Шымкент қаласында елдің берекесі мен бірлігінің айнасы­на айналған дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті. Жастар ресурстық орталығында өткен марапаттау рәсімі нағыз қуаныш пен шаттықтың мерекесіне айналып, көпшіліктің көңілінде ұмытылмас әсер қалдырды.
Отбасы құндылығы – ел қазынасы
4,548
оқылды

Салтанатты шараға қала әкімінің орын­басары Сәрсен Құранбек қатысып, құт­тықтау сөз сөйледі. Ол отбасы құндылығы  қазақ қоғамының берік діңгегі екенін атап өтті. «Әр шаңырақ – бір мемлекеттің кіш­кен­тай үлгісі. Әке – ардың айнасы, ана – мейірім мен парасаттың иесі, ал қыз бен келін – әу­леттің шырағы. Біз осынау ғасырлар бойы қа­лыптасқан ұлттық жүйемізді сақтап, жас ұрпаққа аманаттауымыз қажет. Бүгінгі байқау  соның айқын көрінісі», – деді ол.

Айта кетерлігі, осы жылдары жеңімпаз атан­ған отбасылардың өмір жолы арнайы жи­наққа енгізіліп, кітап болып басылып шық­пақ. Бұл – ұрпаққа өнеге, келешекке мұра бо­­­­ларлық игі іс.

Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім бас­шы­сы Ақбота Бекхожақызы биылғы байқау­дың ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, биыл еңбек әулеттеріне басымдық беріліп, байқаудың аудандық кезеңінен бастап әділ іріктеу жұмыстары жүргізілген.

15 мамыр мен 15 маусым аралығында қа­был­­данған өтінімдердің саны 150-ден асты. Со­ның ішінен 20 отбасы қалалық кезеңге жол­­дама алды. Олар отбасылық құндылық­тарды дәріптеу, еңбек дәстүрін сақтау, қоғамға қосқан үлесі мен ұрпақ сабақтастығы бойынша бағаланды.

Шара соңында барлық 20 қатысушы от­басы қала әкімінің алғысхатымен мара­пат­талып, әр шаңыраққа тұрмыстық техника – теледидар сыйға тартылды.

Ал ең басты марапат – бас жүлде әл-Фара­би ауданынан қатысқан Нұртаевтар әулетіне бұйырды. Теміржол саласында бірнеше буын өкілі еңбек етіп жүрген бұл әулет – нағыз еңбек пен бірліктің үлгісі. Олар 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болып, енді 12 қыркүйекте Астанада өтетін рес­пуб­ликалық додада Шымкенттің намысын қор­ғайды.

«Мерейлі отбасы» байқауы жай ғана жарыс емес. Ол – отбасыларды ынталандырып, көпшілікке үлгі етіп көрсететін тағылымды шара. Әр әулет өзінің шежіресін, еңбегін, құндылықтарын паш етіп, жас ұрпаққа тәрбие берудің ерекше дәстүрін жалғастырып келеді.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы