Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізге ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті.
Серіктестіктің жаңа жол картасын бекітті
4,080
оқылды

Кездесудің нәтижесінде тараптар Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы Ынтымақтастықты дамыту бойынша 2025-2026 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды.

Мәулен Әшімбаев Танзила Нарбаеваға ілтипат біл­діріп, делегация мүшелерін Өзбекстанның келе жат­­қан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол екі елді тереңнен тамыр тартатын бауыр­лас­тық, достық, тату көршілік дәстүр байланыс­тыра­ты­нын атап өтті. Палата Спикері мемлекет бас­шы­лары айқындап берген өзара іс-қимылдың жо­ғары қарқынын әрі қарай жалғастыру, сонымен қа­тар орнықты болашаққа қол жеткізу және Орта­лық Азияның ортақ міндеттерін іске асыру жо­лын­да бірлескен іс-қимылдың маңызды екеніне назар аударды.

«Біздің елдеріміз арасында барлық деңгейде тығыз саяси қарым-қатынас жолға қойылған. Экономикалық өзара іс-қимыл белсенді дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығайып келеді. Бұл – ең алдымен, мемлекеттеріміздің басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеевтің берік достығының, құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынасының және олардың ерік-жігері мен бірлескен жұмысының нәтижесі. Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер мен Мемлекет басшыларының өзара сапарлары барысында маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Осы ретте Өзбекстан Президенті былтыр тамыз айын­да Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарын ерекше атап өткен жөн. Соның аясында алдағы 10 жылға арналған стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды. Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық келісімді тиімді іске асыруға өз үлесімізді қосу – біздің басты міндетіміз», – деп Сенат Төра­ға­сы келесі жылы Алматыда өтетін Өңірлік кли­мат­тық саммиттің негізгі тақырыптарына тоқ­талды.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстан мен Өз­бек­стан Парламенттерінің палаталары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері талқыланды. Одан бөлек, Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы ая­сында Орталық Азияның саяси, экономикалық жә­не мәдени әлеуетін іске асыру жөніндегі мін­дет­тер белгіленді.

«Елдеріміз арасында парламентаралық ынты­мақ­тастықты дамытудың маңызы зор. Бүгін осы ба­ғыттағы алдағы міндеттерді айқындайтын пала­та­лар арасындағы өзара іс-қимылдардың Жол кар­тасына қол қоямыз. Бұл құжатты қабылдау заң шы­ғару қызметінде тәжірибе алмасуды жандан­дыру­ға, бірлескен іс-шаралар мен консультациялар өт­кі­зуге, сондай-ақ тиісті комитеттер мен палата­лар аппараттары арасындағы өзара іс-қимылды да­мытуға мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшім­баев.

Сұхбат кезінде тараптар су-энергетика, көлік-ло­гистика және экология саласындағы жобаларды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, машина жасау, бі­лім беру, коммуникация мен цифрландыру ба­ғыт­тарын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін және бас­қа да маңызды секторларды қамтамасыз етуге ар­налған бастамаларды да Парламенттер арқылы қол­дауға ерекше назар аударды.

Кездесуде парламентаралық байланысты одан әрі нығайтумен қатар Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының алдағы съезі шеңберінде ру­хани дипломатияны дамыту мәселесі де сөз бол­ды. Мәулен Әшімбаев аталған форумды Өзбек­стан тарапы жан-жақты қолдап, Өзбекстан мұсыл­мандары басқармасы съезге белсенді қатысып келе жат­қанын айтты және бауырлас елдің өкілдері ді­на­ралық диалогті ілгерілетуге, әлемді алаңдатып отыр­ған бүгінгі өзекті мәселелерді шешу жолында ру­хани лидерлерді жұмылдыруға атсалысқаны үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қазақстанның Ор­талық Азия өңірін дамытуға қосқан үлесі, сон­дай-ақ көптеген сын-қатерді еңсеру және негізгі бағыт­тар бойынша қазақ-өзбек байланыстарын нығайту жолындағы ерік-жігері үшін ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Олий Мәжіліс Сенатының Төрағасы қазір діндер мен мәдениеттер арасындағы бей­бітшілік, келісім және толеранттылық идея­ла­рын ілгерілетудің маңызды екенін айтып, ынты­мақ­тастықтың аясын одан әрі кеңейтуге мүдделі еке­нін білдірді.

Айта кетейік, сапар аясында Олий Мәжіліс Се­натының Төрағасы Қазақстан-Өзбекстан ғылы­ми-шығармашыл зиялыларының форумына қаты­са­ды. Сондай-ақ Танзила Нарбаева ҚР Президенті жа­нындағы Әйелдер істері және отбасылық-де­мографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мү­шелерімен кездесіп, «Астана» халықаралық қар­жы орталығының және Astana Hub IT-стар­таптар технопаркінің қызметімен танысады деп күтілуде.