Күні кеше ғана Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің плей-офф ойыны өтті. Алматылық «Қайрат» қонақта Шотландияның «Селтигімен» ойнап, ешкім күтпеген нәтиже тіркеді. Иә, есеп 0:0 болғанымен, тартысты ойын өте жоғары деңгейде өтті. Онымен қоса, Қайрат қонақта Селтиктен жеңілмеген тарихтағы тұңғыш қазақстандық команда болды.
Сырт алаңдағы сенсация
4,464
оқылды

Шотландияның бетке ұс­тар «Селтик» коман­да­сы Қа­зақстанға осымен 4-ші рет ат ба­сын тірейін деп жатыр. Иә, Сел­тик қанша рет келсе де, әр келуін жеңіспен тойлап кететін әде­ті бар. Эли­талық лигаға шы­ғуы­мыз үшін дәл осы Селтик біздің сорымыз да, ба­ғымыз да болайын деп тұр. Жа­сыл-ақ жолақтылар ең алғаш Қа­зақстанға 2013 жылы табан тіреген еді. Ол уа­қытта дүркіреп тұрған қара­ған­ды­лық «Шахтер» плей-офф кезең­де өз алаңында шотлан­дия­лықтарды 2:0 есебімен жеңіп, сен­са­ция жасап еді. Міне, сол кездегі бағымыз оңы­нан туып тұрғандай көрінді. Бірақ ше­шуші Глазгодағы қарымта матч­та интрига соңғы секундтарға дейін өмір сүргенімен,  Джеймс Форрест голы «Селтикті» алға алып шығады. Солай есеп 3:2 есе­бімен аяқталып, үйі­мізге жы­лар­ман халде қайтқан едік. Одан кейінгі кездесу 2016 жы­лы тіркелді. «Астана» өз алаңында 1:1 есебімен ойнағанымен, тағы да Шотлан­дия­да бәрі соңғы ми­нут­тар­да қайта ше­шілді. Бұл жолы 90-минутта Мус­са Дембеленің го­лы «Селтикке» жолдама алып бер­ді. «Селтиктің» соңғы сапары 2017 жы­лы болды. Бұл жолғы сапар біз­дің құрама үшін мүлде сәтсіз нә­тижемен аяқ­талды. «Астана» сырт алаңда 0:5 есе­бімен ойсырай жеңіледі. Жігіт­теріміз өз алаңын­дағы ойында 4:3 есе­бін тіркесе де, келесі кезеңге шы­ға алмаған едік.

Тең тарқасқан ойын

Матчтың өзіне келер бол­сақ, көп жанкүйер жа­сыл-ақ жолақтылар «Қайратты» қор­­ға­ныс­қа басып тастайды деп ой­лады. Се­бебі бұл Селтик былтыр  чем­пион­­дар лигасында ойнаған. Ой­нап қана қоймай, немістің даңқ­ты «Ба­вариясына» сес көрсетіп, жолы болмаса да біраз жақсы ойын көр­сет­кен еді. Көпшілік азар болса 3 не 4 голды қақпамызға жіберіп, тағдырымызды бірінші матчта ше­шіп кетеді деп күткендей болды. Алай­да матч басталған бетте бұл үрей мүлде сейіліп кетті. «Қайрат» «Сел­тикпен» бұрын ойнап жүрген ескі достай өте сауатты ойнап шық­ты десек болады. Себебі алғашқы ми­нуттардан бастап қысқа ша­буыл­дар арқылы комбинацияға ұлас­қан пастар қарсыласты біраз есең­гіретіп тастады.

Небәрі 11-минутта «Қайрат» қар­сыласқа гол соғып, есепті ашты. Бір­ақ гол есепке алынбады. Орта­лық қорғаушының бірі Мартинович оффсайдқа түсіп, өз мүмкіндігін жіберіп алды. Ізін суытпай толас­сыз келген қауіпті сәттер қарсылас айып алаңында көп болды. Бірде пас жетпей қалса, енді бірде соқ­қы­мыз дәл ұшпай жатты. Ойын есе­бі тең демесек, «Қайрат» «Сел­тик­тен» бір бас жоғары ойнады деу­­ге негіз бар. Бірінші таймның өзін­де статистикада Селтик біздің ай­­маққа 2 соққы жасаса, біздің жі­гіттер 5 соққымен басым түскен. 

Ал екінші таймда «Селтик» қар­­қынын күшейтті. Тіпті, жылдам гол соғып кетуіне сәл қалды. Бірақ сол эпизодта доп қақпа бағанына тиіп, қақпашымыз Александр Заруц­кий бір ажалдан құтқарып қалды. Әдетте «Селтик Паркте» 60 мың жанкүйердің алдында ойнау оңайға соқпайды. Бірақ Заруц­кий­дің әр минут сайын сенімді сейвтар жасай отырып, командаластарына рух бергені іштей бір уайымымызды басып отырғандай болды. Екінші тайм­ның ортасында негізгі қақ­па­шымыз жарақат алып, орнына Темірлан Анарбеков шықты. Жас ойыншы дебютін осындай жауапты матчта алса да, еш саспай тәуір ойнады. 57-минутта «Қайратқа» ал­ғашқы голды соғатын керемет сәт туған еді. Шабуылшымыз Эд­милсон қарсыластың қателігін пайдаланып, алаңның ортасынан допты төбелете тепкенімен, доп қақпа маңдайшасынан жоғары ұшты. Бапкерлер мен жанкүйер дәл осы сәтте қуануға шақ қалған еді. Амал нешік, қарсыластың бағы жан­ды. 

Алтын құрамның алтын жігіттері

Құрама сапында кейбір өзге­ше­ліктер болғаны рас. Иә, ойынға дейін Валерий Громыко қатыс­пай­ды деген сыбыстар болған еді. Алай­да ереже бойынша оның алаң­ға шығуға толықтай мүмкіндігі бар еке­нін естіп, біраз марқайып қал­дық. Қайрат сапында ұлттық құра­ма­­да ойнайтын 4 ойыншымыз ойын­­ның алғашқы минутынан бас­­тап шықты. Олар Александр Заруц­кий, Еркін Тапалов, Дастан Сат­паев, Александр Мринский болды. 

Сарапшылар ойынның үздік ойын­шысы деп Еркін Тапаловты айт­ты. Себебі Тапаловтың негізгі ой­найтын қапталы тірекші, бірақ ол осы ойында сол қапталды толы­ғы­мен өз мойнына алды. Әуелден ол қызмет Луиш Матаның құзыре­тін­де болғанмен, оның алаңға шық­пауы отандасымызға үлкен мүм­кіндік берді. Одан бөлек, қар­сы­ластың тәжірибелі әрі қауіпті ойын­шысы Джеймс Форрест дәл осы Тапаловтың қапталында оған қар­сы ойнады. Ал өз кезегінде Ер­кін Тапалов допқа тез жетіп, керек кезде корпусын да қойып азулы ша­буыл­шының алдын орап отыр­ды.

– «Қайраттың» ойынына шы­нымен де өте жоғары баға беруге бо­лады. Өйткені қарсыласы жай клуб емес, Шотландияның 55 дүр­кін чемпионы, Чемпиондар ли­га­сы­ның тұрақты қонағы, тәжірибесі мол «Селтик». Өткен маусымда да та­лай мықты командамен терезесі тең ойнаған ұжым. Сондықтан «Қай­раттың» сырт алаңдағы тең есе­бі біз үшін жеңістің өзі дер едім. Айта кетейін, бұл «Қайраттың» тари­хында бірінші рет плей-офф кезеңіне шығуы. Оның үстіне, рей­тинг пен трансферлік құн жағынан да арада он еселік айырмашылық бар.

Бірақ біз ол ойында тек қор­ға­нысқа жабысып алған жоқ­пыз. Жоқ, алғашқы минуттан бастап-ақ батыл ойнадық, шабуыл жа­садық, қауіпті сәттер де тудыр­дық. Бұл біздің деңгейіміздің өсіп ке­ле жатқанын көрсетеді. Алдағы матч­қа келсек, менің ойымша, «Қай­раттың» келесі кезеңге өту мүм­к­індігі Селтикке қарағанда жо­ғары­рақ. Неге десеңіздер, қарсы­ла­сымыз Алматыға 5 600 шақырым ұшып келеді, шамамен 10 сағаттай жол. Одан кейін дайындалуға уа­қыт болмайды. Оның үстіне, Алма­ты­­ның ауа райы, биіктік, таулы ай­­мақтың ерекшелігі де өз әсерін ти­гізбей қоймайды.

«Қайрат» өз алаңында әрқашан се­німді ойнайды. Бұған дейін «Сло­ванды», «КуПС-ты», «Оли­м­пия Люблянаны» өз жерімізде жең­генбіз. Сондықтан сенім бар, мүм­кіндік мол, – деді осы ойынды жүр­гізген спорт комментаторы Ерсін Ерік.

No Dastan, no party

Осы ойынның қап әттеген-ай дейтін жері соңғы ми­нут­­тарда болды. Матчтың бітуіне 1 минуттай қалған кезде Дастан Сәт­паев қарсыластың айып соқ­қысына аяғын тосып, болмайтын жер­ден сары қағаз алып кетті. Еске сала кетсек, өткен матчта Дастан сары қағаз алған болатын. Демек, ере­же бойынша тағы да сары қағаз алса, келесі ойында ойнамайды. Жал­пы, сарапшылар мен спорт ком­ментаторлары осы сәт­ке бай­ланысты түрлі ой айт­ты. Бірі «неге Дас­­тан­ды ауыс­­тыр­ма­ды?» десе бі­рі «нелік­тен Дас­тан­­ды қор­­­­ғанысқа ығыс­­ты­ра­ма­ды?» де­­­ді. Қарымта ойын­да Дас­тан­ның жоқ­­ты­ғы аз да бол­са бі­лінері анық.

– Әрине, қа­рым­­­та ойында Дас­тан Сәтпаев­тың алаң­­­­ға шық­пауы ойын­­ға әсер ете­ді. Ко­ман­да көп­­тен бері оны­мен бірге ойнап үй­ре­ніп қалған. Бірақ бұл Қайрат мін­детті түр­де әл­сірейді дегенді біл­­­дір­мейді. Дас­тан­ның ор­нына Эдмил­сон бар, Гро­­мыка бар, жас талант Рамазан Бағы­дат бар. Со­­лардың бәрі жүгін кө­теруге дайын. Әрине, Дастан ой­нағанда «Қайрат­қа» жеңіл болар еді, бірақ ереже бар, оны айналып өте алмай­мыз. Ең бас­тысы, қалған жі­гіттер шабуылда бар күшін са­лып, жанын беріп ой­най­­ды деген се­німдеміз, – дейді спорт коммен­та­торы Әлімжан Асқар.

Қайрат клубының бас бапкері Ра­фаэль Уразбахтин Дастан Сәт­паев­ты неге соңына дейін ұста­ға­нын айтқан болатын.

– Дастан қарсыластың қалай ой­найтынын түсініп, біліп алды. Сон­дықтан оны ауыстырсақ, кері­сін­ше жағдайды қиындатып ала­мыз деп ойладық. Біз оның сәл шар­ша­ғанын және сары қағаз алуы мүмкін екенін білдік. Әлгі сәтте инер­ция­мен аяғын көтеріп қалды.  Қарсы­лас­тың қапталында ротация көп бол­ды. Ал соның барлығын Сәт­паев, Тапалов және Арад жақсы тү­сініп жүрді. Сондықтан шабуыл ше­­біне шыққан ойыншы дәл солай са­палы ойнай алмайды деп қорық­т­ық. 

Сондай-ақ Дастаннан бірнеше рет жағдайын сұрадық. Ол әлі ой­най алатынын айтты. Бірақ қарым­та матчқа қатыса алмайтыны өкі­ніш­ті», – деді «Қайраттың» бас бап­кері Ермұхамед Мәуленге бер­ген сұхбатында.

Ендігі шешуші ойын Алматы орталық стадионында өтпек. Ар­ман­да кеткен чемпиондар лигасы­на шығуға бір ғана қадам қалды. Бар­ша қазақ жұрты тақымын қы­сып, жа­нын шүберекке түйіп, тас­түйін дайын­дықпен осы ойынды асыға кү­тіп отыр. Алматылық «Қай­рат­тың» асығы алшысынан түс­се екен дейміз.

Әсет ҚАЛИ