Бастапқыда мектеп формасы жекеменшік білім ордаларының беделін айшықтайтын бірегей киім үлгісі ретінде қолданылған еді. Кейіннен бірыңғай форма барлық оқушы үшін міндетке айналды. Негізгі мақсат – балалардың сыртқы келбетіне немесе ата-анасының әлеуметтік жағдайына қарай алалаушылықтың алдын алу.
Форма құны – ата-ана мұңы
9,338
оқылды

Алайда жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар арасында бұл мәселеге қатысты көзқарас екіге жарылды. Бір топ ата-ана мектеп формасына қарсы шығып, петицияға қол қойса, енді бір бөлігі әлеуметтік желілерде бірыңғай форманың қажеттілігін қолдап отыр. Буллинг мәселесі өзекті заманда мектеп формасының болғаны жөн бе? Осы және басқа да түйткілдер жа­йында біз «Алаң» айдарында сарапшылар пікірін тыңдадық.

– Ата-аналар қымбатшы­лыққа байланысты әлеуметтік желіде мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жи­нап жатыр. Олар мектеп формасы сабақ үлгеріміне әсер етпейтінін, сапасыз әрі ыңғайсыз екенін, ұстаздардың біраз уақыты фор­маны қадағалауға кететінін алға тартуда. Бұл пікір қаншалықты орынды? Мектеп формасы не үшін керек? 

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,

Мәжіліс депутаты: 

– Біркелкі мектеп формасы қаншалықты қажет деген сауал­ға тоқталсам. Мен кезінде мін­детті мектеп формасы туралы бұй­рыққа қол қойған адам ре­тінде айтарым – бұл дұрыс ше­шім. Өйткені форманың ар­тық­шылығы көп: ол тәртіпке бау­­лиды, тең жағдай жасайды, «бренд қууды» тоқтатады, та­ғы­сын тағы. Әрине, кемшіліктері де бар, бірақ біздің жағдайда мектеп формасы қажет.

Маңыздысы – біз бала­лар­дың өз пікірін тыңдап көрдік. 2022 жылы, мектеп парла­мент­терімен кездесуден кейін олар­дың өтініші бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Ұсыныс­тар зерттеліп, мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгерістер енгіздік. Соның нәтижесінде фор­маға классикалық пиджак пен жейдеден бөлек, кардиган, поло секілді күнделікті киюге ыңғайлырақ нұсқалар да қо­сылды. Яғни, әртүрлі қажеттілік ескеріліп, жалпы мектеп фор­масы анағұрлым қолайлы бола түсті.

Данагүл РАУИЯҚЫЗЫ,

Республикалық білім мазмұнын сараптау

орталығының жетекші сарапшысы: 

– Қазақстандағы мектеп формасына қатысты пікірталас жыл сайын өзекті болып отыр. Ата-аналардың көтеріп отырған уәжі қаншалықты орынды екенін айта алмаймын. Форманы алып тастаудың тәуекелдері бар.

Қымбатшылық пен сапа­сыз­дық туралы көтеріп отырған мә­селе де рас. Бұл Қазақстанда ме­к­теп формасын өндіретін ірі отандық өндіріс жоғынан туын­дап отыр. Көбіне Қытай, Түр­кия, Қырғызстан өнімдері қол­данылады. Біз импортқа тәуел­діміз, сәйкесінше бағалар да жыл сайын өседі.

Форманың сабақ үлгеріміне тікелей әсер ететіні ғылыми дәлелденбеген. Жалпы, киімнің адамның интеллектісіне әсер ету-етпеуі екіталай. Дегенмен мектеп формасы – ең алдымен әлеуметтік теңдікті сақтаудың құралы, балалар арасындағы айырмашылықты азайтады. Жалпыға бірдей форма әлемдегі ең мықты деген мектептерде де қолданылады. Себебі мектеп формасы тәртіп пен мектеп мәдениетін қалыптастырады, ұйымшылдықты күшейтеді. Балалар «не киемін?» деген мәселеге уақыт пен психоло­гия­лық ресурс кетірмейді. Алайда ол өзінің негізгі миссиясын орындау үшін қолжетімді әрі сапалы болуы шарт.

Меруерт ЖАПАБАЕВА,

Ақбастау жалпы білім беретін мектептің директоры: 

– Мектеп – тек білім беретін орын ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы маңызды әлеуметтік институт. Оның басты міндет­терінің бірі – барлық балаға тең жағдай жасау. Мұны ғылым ті­лінде эгалитарлық функция дейді. Қарапайым тілмен айт­қанда, эгалитаризация – теңес­тіру деген сөз. Яғни, мектепке әртүрлі жағдайы бар, әртүрлі отбасынан шыққан балалар келеді. Солардың бәріне бірдей орта құрып, ешкімді алаламай, бәрі бірге оқитындай жағдай жасайды. Осы арқылы мектеп балаларға біліммен бірге жайлы психологиялық және педагоги­­калық атмосфера сыйлайды. Мектептегі бірыңғай форма – әлеуметтік теңсіздіктің көзге көрініп қалмауына ықпал ететін құрал. Оның мақсаты – бала­лар­ды бай мен кедей етіп бөлу емес, керісінше, олардың арасында­ғы айырмашылықтарды жа­сырып, қажетсіз салыстыру­лар­дан қорғау.

Әлі ой-санасы қалыптасу үстіндегі жасөспірімдер киіміне қарап бірін-бірі бағаламай, тек оқуға ден қоюы маңызды. Олар өзін және өзгені әлеуметтік мәр­тебесі арқылы емес, адамдық қасиеті арқылы қабылдап, еркін қарым-қатынас жасауы тиіс. Бұл психологиялық тұрғыдан қолай­лы орта қалыптастыруға көмек­теседі. Қоғамда тек таптық емес, этникалық, діни, гендерлік және түрлі субмәдени ерекше­ліктер де бар. Мектеп кеңісті­гінде осындай айырмашылық­тарды айқын көрсетпеу – мектеп формасының әлеуметтік те­ңестіруші қызметінің бір бөлігі. Сондықтан бірыңғай форма – балаларды бөліп-жармай, олар­дың барлығын біртұтас ортада тең дәрежеде ұстайтын маңызды тәсіл. Ендеше мектеп формасы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етеді, балалардың мектепке де­ген жинақылық, тәртіп дағды­ларын қалыптастырады. Сон­дай-ақ ұжымдық біртектілікті күшейтеді.                          

– Жыл сайын бір оқушыны мектепке дайындау үшін ата-аналар біршама шығындалады. Статистика бойынша, ТМД елдері арасында ең қымбат мектеп формасы Қазақстанда екені анықталды (71 429 теңге). Ал ең арзан мектеп формасы Әзербайжанда тіркелген. Орта есеппен шығын – 10 989 теңге. Кейбір мектеп формасын міндеттеген елдер оның бағасын төмендету саясатын ұсынады. Біздің елге де осындай бастама қажет пе?                         

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ: 

– Мемлекет тарапынан мек­теп формасын алуға қолдау қарастырылған. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету үшін «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы арнайы механизм жұмыс істейді.

Бұрын мектеп формасын немесе киімді әкімдіктер белгілі бір сомаға сатып алатын. Алайда бұл тәсілдің бірқатар кемшілігі болды: көбіне бірдей фасон мен біртүсті киім тігіліп, сапасы төмен әрі өлшемі сәйкес келмей жататын. Балалар ондай киімді кигенде қысылып, оның бюджет есебінен алынғаны бірден бай­қалатын.

Сондықтан 2021 жылы біз бұл механизмді өзгерттік: кө­мекті монетизацияладық. Енді ата-аналарға қаражат картаға аударылады да, олар баласына не, қайдан сатып алу керегін өздері шешеді. Бұл – ыңғайлы әрі дұрыс тәсіл: сапасы мен бағасын салыстырып, шынымен қажет затты таңдауға мүмкіндік бар. Қазір мектепке дайындыққа кететін шығын айтарлықтай көбейгендіктен, сол кезден бері қолдау сомасы да өсті деп сенемін. Ең бастысы – көмекті тікелей ата-анаға беретін осы қағида сақталған.

Данагүл РАУИЯҚЫЗЫ: 

– Елімізде ұлттық өндіруші­лерді қолдаудың әлсіздігі сал­дарынан форма бағасы қымбат болып тұр және әрі қарай қым­баттай беруі мүмкін. Ол біздің ұлттық валюта теңгеміздің тұ­рақ­тылығына байланысты. Се­бебі әр жылы импорт құны, ло­гистика шығыны және ин­фля­ция қосылады.

ТМД елдері ішінде Қазақ­станда мектеп формасы ең қым­бат екені анықталып отыр. Оның басты себебі – монополия, импортқа тәуелділік және стан­дарттың тым қатаң әрі бірыңғай болуы. Әзербай­жандағыдай арзан бағаның себебі – жергі­лік­ті тігін өндірісін қолдау, бә­се­ке­лестікті арттыру және ата-ана­ларға таңдау мүмкіндігін беру. 

Кейбір елдерде бағаны ар­зан­дату саясаты жүргізіледі. Мысалы, Ұлыбританияның өзінде заңдық тұрғыда мектеп формасын таңдау және жеткізу­шімен келісімді реттеуін қарас­тырады. Мектептер форманы тек белгіленген брендтерден емес, кез келген дүкеннен сатып алуға болатын нұсқаларды ұсы­нуға міндетті болады. Бұл ата-аналарға арзан, бәсекеге қабі­летті нұсқаларды таңдауға мүм­кіндік береді және билікке бағаны бақылау мен мектеп фор­масына қатысты саясатты қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ирландияда мектеп­терге арнайы брендтелген фор­ма­лардан гөрі жалпы брендсіз формаларды таңдауды ұсынады. Бұл бағаның жасанды түрде өсуіне тосқауыл болады. Тіпті, Беларусьтың өзінде Президент­тің тапсырмасымен мектеп формасының баға саясаты мен ассортименті арнайы бақылауға алынған. Сонымен қатар көпба­лалы отбасыларға формаға қар­жылай көмек көрсетіледі. Ондай көмек бізде де бар. Жылда, «Мек­тепке жол» аясында көмек-қолдау көрсетіліп жатады.

Біздің елде де бақылауға алып, нақты қадамдар жасау қажет: отандық жеңіл өнеркә­сіпті қолдау, бәсекелестік орта құру, ата-аналарға таңдау мүм­кіндігін беру. Әлеуметтік осал топтар үшін мектеп формасын тегін немесе жеңілдікпен ұсыну мәселесі де аса маңызды.

Меруерт ЖАПАБАЕВА: 

– Иә, жыл сайын тамыз айында мектеп формасына қа­тысты қызу пікірталас жүреді. Статистика көрсеткендей, Қа­зақстандағы форма шығыны ТМД-дағы ең жоғары деңгейде. Бұл бірнеше себептен туындаған мәселе: импорттық материал­дарға тәуелділік, тауар бағасы­ның реттелмеуі. Кей елдерде (мы­салы, Ресейде, Әзербай­жанда): мектеп формасының бағасын шектейді, отандық ті­гіншілерге қолдау көрсетеді. Қазақстанға да осындай бастама қажет. Елімізде бұрын оқуға қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын мектептің өзі берсе, 2022 жылдан бастап ата-ана­лар­дың сұранысы негізінде ақшалай түрде ата-ананың банк шотына аударылатын болды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сү­йенсек, аз қамтылған отбасы­лар­ға материалдық көмек көр­сету және балаларды 100% оқу­мен қамтамасыз ету мақса­тын­да құрылған «Жалпыға бір­дей міндетті орта білім беру» қо­ры материалдық көмекпен жыл сайын 500 мыңнан астам баланы қамтиды. Былтыр бір балаға 43 407 теңгеден берілді. Қаражатты алу үшін әр ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазуы қажет. Одан кейін несиелік қарызы жоқ және бұ­ғатталмаған банктік картасының 20 таңбалы нөмірін ұсынады немесе материалдық көмекті аудару үшін банкте арнайы шот ашу керек. Бұл көмекті ата-аналар сабаққа барғалы отырған балаларына киім-кешек, оның ішінде мектеп формасы, аяқ­киім, оқу құралдарын сатып ала алады. Бір ескере кетерлігі, та­лапқа сәйкес, қаражатты мақ­сатты пайдаланылуы құжатпен расталады. Яғни, ата-аналар тиіс­ті тауарларды сатып алған­нан кейін оны растайтын құжат­тарын ұсынулары тиіс. Сонымен қатар 2008 жылдан бері жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткі­зіледі.                                                              

– Ата-аналар мектеп формасының орнына іскерлік дресс-код ұсынып отыр. Жалпы, мектеп формасын реформалау туралы жыл сайын тамыз айында шу шығатынына үйреніп те кеттік. Дегенмен бұл зайырлылық талаптарына келіспейтін топ өкілдеріне қолайлы жағдай жасайтын ұсыныс емес пе? 

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ: 

– Әділет министрлігінде тір­келген, заң күшіне ие бұйрық бар, сол бұйрыққа бағыну керек. Онда мектепке сари немесе шарт­ты түрде діни киім ғана емес, басқа да бірқатар киіммен, соның ішінде джинсы, қысқа юбкамен де келуге болмайтыны көрсетілген. Бұл талаптарды бас­қа факторларға апарып те­лудің қажеті жоқ. Әңгіме құқық­тық мемлекет туралы болып отыр­ғаннан кейін, талаптарға бағынуымыз керек. Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы Қазақ­стан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2016 жылғы 14 қаң­тардағы № 26 бұйрығы бар. Осы­ған сәйкес, қазақстандық оқушылар мектеп формасын киюі керек. Бұл зайырлылық қағидаттарына сәйкес оқу ор­нының ішкі тәртібін сақтау мақ­сатында енгізілген. Мек­тептен тыс жерлерде бұл мәселе бойын­ша тыйым салынбайды. Қыз­дарға арналған мектеп форма­сына пиджак, жилет, юбка, шал­бар, классикалық блузка не­месе түймелері әлде сыдырма­лы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе фут­болка (қыста: тоқылған жи­лет, сарафан) кіреді. Сондай-ақ қыздарға арналған кең және ұзын шалбар аяқтың тобығын жауып тұруы шарт. Ұл баланың классикалық мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, жейде­лер (күнделікті және мерекелік), тоқылған күрте/кардиган, поло немесе тенниска, қысқы мезгіл­де трикотаж жилет пен водолазка кіреді. «Мектеп формасын сақ­тау» деген сөз «қандай да бір атрибутика мен элементтерді пайдаланбауды» тұспалдайды. «Форма» деген ұғым барлық осы қатынастарды реттейді. Тіпті болмаса, мектеп формасы жоқ бо­лып, мектепке кіргізбейді де­ген мәсесе жоқ. Ол таза, тәрбие­міз бен дәстүрімізге сай ақ көй­лек, қара шалбармен келсе, оған мектепке кіруге ешкім бөгет жа­самайды. 

Данагүл РАУИЯҚЫЗЫ: 

– Ата-аналар ұсынған іс­керлік дресс-код нұсқасы да белгілі бір деңгейде тиімді болуы мүмкін дейді. Бірақ дресс-код дегеніміз сол мектеп формасы ғой, айналып келгенде. Егер мектепке форманы таңдау ер­кін­дігі берілсе, ол нақты ере­желермен бекітілмесе, әлеу­­меттік теңсіздікті күшейтуі ық­ти­мал. Дегенмен, мемлекеттік бол­сын, жеке меншік болсын, бүгін де форманы өздері таңдап отырған мектептер жетерлік.

Сондай-ақ зайырлылық қа­ғидаттарын сақтау үшін дресс-кодтың шектері алдын ала анық­талуға тиіс. Кейбір топтар діни сипаттағы киімдерді «дресс-код аясында» енгізуге ты­рысуы мүмкін. Бұл мектептегі бірыңғай саясатқа қайшы келуі ықтимал. Сондықтан дресс-код­тың зайырлылыққа қайшы кел­мейтін нақты ережесін ал­дын ала бекіту керек деп ойлаймын.

Мәселе «форма бар ма, жоқ па» деген қарапайым сұрақ емес. Ең бастысы – ата-аналарға қол­жетімді, сапалы әрі әлеуметтік теңдікті сақтайтын шешім ұсыну қажет. Негізі, осы мектеп фор­масы жайлы ата-аналар қауымы жылда мәселе көтереді. Мәсе­ле­ні көтерген адамдардың пікірі барлық 4 миллионға жуық білім алушылардың ата-аналарының пікірі деп ойламаймын. 1% түгіл, 0, 001%-да құрауы күмәнді. Сондықтан бірлі-жарым адам­ның айтқанын тұтас қауымның пікірі деп танудың қажеті жоқ. Және шулатты екен деп еркіндік беру немесе тыйым салу әдеті­мізбен бос жіберсек, әлеуметтік алауыздықты туғызу немесе те­реңдету тәуекелдері бар екенін де естен шығармау керек. Қоға­мымыз сондай, алуан түрлі.

Меруерт ЖАПАБАЕВА: 

– Мектеп формасына қатыс­ты мәселені қарастырғанда ең алдымен елдің негізгі ұста­ным­дарын ескеру қажет. Біріншіден, Қазақстан Конституциясына сәйкес біз – зайырлы мемлекет­піз. Екіншіден, «Білім туралы» заңның 3-бабында білім беру саласындағы мемлекеттік сая­сат­тың басты қағидаттары ай­қындалған. Онда әрбір азамат­тың сапалы білім алуға құқығы, білім беру жүйесін дамытудың басымдығы, тұлғаның зияткер­лік әлеуетін ашу, білім берудің зайырлы, гуманистік және да­мытушылық сипаты, сондай-ақ азаматтық пен ұлттық құнды­лықтардың, адамның өмірі мен денсаулығының, жеке тұлғаның еркін дамуының маңызы көр­сетілген.

Осы тұрғыдан алғанда, мек­тептегі іскерлік дресс-код – дұ­рыс бағыт. Бірақ ол зайырлылық қағидаттарына қайшы келмей­тіндей, нақты әрі әділ ереже­лер­мен бекітілуге тиіс. Сонда ата-аналар балаларын қолжетімді әрі сапалы киіммен қамтамасыз ете алады, ал оқушылар ыңғайлы киініп, өзін еркін сезінеді. Со­нымен бірге сыртқы келбетте бел­гілі бір ортақ талаптардың сақ­талғаны жөн: мысалы, қыз­дарға – белдемше немесе клас­сикалық шалбар, ұлдарға – жейде мен шалбар.

Бұл тәсіл артық сәнқойлық пен әлеуметтік бәсекелестікті азайтып қана қоймай, мектеп ішін­де тәртіп пен теңдікті ны­ғай­тады. Демек, дресс-код – оқу­шының еркіндігін шектейтін емес, керісінше, Конституция мен заңда бекітілген қағидат­тар­ға сәйкес, сапалы білім алуына және өзін тең дәрежеде сезінуіне жағдай жасайтын маңызды құрал.

Дайындаған 

Көктем ҚАРҚЫН