдің қарындасы да егіз болып туған. Тағдырдың тағы бір тылсым сыйы – қарындасы да өмірінде үш рет егіз құрсақ көтерген. Осынау ғажайып жалғастық мұнымен тоқтаған жоқ. Елей атаның ұлы Ерлан да егіздің сыңары, ал бүгінгі кейіпкеріміз Базарбек мырза мен оның сыңары Назарбек сол үрдістің заңды жалғасы сынды.
Аман қалсын деп амал еткен
Базарбек мырза егіз болып дүниеге келудің өзіне тән ерекшеліктері барын айтып, бұл құбылыс отбасы үшін әрдайым байыппен қаралатын мәселе болып қалыптасқандығын айтады.
– Бұл мәселені біз бейтаныс ортада қозғай бермейміз. Себебі әкемнің қарындасының сыңары да, яғни егіз бауыры, сондай-ақ атамның қарындасының егіз балалары да жастай шетінеп кеткен. Егіз болғанымен, бала тұрақтамаған соң «тіл бар, көз бар» деген түсінікпен ата-анамыз бұл тақырыпты бөтен жерде талқыламаған. Егіз болып туған бізді де тіл-көзден алыс ұстап, барынша қорғауға тырысты. Кішкентай кезімізде, жұғысты болсын деп, ауылдағы кейбір қыз-келіншектер киімдерімізді алып тұрады екен. Қазағым ырымшыл ғой, егіздерге қатысты ырым-тыйым да жеткілікті. Мысалы, егіздің сыңарынан айырылып, шетінеп кетсе, екіншісін аман сақтау ниетінде «кіндік айыру, ашабақан айыру» сияқты рәсімдер жасаған, – деп жеткізді Базарбек мырза.
Уақыт өте келе егіздерге ауыл-аймақтың да еті үйренген. Дегенмен ұқсастықтың қызығы әлі күнге дейін жалғасып келеді.
– Кейде тіпті әкеміз де бізді шатастырып алады. Көршілер әлі күнге дейін айыра алмайды. Сол себепті жаңа ортаға келгенде бұл туралы айтпаса да түсінікті. Жалғыз жүрсем, көшеден таныс емес адамдар көп амандасады, кейін ғана менің емес, сыңарым Назарбектің танысы екенін түсінеміз. Достарымыз да жиі шатастырады, кейде өзімнің ол емес екенімді дәлелдеуге тура келеді. Осындай қызық әрі есте қаларлық сәттер жиі кездеседі, – дейді ол.
Сыңарың – өмірдің өзі сыйлаған серігің
Кейіпкеріміз егіз болып өмір сүру өте ерекше әрі қайталанбас сезім екенін жасырмайды. Өйткені олар тура мағынасында екі жартыдан құралған бір бүтін секілді. Ол ішкі күйің, қуанышың мен күйзелісіңді дәл өзіңдей сезінетін басқа бір жанның жаныңда болуы үлкен бақыт деп біледі. Үнемі сырлас, мұңдас болатын серігіңнің бар екенін сезіну адамға ерекше күш беретінін де кейіпкеріміз өз сөзінде тарқатып айтты.
– Әрине, кей кездері жеке тұлға ретінде өзіңнің де дербес жетістікке жете алатыныңды дәлелдегің келетін сәттер болады. Алайда тағдыр бізді үнемі бір арнаға тоғыстырып, өмірдің маңызды кезеңдерін бірге өткеруге жазғандай. Мектептен бастап, университетке дейін бірге білім алып, тіпті Отан алдындағы борышты да бірге атқардық. Сыңарың – өмірдің саған сыйлаған серігі іспетті. Қанша алыстауға тура келсе де, тағдыр бәрібір қайта жолықтырып, бір жолға тоғыстырып отырады, – дейді ол.
Тағы бір қызық жайт, көптеген егіздер бір-бірінің көңіл күйін сөзсіз-ақ сезе алатынын айтады. Психологтер мұның ұзақ жылдар бойы бірге өсудің нәтижесінде қалыптасқан жоғары эмпатиялық байланыс екенін дәлелдеген.
– Бауырыммен қызығушылықтарымыздың бірқатары ұқсас. Біз спорттың бірдей түрлерімен айналыстық бокс пен күреске бірге қатыстық. Дегенмен әрқайсымыз өз мамандығымызды таңдадық: сыңарым сәулетші болып, сызумен айналысса, мен басқа саланы таңдадым. Бірақ мінез тұрғысынан әркелкіміз. Ол – пысық, қатты, қайтпас-қайсар, мінезді адам, ерте есейіп, ерте отбасын құрған. Ал мен сыңарыммен салыстырғанда, ерке әрі жұмсақпын, ақкөңіл аңғалдығым бар. Осы өзгеше мінезіміз өмірде бір-бірін үнемі толықтырып тұрады. Бірдей дүниеге келсек те, өз жолымызбен өмір сүріп жатырмыз, – деп сөзін жалғады кейіпкер.
Базарбек мырза, сыңарымен қашықта жүрсе де, бір-бірінің көңіл күйін анық сезетінін сөз етті.
– Кішкентайымызда алыстап кетсек, бір-бірімізге деген сағыныштан ішігіп ауырып қалады екенбіз. Дегенмен физикалық тұрғыдан бәрін бірдей сезіне бермейсің. Өте қатты ауырып қалсақ, бұл сезіледі, бірақ күнделікті жеңіл аурулар – тұмау, бас ауру немесе жеңіл жарақаттар бізге бірдей әсер етпейді, – деп тарқатты.
Одан бөлек, егіздерді тәрбиелеген ата-ананың жауапкершілігі жайында да ой қозғаған ол өз әке-шешесінің де егіздерін бөлмей, тең қарап, барлық жағынан бірдей қамқорлық көрсеткенін айтты.
– Бізді бірдей киіндіріп, тең өсірген соң, аса ауырлық сезген жоқпыз. Сондықтан біз үшін егіз болып туу артықшылық, ерекшелік, табиғаттың сыйы деп ғана қабылданды. Арамыз ажырамай, бір-бірімізді бәсекелес көрмей, тек жанашыр бауыр болып тел өстік. Содан болар әулетке жақсылық қана әкелдік. Алыстап кеткенде ғана ауыртпалықты сеземіз, бірге болсақ бәрі керемет, – дейді Базарбек мырза.
Сыңар болудың сыры қандай?
Бір әулетте бірнеше ұрпақ қатарынан егіздердің дүниеге келуін ғылым қалай түсіндіреді? Бұл сұрақтың жауабын жоғарғы санатты дәрігер Гүлжәмилә Жаубайқызынан сұрап білдік.
– Егіз жүктілік мынадай екі жолмен болуы мүмкін. Ұрықтанған жұмыртқа жасушасы екіге бөлініп, жатырдың қабырғаларына екі түрлі эмбрион ретінде имплантациялануы арқылы. Бұларды бірдей егіздер деп атайды. Олар ұқсас және біржынысты болу ықтималдығы жоғары, өйткені бір сперматозоид қатысады. Егіз ұрықтану көп жағдайда аналық геннен беріледі. Бұл ерлі-зайыптының бірінде пайда болған генетикалық бейімділік арқылы тұқымқуалаушылыққа ұласады да бірнеше ұрпаққа дейін жалғаса береді. Мутация, қандай да бір бұзылыс емес. Бір кіндіктен тараған егіздерде мінез, организмінің кейбір даму кезеңі бірдей болады. Немесе екі түрлі сперматозоидтар екі аналық жасушаны бір уақытта ұрықтандыруы мүмкін, олар бауырлас егіздер деп аталады. Сондықтан келбеті жағынан балалар бірдей көрінбеуі және екі түрлі сперматозоидтар қатысатындықтан, біржынысты болмауы да қалыпты, – дейді маман.
Дәрігердің сөзінше, егіз жүктілікке бірнеше факторлар әсер етеді. Мысалы, 30 жастан асқан әйелдерде мұндай жүктілік мүмкіндігі жоғары. Ересек әйелдердегі гормоналды өзгерістер олардың денесін айына бір аналық жұмыртқаны шығаруға дайындайды. Сондықтан барлық босатылған аналық бездер ұрықтану мүмкіндігіне ие. Және BMI жоғары (яғни, бойыңызға шаққанда дене салмағы қалыптыдан артық болса) әйелдерде бірнеше рет егіз болуы жиірек кездеседі, бірақ ғалымдар оның нақты себебін әлі толық түсіндіріп бере алмай отыр.
Тұқымқуалаушылықтан бөлек, қазіргі медицинадағы IVF – жасанды ұрықтандыру, кезінде дәрігерлер жүктіліктің сәтті болу мүмкіндігін арттыру үшін жатыр қуысына бірнеше ұрықтанған жұмыртқаны енгізеді. Солардың біреуі емес, бірнешеуі қатар дамып кетсе, егіз, үшем немесе көпжүктілік пайда болады. Бұл жағдайда егіз болу табиғи генетикалық бейімділіктен емес, сыртқы әсерден туындағандықтан, егіздер келесі ұрпаққа жалғаспауы мүмкін.
Егіздер көп туылатын әулеттердің біразында егіздер арасында бірінің өсуі баяулап, шетінеу қаупінің жоғары болуы жиі кездеседі. Бұл туралы да сарапшымыз:
– Жүктілік кезінде асқынулар егіз жүктілікте екі есе жиі кездеседі. Мұндай жағдайлардың жартысынан көбінде нәрестелердің біреуінің жатыр ішінде өсуі баяулап, салмағы төмен болады. Бұл құбылыс медицинада жатырішілік өсудің шектелуі деп аталады және көбіне мерзімінен бұрын босануға әкеледі. Ал біркіндікті ортақ пайдаланатын бірдей егіздерде ерекше қауіпті жағдай – егіз-егіз трансфузия синдромы дамуы мүмкін. Бұл кезде плацентадағы қан тамырлары арқылы бір нәрестеден екіншісіне қан шамадан тыс өтеді. Соның салдарынан бір егіз қан жетіспеушілігінен әлсіресе, екіншісінің ағзасына артық қан жиналып, жүрекке салмақ түседі. Мұндай асқыну дер кезінде бақылау мен емді талап етеді, себебі екі нәрестенің өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Осындай жағдайда баланың бірі екіншісінен әлжуаз болып туылып, тіпті өміріне қауіп әкеледі, – деп қорытындылады Гүлжәмилә Жаубайқызы.
Ғылым әлі толық түсіндіріп үлгермеген бұл құбылыс қоғам үшін де, зерттеушілерге де үлкен қызығушылық тудырып отыр. Мүмкін дәл осындай отбасылар арқылы адамзат генетикасының талай құпиясы ашылар.
Гүлнаурыз СОЯН,
ЕҰУ 4-курс студенті