Жақында Астанада «Сергек» камераларының орнына Біріккен Араб Әмірлігінің Presignt компаниясы келеді деген ақпарат шықты. Жұрт «отандық «сергекпен» жылап қауышпайық» деп тағы да қызу пікірталас туғызды. «Сергек» камералары Астанадан неге кетті? Шетелдік компанияның жаңа жобасы тиімді ме? Зерттеп көрдік.
«Сергек» камерасы алғаш рет 2017 жылы іске қосылды. Жоба ең алдымен Астанада қолға алынып, бүгінде елордада 10 мыңға жуық камера жұмыс істейді. Былтыр бұл камералар арқылы қала тұрғындарына 9,7 млрд теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 6,9 млрд теңге елорданың бюджетіне түскен. Қырағы камералары арқылы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысқан Sergek жүйесі жақында елордадағы жұмысын тоқтатады. Оның орнына жаңа жүйені БАӘ компаниясы енгізеді. Бұл туралы елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Дидар Сүлейменов мәлімдеді. Ақпаратқа сәйкес, «Сергек» жобасын жасаушы «Көркем Телеком» компаниясының Астана әкімдігімен арадағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімі аяқталды. Әкімдік келісімді ұзартпау туралы шешім қабылдаған.
– 2017 жылы «Сергек» жобасы жүзеге асырылды. Биыл 13 наурызда «Көркем Телеком» компаниясымен келісімшарт мерзімі аяқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және жобаны одан әрі дамыту тұрғысында G42 холдингіне кіретін Presight халықаралық компаниясымен елорда үшін жасанды интеллект негізінде қалалық инфрақұрылымды басқарудың жобалық шешімін іске асыру жұмысын атқардық. Жаңа жобаны қалыптастыру кезінде қазіргі қолданыстағы жүйенің кемшіліктері ескерілді, – деді Дидар Сүлейменов.
Presignt-G42 әмірлік холдингінің еншілес кәсіпорны және жасанды интеллект әзірлеушісі. Ол жалпыға қолжетімді және ADX (Абу-Даби) тізімінде. Оның бүкіл әлем бойынша табысты жобалары бар. Енді Presignt компаниясы 2025-2030 жылдар аралығында Астанадағы бейнебақылау жүйесін дамытуға жауапты болады. Жобаға 53 млрд теңге қаржы бөлінеді. Жобаның 100 пайыз шығынын жеке компания көтереді, ал 60 пайызын қазақстандық кәсіпорындар қамтамасыз етеді. Presignt төлемдерді тек жоба іске қосылғаннан кейін алады.
– Жобада жол қозғалысы ережелерін бұзудың 15 жазбасы мен 35 бейнеаналитика түрі қарастырылған. Кез келген оқиғаны тез бақылау үшін жедел коммуналдық қызметтерді біріктіретін деректерді өңдеу орталығы ұйымдастырылып, бірыңғай ахуалдық орталық құрылады. Жоба 2030 жылға дейін созылады. Біз адамдар көп шоғырланған жерлерде 100 пайыз бейнебақылауды қамтамасыз ету арқылы қауіптің алдын ала аламыз. Жасанды интеллекті пайдалану процестерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, – дейді Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, билік жоба аясында қаланы жедел бақылауға арналған заманауи ситуациялық орталық құрады. Ал үлкен деректерді талдау қалалық процестерді оңтайландырады. Ақпаратты қорғау үшін жүйеге кіруді Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік күзет қызметі бақылайды.
Шетелдік компания үдеден шыға ма?
Астанада БАӘ компаниясының жаңа технологиялары енгізіледі деген ақпарат жарияланған сәтте әлеуметтік желіде түрлі пікір пайда болды. Бір тарап: «Шетелдік жүйе келсе, отандық «Сергектің» тағдыры не болады?» деп алаңдаса. Екіншісі: «Бәсекелестік болса, қызмет сапасы артады» деген үмітін білдірді. Ал үшіншісі: «Жаңа жоба шынымен де қауіпсіздік үшін бе, әлде тағы да айыппұл жинаудың амалы ма?» деген сұрақ қойды. Айта кету керек, Presight компаниясы негізінен смарт сити жобалары, жасанды интеллект арқылы талдау және үлкен деректермен жұмыс істеуге маманданған. Яғни, олардың шешімдері жол қозғалысын бақылаумен ғана шектелмей, қаланың барлық инфрақұрылымын цифрлы басқаруға бейімделген. Бұл тұрғыдан алғанда, Астанаға жаңа жүйе тек көлік жүргізушілеріне емес, жаяу жүргіншілер мен қоғамдық қауіпсіздікке де ықпал етуі мүмкін. IT сарапшы Есболат Адиевтың пікірінше, еліміздің болашығы мен қауіпсіздігі үшін, әлемдік IT аренада ешкімге тәуелсіз болғымыз келсе, сөз жоқ 100 пайыз отандық өнімді қолдау керек.
– Шетел компаниялары бұл салада мол тәжірибесі арқылы жылдам нәтиже беруі мүмкін. Қазақстандықтардың жеке деректерімен жұмыс істейтін IT сала шетелге тәуелді болмауы тиіс. Соңғы уақытта бейнебақылау, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы Қытай, Ресей, Германия елдері өз өнімдерін дамытып, шетелдік компаниялардың қызметінен бас тартуда. Осы елдер заң тұрғысынан да өз IT компанияларына қолдау көрсетеді. Сол себепті өзіміздің отандық IT компанияларды дамытып, басқа елдердің нарығына шығу арқылы табыс тапсақ жөн болар еді. Осы компаниялар өссе, IT саласына бөлініп жатқан гранттар да желге ұшпасы анық. Қазір көптеген жастар еліміздің IT нарығынан жұмыс таппай шетелдік компанияларда онлайн жұмыс істеп жүр, – дейді Есболат Адиев.
Шынымен де, «Сергекке» дейін елдің ірі қалаларындағы жолдарға ресейлік және қытайлық компаниялардың камералары орнатылған болатын. Ол кезде әр өңір өз бетінше келісімшарт жасап, түрлі шетелдік фирманың жабдықтарын пайдаланатын. Алайда бұл жүйелердің кемшілігі көп болды. Әсіресе, техникалық қызмет көрсету қымбатқа түсті, қосалқы бөлшектерді шетелден алдыруға тура келді. Сондай-ақ деректерді өңдеу мен сақтау процесінде ашықтық болмады. Бақылау камераларының сапасы да біркелкі емес еді, кейбірі ауа райына төтеп бере алмай, жиі істен шығатын.
«Сергекті» үлкен сеніммен жасаған
«Сергек» өз жұмысын Астанада тоқтатса да, басқа қалаларда жалғастыруда. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, бүгінде еліміздің 10 қаласында 34 мыңнан астам «Сергек» камерасы орнатылған. Жүйенің жұмысын және техникалық қызметін «Көркем Телеком» ЖШС мамандары қамтамасыз етеді. Компанияның негізін қалаушы – Қайрат және Әсет Ахметовтер. Ағайынды азаматтар жобаны нөлден бастағанын, бұған дейін қала көшелерінде тұрған камералардың бәрі еуропалық және қытай компанияларына тиесілі болғанын айтып жүр. Оған қоса, олардың өнімі біздің климатқа сай емес, Қазақстанның заңымен де сәйкес келмейді. Ал «Сергек» Қазақстанның заңдарын, полиция жұмысын ескере отырып құрастырылған. «Сергекті» Үкіметке ұсынбас бұрын алдымен өзіміз тексердік. Жалпы, өзіміздің кез келген жобамызды алдымен лабораториямызда сынақтан өткіземіз. Оның бірден ешқандай коммерциялық пайда әкелмейтіні тағы бар. Біз өзімізге қызық емес жобамен коммерциялық мақсат үшін ғана айналыспаймыз. Лабораториямызда біз ресейлік кешенді алып, «Сергекті» соған сәйкестендірдік», – деп түсіндіреді компания негізін қалаушылар.
2017 жылдан бері іске қосылған «Сергек» жобасы жол қозғалысының мәдениетіне айтарлықтай ықпал етті. Әсіресе, жол апаты жиі болатын қиылыстарда тәртіп күшейді, жылдамдықты шамадан тыс асырғандар азайды. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, камера орнатылған аймақтарда апат саны 30-40 пайызға төмендеген.

Елімізде асқан білімді азаматтар өз деңгейіне сай жұмыс таппай, Қазақстаннан кетіп, әлемнің әйгілі компанияларында жұмыс істеуге жиі бел буатынын жоғарыда сарапшылар да айтты. Ал Әсет пен Қайрат негізін қалаған компанияда сондай жастарға шетелдегідей жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Мұнда мамандар дүниежүзілік ІТ білімге лайықты жұмыс істейді және мұндағы тәжірибесімен кез келген уақытта Google сияқты беделді компанияларда жұмыс істеп кете алады. Өйткені бұл жерде ең соңғы технологиялармен жұмыс жүргізіледі.
–Шын мәнінде, «Сергек» қаражат жағынан аса табысты жоба емес. Әрі қанша жақсылық жасасаң да жаманатты көп арқалайсың. Бізге тыныш қана ақша табуға болатын басқа жобаларды жүзеге асырып жүре беруге болар еді. Бірақ ұлттық қауіпсіздік пен мүдде жолында ешкімнен қайтарымын күтпей еңбек етеміз, осы істі жалғастырамыз. Ағам Қайрат екеуміз үшін Астанадағы Sergek – жай ғана қауіпсіздік жүйесі емес. Бұл – біздің алғашқы үлкен жауапкершілігіміз, қаламен серіктестікте жұмыс істеген бірінші тәжірибеміз. Біз кішігірім жобадан бастадық, бірақ көздегеніміз – қалаларды қауіпсіз әрі жайлы ету еді, – депті бір сұхбатында Әсет Ахметов.
Айыппұлға ашықтық жетіспейді
Дегенмен қоғамда «Сергекке» қатысты сын да көп. Жүргізушілердің айтуынша, жоба көбіне қауіпсіздіктен гөрі қазынаға ақша түсіруге көбірек жұмыс істейтіндей әсер қалдырады. Сондықтан болар, камера орнату, айыппұлдарды бөлу жүйесі жөнінде халық толық ақпарат ала бермейді. Осы мәселені былтыр, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкинке жолдады.
– Қазір қалалардың бәрінде екі аттасаң көзі қызарған бес камера тұрады. Тіпті, үлкен қалаларда адамнан камера көп пе деп қаласың. «Сергек» камералары арқылы салынған айыппұлдың қыруар қаржысы қайда кетіп жатыр? Қанша пайызы мемлекет қоржынына, қанша пайызы жеке қалталарға кетеді? – деп сұрады Аманжол Әлтай.
Вице министрдің айтуынша, айыппұлдардан түскен қаражаттың бәрі де бюджетке түседі. Шарттар өңірлерде әртүрлі. Әр өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қалай орнатылғанына байланысты. Демек, ол шарттарды әкімдіктер камераларды орнатып, инвестицияны қайтару, операциялық шығындарды өтеу бойынша конкурс негізінде жасаған.
– Тағы да айтайын. Әр өңірде пайыз әртүрлі. Әу баста бүкіл айыппұлдардың қаражаты бюджетке түседі. Осыдан кейін бюджеттен инвестиция мен операциялық шығындар өтеледі. Әр өңірде МЖӘ әртүрлі шартпен жасалған, – деді Ростислав Коняшкин.
Ендеше «Сергек» пен Presight – тек цифрлы камера емес, билік пен қоғам арасындағы сенімнің өлшемі. Егер жаңа жоба ашық жүргізіліп, халыққа түсіндірілсе, қала үшін тиімді шешімге айналуы мүмкін.
Көктем ҚАРҚЫН