Биыл халқымыз үшін ерекше тарихи кезең. Жеңістің 80 жылдығы, Кеңес Одағының Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты мерген қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы қатар тойланып отыр.
Әлиямен аттас арулар
5,152
оқылды

Батырдың ерлігі, қайсарлығы мен отансүйгіштігі ел есінде мәңгілік сақталып, жас ұрпаққа өнеге болып келеді. Бұл атаулы даталарды мере­ке­леу аясында Ақтөбе облысында бір­қатар тағылымды шаралар өтіп жатыр. Облыс әкімдігі батыр қыздың туған күніне орай маусым бойына Әлияның туған жері Қобда ауданында және Ақтөбе қаласында арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Соның ішінде айрықша әсер қалдырып, ел ықыласына бөленгені – өңірдегі бірқатар елді мекендерде 15 маусым дүниеге келген Әлия есімді қыздар мен олардың аналарын құттықтап, марапаттау рәсімі. Бұл бастама – батырдың рухына тағзым, есіміне деген құрметтің жарқын көрінісі.

Бұл күні, яғни 1925 жылдың 15 маусым күні Әлия Молдағұлова Ақ­төбе облысы Бұлақ ауылында Нұр­мұхам­бет Сарқұлов пен Маржан Мол­дағұлованың шаңырағында өмірге келген. 6 жасында анасынан айырыла­ды. Әкесі және інісі Бағдат үшеуі қал­ғанымен, бауыры көп ұзамай көз жұмды. Кейін әкесі қызын нағашы әжесі Тәжікен Молдағұлова мен нағашы ағасы Әбубәкір Молда­ғұловтың тәрбиесіне береді. 

Әлияның шын есімі – негізінен Ылия (Ілия). Нағашы ағасы оның тегін өзгертіп, Молдағұлова деп жаз­дырады. Ал Ылияның Әлияға өзгеріп кетуін зерттеушілер «Ресейде оқып, сонда білім алған кезде Алия, Лия болып өзгерген» деп түсіндіреді. 

1933 жылы Әлия ағасы Әбубәкір Молдағұловпен бірге Әулиеата қала­сына көшеді. Сол жерде № 11 мектепте оқиды. 1935 жылы ағасы әскери ака­демияға оқуға түсіп, отбасы Мәскеу қаласына қоныс аударады. Ал 1938 жылы Ленинградқа көшеді. Мұнда № 9 мектепте білім алады. Тарихқа сүйен­сек, Молдағұловтар отбасы Ленинград­та бір бөлмелі пәтерде тұрып, Әлия мектеп-интернатқа қон­ыстанады. 1941 жылы 22 маусымда соғыс басталып, Ленинград қоршауда қалады. Әлия болса осы кезде Рыбинск техникумына оқуға түсіп, майданға сұранады. Ал 1943 жылы спайперлер мектебінде оқып, сол жылы майданға аттанды. 

Ақтөбе облысында батыр қызбен аттас үш мыңнан астам қыз-келіншек бар. Облыстық халыққа қызмет көр­сету орталығы ұсынған деректерге сүйен­сек, 1945 жылдан 2025 жылдың 15 маусымына дейін Ақтөбе өңірінде «Әлия» және «Алия» есімді 3 516 қыз дүниеге келген. Әсіресе, 1980–1990 жылдары бұл есімнің аса танымал бол­ғаны анықталды. Бүгінде де ата-ана­лар қыздарына Әлия есімін жиі қояды, бұл – ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық рухтың айқын дәлелі.

Сондай-ақ облыс бойынша «Мол­да­ғұлова Әлия» немесе «Молдагулова Алия» есімді 5 азаматша бар екені бел­гілі болды. Олардың ішінде Ақтө­беде – 3, Алға ауданында – 1, Әйтеке би ауданында тағы бір батырмен аттас бойжеткен өмір сүреді.

Ерекше назар салатын жайт – Мұғалжар ауданы Қандыағаш қала­сын­да да тарихи мәні зор оқиға тір­кел­ді: биылғы 9 мамыр – Жеңіс күн­інде дүние есігін ашқан егіз қызға «Әлия» мен «Мәншүк» есімдері қой­ыл­ды. Бұл таң­дау – батыр қыздардың достығы мен ерлігін ұлықтаудың, бүгінгі ұрпаққа үлгі етудің ерекше белгісі іспеттес. 

Сәбилердің анасы Гүлжазира Нұрланқызы Әлия Молдағұлованың ауылында туып-өскен. Кейін Мұғал­жар ауданына тұрмысқа шыққан ол өзінің батыр апасының рухына тағзым ретінде қыздарына осы есімдерді беруді жөн көргенін айтады. 

«Әлия мен Мәншүк – мен үшін әйелдің ғана емес, тұтас ұлттың на­мысы мен қайсарлығының симво­лы. Екеуі де Отан үшін жанын қиып, тарихта өшпес із қалдырды. Мен олардың ерлігін бала күнімнен тыңдап өстім, әрқашан сүйсінетінмін. Қыз­дарым да сол батыр апалары секілді елін сүйетін, қайсар да намысты болып өссін деп армандаймын», – дейді ол.

Әлия Молдағұлованың есімі тек өткеннің тарихы емес, бүгінгі күннің де рухани тірегі болып отыр. Ақтөбеде сәбилерге жиі қойылатын «Әлия» есімі – халықтың батыр қызға деген махаббатының, тағзымының айғағы. Жеңістің 80 жылдығы мен Әлияның 100 жылдығына орай ұйымдас­тыр­ылған шаралар, жаңа туған сәбилерге қойылған есімдер – барлығы да ел та­рих­ын қастерлеудің, болашаққа рух берудің жарқын мысалы.

Асыл ТҰМАР