Абай облысы Үржар ауданында ЖКО-дан зардап шеккен балаларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Абай облысы Үржар ауданында көлік қағып кеткен үш баланың халі нашар
Фото: Денсаулық сақтау министрлігінен алынды
593
оқылды

Облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан тұратын мультидисциплиналық бригада диагностикалық зерттеп-қараулардың барлық кешенін жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайын бағалап, жедел емдеу жоспарын жасады. Бұл туралы Aikyn.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Стационарда зардап шеккен үш бала бар. Олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуі тұрақты ауыр.  

Пациенттер жағдайының ауырлығы алынған жарақаттарға байланысты. Балаларда бас сүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған.  

Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға әуе бортымен тасымалдау мәселесі шешілетін болады.  

Пациенттердің біріне дәрігерлер бригадасы қазір миға күрделі нейрохирургиялық операция жасауда, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды. 

 Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көліктік авиация ұшағының бортында медициналық бригада ұшқан болатын. 

Бригада құрамында «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ нейрохирург дәрігері Сапарбек Сейтбеков, травматолог дәрігер, реаниматолог бар. 

Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылайды. 

Бұған дейін Абай облысында жол апатынан үш бала қайтыс болғаны, үш бала жарақат алғаны туралы жазған болатынбыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.