Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңіріне қоныстанды.
Биыл қанша этникалық қазақ қандас мәртебесін алды?
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
1,984
оқылды

2025 жылда 8 051 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ оралды, – деп хабарлайды Аikyn.kz. 

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 44,2% Өзбекстаннан, 43,2% Қытайдан, 5% Түрікменстаннан, 2,7%  Монғолиядан,  2,4% Ресейден  және 2,5% басқа елдерден.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,8% және зейнеткерлер 9,1%.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,7%-ы жоғары білімді, 28,1%-ы кәсіби орта білімді, 53,5%-ы жалпы орта білімді және 2,7% білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы  2 309 адам. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, 1 286 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 563 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 221 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.