Биылғы ақпанда дизельді отынның литрі 295 теңгеге бұлданса, бүгінде ол үшін 319 теңгеден көп ақша сұралады. Бұған не себеп? Энергетика министрлігі биыл ЖЖМ тапшылығы жоғын, керісінше, оның өндірісі күрт артқанын хабарлады. Бүкіл әлемде мұнай бағасы керісінше, төмендеп кетті.
Ішкі нарық – басымдықта
Жалпы, мұнай өнімдерінің бағасы жыл басынан бері жүгенсіз, еркіне жіберілген екен. Ведомство мамандары жанар-жағармай бағасының өсуінің басты себептерін атады. Бұл нарықты ырықсыздандырумен, басқаша айтқанда, бағаларды «еркін айналымға» жіберумен, сондай-ақ көрші елдермен арадағы баға айырмашылығын жою қажеттілігімен байланысты көрінеді.
Себебі есепке алынған 2025 жылғы ақпан айында ең танымал АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрінің Қазақстандағы бағасы 205-208 теңгені құраса, Ресейде ол біздің ұлттық валютаға шаққанда – 300 теңгеге, Қырғызстанда – 404 теңгеге, Өзбекстанда 490 теңгеге жетіпті. Көршілермен арадағы айырмашылық сол кездің өзінде 285 теңгені құраған. Мұндай жағдайда Қазақстанда бензиннің қымбаттауын болдырмау мүмкін бе еді? Министрлік сарапшылары: «Жоқ!» деп үзілді-кесілді жауап қатты. Әрине, бюджеттен субсидиялауға болатын еді. Алайда бюджет тапшылығы тарихи рекордқа жеткен шақта оған ел қазынасынан енді артық қаржы табу қиын.
Сарапшылардың пайымдауынша, жыл басынан бері Қазақстан бұрынғы бағаларды сақтап қалғанда, онда отандық мұнай өңдеу зауыттары тек ішкі нарыққа емес, сондай-ақ Ресейдің, Қырғызстанның және Өзбекстанның көліктеріне де жұмыс істеуіне тура келетін еді.
Сондықтан ел Үкіметі келесі жолды таңдады: баға байыппен, біртіндеп, еркіне жіберіледі, мемлекет қарқынды қымбатшылықтың өршуіне жол бермеуге тырысады. Өніммен қамтуда ішкі нарық басымдықта болады, қанша жерден мол табыс әкелсе де, экспорт шектеледі.
Осыған орай 2025 жылғы 13 наурызда, Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шұғыл отырысы өткен-тін.
Жиындағы талқылау қорытындысы бойынша ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді назарға ала отырып, Қазақстан аумағынан бензинді, дизель отынын, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, ел шекарасынан әрі ұзап шығатын көліктерге машинаның төл багынан басқа құтыларға осы аталған өнімдерді құйып алуға жол берілмейді.
Қалай болғанда, республика ішкі нарығындағы бағаларын көршілердегі бағалармен бірте-бірте теңестіруге бет алды. Мұнда бір гәп бар: іргедегі елдердің нарығы бір орнында тұрған жоқ, бағалары одан әрі аспандап барады. РБК хабарлауынша, АИ-95 бензині тарихи рекорд орнатып, бұрын-соңды болмаған межеге жетті: бағасы 1 тоннасы үшін алғаш рет 80 мың рубльден асты. Рекорд осымен бесінші күн қатарынан жаңарған. Бұған қарсыласының ресейлік МӨЗ-дерге шабуыл жасап, бірінен соң бірін істен шығаруы ықпал еткен.
Соның салдарынан солтүстік көршіде АИ-92-нің 1 литрінің құны кеше 60 рубльден (ҚР Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша шамамен 408 теңгеден) асып кетті. Бұл Астанадағы ЖҚС-тардағы бағадан 1,8 есе жоғары. Жалпы, GlobalPetrolPrices дерегінше, 2025 жылғы 4 тамыздағы жағдай бойынша әлемде АИ-92-нің орташа бағасы шамамен 1,28 долларды құрайды. Бұл 700 теңгеге барабар. Ендеше Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының өсер өрісі әлі кең көрінеді.
Зауыттар жаңғыртылады
«Бензин бағасына алаңдауды тек «Бентлиге» ауысып отырғаннан кейін қойдым!» деген зілді әзіл бар. Мұндай сән-салтанатты көлік алуды жұрттың бәрінің қалтасы көтермейді. Бай-бақуаттылар әр литрінің 100 теңгеге дейін қымбаттауын сезіне қоймас, ал бұл жайт қарапайым халықтың әлеуметтік көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Өйткені жанар-жағармай қымбаттаса, ол тізбек бойынша көлік тасымалының, азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлардың бағаларының күрт көтерілуіне серпін береді. Жылу, жарық, су мен газ алпауыттары да коммуналдық қызметтерінің тарифін өсіргенде елде ЖЖМ бағасының жоғарылағанын негіз ететіні белгілі.
Бұл салада баға тез қарқынмен басқа шауып, төске өрлеп кетпеуі үшін ел Үкіметі нарық заңын пайдаланбақ. Атап айтқанда, ішкі нарықты мұнай өнімдерімен молықтыру арқылы оның бағасының шектен тыс көтерілуінің алдын алуға ниетті. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың мәліметі бойынша Қазақстан Шымкент МӨЗ-ін кеңейте отырып, ЖЖМ өндірісін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Ол Қазақстанда жылына 85-90 миллион тонна мұнай өндірілетінін еске салды. Оның бәрі шетелге шикізат күйінде сатылмай, өңделсе, ел ұшан-теңіз ЖЖМ-нің астында қалар еді. Алайда өндірілетін қара алтынның шағын бөлігі ғана өңделеді. Сондықтан бірінші вице-премьер нарықтағы сұраныстың МӨЗ-дердің ұсынысынан асып түсетініне екпін түсірді.
Бұл мәселені шешу үшін бұрыннан шаралар қабылданып жатқаны алға тартылды. Мәселен, 2017-2019 жылдар аралығында қазақстандық барлық 3 мұнай өңдеу зауытына реконструкциялау жүргізілді, бұл өндіріс көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Және 2019 жылдан кейін бұрын жылда туындайтын бензин, дизелдің өткір тапшылығын біршама азайтты.

Сонымен қатар Үкімет басшылығы өкілінің тұжырымдауынша, көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда бензин мен дизель отынының арзан болуы олардың заңды жолдармен, сондай-ақ контрабандамен де сыртқа кетуіне әкеліп соғады, бұл ішкі тапшылықты тудырады.
– Біз ішкі бағаларды сыртқымен біртіндеп теңестіретін боламыз, сол арқылы арзан ЖЖМ-нің шетелге кетуін болдырмаймыз. Өзімізде өндірісті кеңейту жоспарына келсек, Шымкент мұнай өңдеу зауытының екінші кезегін салу жоспарланып отыр. Бұл Шымкенттегі мұнай өңдеу көлемін 6 миллионнан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, Павлодар және Атырау зауыттарына қатысты өнімділікті арттыру бағытындағы іс-шаралар бар, – деді Роман Скляр.
Ал энергетика ведомствосының дерегінше, Қазақстанда өндірілген қара алтынның шамамен 20,4%-ы ел ішінде өңделеді: «2024 жылдың қорытындысында республикада 87,7 млн тонна мұнай өндірілді. Мұнда 2024 жылғы жоспар 97,1%-ға ғана орындалды. Осы мұнайдың 17,9 млн тоннасы өңделді. Бұл жоспар толық орындалды. Бір жыл ішінде 14,5 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. Бұл жоспардағыдан 102,1% артық», – деп нақтылады Энергетика министрлігі.
Тарата айтқанда, 2024 жылы мұнай өнімдерінің 5 түрінің жалпы өндірісі 14,5 млн тоннаға жетті. Соның ішінде автобензин – 5,46 млн тонна, дизель отыны – 5,38 млн тонна, мазут – 1,99 млн тонна, авиакеросин – 750 мың тонна, битум – 920 мың тонна. Биылғы көрсеткіштер бұдан да жоғары. Яғни, ЖЖМ тапшылығына негіз жоқтай.
Мұның сыртында Энергетика министрлігі қара алтынды өңдеу көлемін әрі қарай арттырып жатыр. Оның 2025 жылға арналған жоспарына сәйкес, биыл 14,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілмек. Бағаның көтерілуі күзгі жиын-терімге кесір келтірмеуі үшін энергетика ведомствосы 2025 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді 850 мың тоннадан астам дизель отынымен қамтамасыз етуді жоспарлады.
Өндіріс те, баға да өсті...
Серпінді қымбатшылыққа тосқауыл қою шаралары қабылдануға тиіс. Ішкі нарықты молықтыру үшін министрлік, «ҚазМұнайГаз» және қытайлық CNPC (МӨЗ қожайыны) арасында Шымкент мұнай өңдеу зауытының екінші кезеңін салу жобасы бойынша негіздемелік келісімге қол қойылған. ШМӨЗ 2 жылдық жөндеу аралық цикліне көшірілді.
Сондай-ақ жоғарыда айтылғандай, Еуразиялық одақ елдерін қоспағанда, Қазақстаннан тыс жерге жанар-жағармай әкетуге тыйым салатын бұйрықтың мерзімі ұзартылған. Атырау мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін және жобалау-сметалық құжаттамасын, Павлодар мұнай-химия зауытын кеңейту жобасының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу қолға алынған.
2025 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша Қазақстанның бүкіл 3 ірі мұнай өңдеу зауыты жалпы көлемі 8,83 миллион тонна мұнай өңдеді. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 685 мың тоннаға артық. Мұны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы хабарлады.
– Жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісі 6,84 миллион тонна болды, былтырғыға қарағанда мұндағы өсім – 893 мың тонна (4,44%). Өңдеудің жиынтық тереңдігі 89,61%-ға, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 77,53%-ға жетті. Технологиялық отынның шығыны 7 333 тоннаға (0,78%) азайды. Атырау МӨЗ 2,89 млн тоннаны өңдеді және мұнай өңдеу тарифін тоннасына 47 мың теңгеге дейін арзандатты. Павлодар МХЗ өңдеу тереңдігі бойынша ең жоғары көрсеткішке жетті – 91,81%. Шымкент МӨЗ ең үлкен көлемді – 3,07 млн тонна мұнайды өңдеп, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көрсеткіші бойынша 81,72%-ды қамтамасыз етті, – деп мәлімет берді ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Былтырғы жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда моторлық отынды шығару көлемі бірден 16,3%-ға, дизельде 16,9%-ға өсті. Салыстырар болсақ, бір жыл бұрын моторлық отын өндірісі керісінше 4,7%-ға, дизельді отын 1%-ға төмендеген болатын. Соған қарамастан былтыр бензин де, дизель де әлдеқайда арзан тұрды.
Қазақстан өз тарихында ешқашан бір жылда 6,84 миллион тонна жеңіл мұнай өнімдерін өндіріп көрген емес. Бірақ бұл тарихи рекорд «темір тұлпар» иелеріне қуаныш сыйлаған жоқ. Мысалы, он жыл бұрын, 2015 жылы республикада бірінші жартыжылдықта небәрі 3,6 миллион тонна өнім (2,2 миллион дизель, 1,4 миллион тонна бензин) жасай алды. Әйткенмен, сол 2015 жылы АИ-92 бензинінің 1 литрі шамамен 105 теңге, дизель шамамен 90 теңге ғана тұрыпты. Содан бері небәрі 10 жыл ішінде бағалар екі еседен астамға өсіп шыға келді.
Тек бір жыл ішіндегі қымбатшылықтың өзі қорқынышты: 2024 жылғы шілдеде жанар-жағармай құю стансаларындағы АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрінің бағасы – 202 теңге, АИ-95 пен АИ-96 – 253 теңге, АИ-98 – 292 теңге, дизельді отын 293 теңге болған.
Биылғы ақпаннан бастап ЖЖМ бағасы ырықсыздандырылды. Салдарынан бүгінде жанар-жағармай құю стансаларында АИ-92 бағасы – 223-225 теңге, АИ-95 пен АИ-96 – 270 теңге, АИ-98 – 310 теңге, дизельді отын 319 теңгеден асты. Бұл қымбатшылықтың шегі де, соңы да емесін шенеуніктер ашық айтады.
«Енерджипром» агенттігі Энергетика министрлігіне сілтеме жасап, күзде елдің отын тапшылығына душар болуы мүмкін екенін ескертті. ЖЖМ-нің қымбаттауы жыл соңында да жалғасатын көрінеді. Бағаны тоқтату бойынша енді жауапты шенеуніктердің жоспары да, ниеті де жоқ. Мұның соңы неге соқтыратынын өмір көрсетеді.
Елдос СЕНБАЙ