Осы орайда біз тәуелсіз ел тарихындағы 30 жылдан астам уақыт аралығында қызмет еткен Конституция негізінде мемлекеттік деңгейде қазақтың тарихи құқықтық негіздерінің салтанат құрған тұстары мен ұлттың ұтқан сәттері туралы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимовпен әңгімелескен едік.
– Жамаладен Ибраһимұлы, сіздің ойыңызша, бүгінгі Ата Заңымыз халқымыздың басты арман-мақсаттары мен ұлттық құндылықтарын нақты жаза алды ма?
– Негізі, Конституция дегеніміз – латын тілінен шыққан ұғым: constitutio, яғни «құрылым» сөзінен шыққан, «жарғы, бекітемін, мекеме» деген мағынаны білдіреді. Осы орайда кез келген мемлекеттің қалыптасуында, дамуында Конституцияның рөлі өте зор. Біз еліміздің 1995 жылы республикалық референдум неәтижесінде қабылданған Конституциясы бойынша өмір сүріп отырмыз. Бұл негізгі Заң шын мәнінде қоғамдық келісімге айналды. Сол бойынша билік Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құруды өзіне басты міндет етіп алды. Ал азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға жауапкершілікті алды. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мемлекеттің одан әрі нәтижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырды. Болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік берді.
Енді Конституциямызда халқымыздың арман-мұраттарына, ұлттық құндылықтарына қажетті қандай айшықтары болды десек, оның кіріспе бөлімінде, яғни заң тілінде «преамбула» деп аталатын тұсында «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп жазылған. Сондықтан Конституциямыз Қазақстан халқына қызмет етуге, халықтың алдына қойып отырған арман-мақсат, аңсар мұраттарына, ұлттық құндылықтарына қызмет етуге лайықталып жазылды. Болашақта да мемлкеттің құқықтық дамуының темірқазығы ретінде, ұстын ретінде әлі өміршең әлеуетін береді деп білеміз.
Ата Заңымыздың тұтас тұғыры, негізгі ұстыны – қазақтың зайырлылық дүниетанымымен үндес. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттың ұстанымы мен құқықтық мемлекеттің негізін қалаған қағидаттардың табиғи үйлесімі. Қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінде дін мен дүниенің аражігін ажырата отырып, адам құқықтары мен ар-ождан бостандығына құрмет көрсетуге ерекше мән берілген. Сол себепті де Қазақстан Конституциясы зайырлы мемлекет қағидатын негізге ала отырып, әр азаматтың сенім еркіндігіне кепілдік береді. Бұл – ел тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің берік тірегі.
– Сіздіңше конституциялық құқық үстемдігі деген не?
– Мемлекетте идеологиялық бағыт-бағдардың рөлін атқаратын ол негізгі құндылық, әрине, конституциялық құқық үстемдігі, заң үстемдігі, заң және тәртіп үстемдігі. Сондықтан да конституциялық құқық үстемдігі – барлық мекемеде, мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік секторларда, жеке және шағын, ірі кәсіпорын иелерінде, олар қызмет ететін ортада және азаматтардың өмір сүретін ауқымдағы Конституцияның үстемдік етуі. Ол мемлекеттегі заңдардың, нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі және сол заңды жүзеге асыратын атқарушы билік қызметінің барлық мемлекеттік органдарының, мемлекеттік қызметшілердің заңға сәйкес қызмет етуі. Ал қарапайым азаматтарға қатысты Конституцияның 12-бабының 2-тармағына сәйкес: «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп көрсетіліп, олардың ажырамас, бұлжымас құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы және оның қорғалуына мемлекет тарапынан кепілдіктің берілуі деп айтамыз.
– Бүгінге дейін Конституцияға қанша рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және бұл өзгерістердің бүгінгі нәтижесі қандай?
– Бүгінге дейін біздің Ата Заңымызға 7 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2022 жылғы 5 маусымда жүргізілген халықтық референдум негізінде енгізілген өзгерістердің нәтижелерін көріп отырмыз. Ол Президент құзыретінің шектелуі. Мысалы, өзінің қызмет етуі барысында Президент ешқандай саяси партияға жетекші бола алмайды, ешқандай саяси партияның мүшесі бола алмайды. Одан кейін Президенттің қызмет етуі барысында оның жақын туыстары ең жоғарғы саяси лауазымды қызметтерге және квазимемлекеттік ұйымдардың жетекші қызметтерін атқара алмайды деген нормаларды атауға болады. Сонымен қатар сайлау жүйесіне қатысты, енді Парламент Мәжілісіне екі жүйе – пропорционалды және мажоритарлы сайлау жүйелері қолданылады. Яғни, Парламент Мәжілісі депутаттарының жартысы саяси партиялардың тізімінен сайланатын болса, жартысы бүгінгі қоғамның талабына, сайлау туралы заңның талабына сай қазақ елінің әрбір мақтанышы, әрбір тұлғасы демократиялық принциптер негізінде өзін сайлау процесіне үміткер ретінде қатысуға өтініш білдіріп, сайлау додасында жеңіске жетіп, заң шығару қызметін жүзеге асыратын Парламентке депутат бола алады. Міне, осындай өзгерістер және басқа да толықтырулар қоғамда өз жемісін беріп отыр. Реформа нәтижесінде Парла-ментімізде қазір 6 саяси партияның өкілдері қызмет етеді және сонымен қатар 29 өзін-өзі ұсынған депутаттар жұмыс істеп отыр. Бұл депутаттардан сайлаушылардың күтетін талап-тілегі өте көп.
Мажоритарлы жүйемен сайланған депутаттар егер де сайланғаннан кейін бір жарым жыл көлемінде ешқандай нәтижелі еңбек етіп, өзінің сайлау алды бағдарламаларында өзінің берген уәделерін, өзінің алдына қойған жоспарларын орындамайтын болса, сол сайланған территорриядағы, округтегі сайлаушылар ол депутаттың мандатын қайтарып алу құқығына ие. Референдум нәтижесінде енгізілген конституциялық өзгерістер бүгінгі азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуына үлкен жол ашып отыр деп айта аламын.
– Қоғамда Конституция туралы тегін кеңестер жүргізіле ме? Адамдар немесе қоғам Конституцияның Сіз айтып отырған құқықтық негіздері мен маңыздылығын қаншалықты түсінеді? Сіздің ойыңызша конституциялық мәдениет деген не?
– Жалпы, мемлекетте құқықтық саясатты қалыптастыру бағытында азаматтарға, адамдарға, тұрғындарға құқықтық кеңестер беріледі. Елімізде қабылданатын заңнаманың барлығының негізгі бастауы – Конституция. Сондықтан оған сәйкес әр саладағы құқықтық нормалар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тұрғысында қалыптасқан үрдіс бар. Конституциялық мәдениет дегеніміз – ол құқықтық құндылықтардың, ұстанымдардың, білім мен тәжірибелердің жиынтығы. Конституциялық мәдениет – оны сыйлау, құрметтеу, адамның өз құқықтарын білуі мен құрметтеуі және оған сәйкес заңдарды тұрақтарды түрде орындап отыруы. Сондықтан оның қалыптасуына азаматтар әрқашанда өзінің үлесін жан-жақты қосуы керек.
АҚШ мемлекеттік қайраткері Уильям Сэмюэл Джонсонның айтқаны бар: «Заң – адамдардың тәжірибесін қоғам игілігіне пайдаланатын адамзат даналығының ең жоғарғы көрінісі» деп. Осы орайда Конституция мемлекетіміздің негізгі заңы десек, оны құрметтеу әр азаматтың парызы және міндеті. Қоғамда, өзі тұрып жатқан мемлекетте еркін, ыңғайлы, бейбіт өмір сүру үшін Ата Заңдағы құқықтар мен міндеттерді, нормалары мен принциптерді түсіне білуі керек. Бұл әр азаматтың құқықтың санасының өлшемін көрсетеді. Ал сол құқықтар мен бостандықтарды, еркіндікті түсініп, ұғынып қана қоймай, оны конституциялық принциптерге сәйкес орындау қоғамдағы конституциялық мәдениеттің барын, биіктігін көрсетеді. Қоғам демократиялық болғандықтан, бізде саналуандық қалыптасқан. Әртүрлі ұстанымдағы азаматтар, әртүрлі этностар, әртүрлі ой-идеяларға сүйенетін азаматтар бар. Бірақ олардың барлығын конституциялық мәдениет біріктіреді. Өйткені конституциялық құндылықтарды қалыптастыру қоғамдағы құқықтың үстемдігін, қоғамдағы демократиялық принциптердің сақталуын, адамдардың қорғалуы мен әділеттілікті көрсетеді.

Афиналық заңгер, өз заманының ұлы ойшылы Солон «Өзі шығарған заңын өзі орындамаған мемлекет түбі құлап тынады» дейді. Сондықтан да біздің азаматтарымыз қолданыстағы конституциялық нормалар мен принциптерді бұлжытпай орындауы керек. Қазақ елі азаматтарының Ата Заңға деген ұстанымдары әртүрлі деңгейде қалыптасты. Кейде оған мән бермейтін, мойынсынбайтын азаматтар да болуы мүмкін. Сондықтан да болашақ құқықтық мемлекеттің дамуында, конституциялық мәдениетті қалыптастыруда, оның толыққанды негізделуіне әлі де біршама жұмыс керек. Бұл тарапта тәжірибедегі заңгер мамандар, заңгер ғалымдар, адвокаттар, заң кеңесшілері, құқық қорғау органдарының өкілдері, жалпы мемлекеттік қызметшілер өз үлесін қосуы тиіс. Кезінде елімізде Әділет министрі, Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарған, заң ғылымдарының докторы, профессор Нағашыбай Шайкеновтың «Біздің азаматтарымыз Конституцияны құрметтей, сыйлай білуі керек. Мемлекеттік қызметкерлер Конституцияны құрметтеп, сыйлап қана қоймай, оның нормалары мен қағидаттарын өмірге енгізуге үлкен үлес қосуы крек. Ал оның нормаларын орындамау, мемлекеттің заң нормаларын орындамау, ол адамға күнә ретінде есептелуі керек» деген ой-тұжырымы бар. Сондықтан қазақ елінің конституциялық мәдениеті мен құқықтық санасы, атқарылып жатқан барлық іс-шараға сәйкес әр азаматтың құқықтық үстемдігі, заң үстемдігі принципін түсіне білу және түйсіне білу негізінде толыққанды қалыптасады деп ойлаймыз.
– Жалпы Конституция десе, көбіне алдымен қазақ тілінің ахуалы туралы ойлана бастаймыз, бірақ Конституция тіл туралы ғана заң емес қой. Яғни, Ата Заңымызда халық үшін тағы да өзекті болуға тиіс қандай құқықтық тармақтар бар? Сіздіңше халық өзінің конституциялық құқығын қаншалықты біледі?
– Конституциямыз мемлекеттің, қазақ елінің Ата Заңы болғандықтан, ұлттың құндылығына, ұлттың болашағына, ұлттың береке-бірлігіне қызмет ететін негізгі заң. Сондықтан да Конституцияда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жазылған. Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереді. Сонымен қатар 7-баптың 2-тармағында ұйымдарда және жергілікті басқарушы орындарда орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген. Осы орайда айтып кететініміз, «ресми тіл де қазақ тілімен тең қолданылады» деген бап орыс тіліне ешқандай да мәртебе беріп тұрған жоқ. Ал 14-баптағы «заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, діліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар болсын ешуақытта ешқандай да кемсітуге болмайды» деген бап бар. Яғни, Конституцияның кез келген бабы қазақ ұлтына, қазақ елінің әрбір азаматына толыққанды қызмет етеді деп ойлаймын.
– Ата Заңымыз туралы көбіне арнаулы датада ғана, яғни 30 тамыз болғанда есімізге аламыз? Басқа уақытта оның насихатталуы үшін қандай шаралар қажет деп ойлайсыз?
– Конституциямыздың қабылданған күні – 30 тамыз. Оны ресми түрде мемлекет тарапынан қабылданған мереке, айтулы іс-шара ретінде тойлаймыз, атап өтеміз. Бірақ Ата Заңымызды түсіндіруге байланысты іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұратынын білген жөн. Оның ішінде ғалымдар тарапынан жыл бойы өтетін құқықтық тақырыптарға қатысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларды атап өтер едім. Яғни, заңгерлер қатысатын, шетелдердегі, алыс-жақын көрші елдердегі, өз елімізде өтетін кез келген ғылыми-тәжірибелік конференциялар Конституцияны негізге ала отырып дамитын құқықтық мәселелер ауқымында болады. Екіншіден, сот билігі жүйесі де өздерінің үкімдерін шығарған кезде міндетті түрде әуелі Конституцияға, одан кейін сол қарастырылып отырған іске қатысты ұлттық заңнамаға сүйенеді. Одан кейін барлық мемлекеттік қызметкер күнделікті атқарып отырған іс-әрекеттерін Ата Заңның ауқымында жүргізіп отырады. Сондықтан да мемлекетімізде Конституцияның негізгі бағыты мен маңыздылығы 30 тамызда ғана емес, әр азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау барысында, әрбір азаматтың өз міндеттерін орындауға қатысты барлық іс-шарада көрінеді.
Оның бір мысалы, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Мемлекетіміз егемендігін жаңғыртуды осы айтулы іс-шарадан бастайды. Бұл мемлекеттік іс-шара ауқымында да Конституция туралы жан-жақты атап айтылады. 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күнінде де міндетті түрде Конституцияға, барлық конституциялық қағидаттарға сүйенетін ақпараттар таратылып, кездесулер, дөңгелек үстелдар, сұхбаттар, бағдарламалар өткізіледі. Мемлекеттік деңгейдегі барлық іс-шарада Ата Заңымыздың рөлі, маңызы, орны айтулы түрде ескеріліп отырады.
– Елімізде қазір Конституциялық Сот жұмыс істейді. Бұл органның бұрынғы Конституциялық кеңестен айырмашылығы қандай?
– Мемлекетімізде 2023 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жұмыс істейді. 2022 жылы 31 желтоқсанға дейін біздің елде Конституциялық кеңес өз жұмысын атқарған. Қазір Конституциялық кеңес деген орган жоқ, ол өз жұмысын тоқтатты. ҚР Конституциялық кеңесі Конституциямызды қабылдаған кезеңде Франция мемлекетінің құқықтық жүйесіндегі органның үлгісі ретінде алынған болатын. Бұл екі органның айырмашылығы – Конституциялық кеңеске өтінішті тек қана Президент, Премьер-министр, Парламент депутаттарының бір бөлігі, судьялар ғана бере алатын.
Ал 2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қызметке кіріскен Конституциялық Соттың ерекшелігі – бұл органға өтініш бере алатын субъектілер саны ұлғайды. Енді Президент, Премьер-министр, Парламент депутаттары, судьялары, Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкілет, уәкіл де өз өтініш-шағымын бере алады. Бұл органның ең басты ерекшелігі және айқын бір басымдығы – қарапайым азаматтар да өтінішін бере алады.
– Азаматтар бұл сотқа қандай жағдайда жүгінуіне болады?
– Конституциялық Сотқа азаматтар жүгінген кезде өздерінің жеке даулары немесе лауазымдық тұлғалардың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану үшін емес, сол дауларды қарау барысында қолданылған заң нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш бере алады. Мемлекеттің қолданып отырған Конституция және оның ауқымында қабылданған ұлттық заңнамалардың аясында өмір сүру мәдениеті қалыптасқанда жағдайда қоғамның кемелденуі басталады.
Сол сияқты қоғамның кемелденуі қазір 180 жылдығын тойлап отырған, әлемге танымал, қазақтың ойшылы, қазақтың брендіне айналған ұлы ғұлама, хакім Абайдың «Толық адам» идеясымен толық үйлеседі. Өйткені толық адам деген – адал азамат. Адал еңбек арқылы адал табыс тауып, қоғамға адал қызмет етудің мінез-құлқы конституциялық мәдениеттің қырларын ерекше ашып көрсетеді. Қазақ елінің билер мектебінен тәжірибе алған, қазақ данасы Абайдың құқықтық идеялары, билік шешімдері де азаматтардың өтініш, шағымдарының әділетті, заңда шешілуінің нақты үлгілері деп те айта аламыз.
Заң ғылымында «конституциялық патриотизм» деген ұғым бар. Бұл жай ғана ұран, Ту көтеру, көк Тудың желбіреуі туралы өлеңдер айтып, ән шырқау емес. Конституциялық патриотизм – Ата Заңымызды тереңнен түсініп оқу, оның әр бабын күнделікті өмірде пайдалану, құқықтар мен бостандықтарды қолдана білу, сонымен қатар Ата Заңға сәйкес Отан алдындағы, мемлекет алдындағы конституциялық парызды орындау, құрметтеу, сыйлау. Осы конституциялық патриотизм азаматтарды мемлекетке адал қызмет етуге үндейтін басымдықтардың бірі.
– Тәуелсіз ел тарихындағы 30 жылдан астам уақыт аралығында қызмет еткен Ата Заңымызға сүйене отырып, ұлттың ұтқан сәттері мен қазақтың тарихи құқықтық негіздерінің салтанат құрған тұстарын атап айтып беріңізші...
– Ата Заңымызды қабылдаған кезде және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізген кезде ұлттың ұтқан сәттері өте көп. Неге десеңіздер, 1991 жылы 16 желтоқсанда біздің қазақ елі өзінің тәуелсіздігін қайта жаңғыртқанға дейін елімізде бірнеше кеңестік кезеңнің конституциялары болды. Ол – 1937 жылғы конституция және 1978 жылғы Қазақ ССР-нің конституциялары. Міне, осы конституцияларға қатысты кезінде заңгер ғалымның пікірін келтірейін. Мәселен, «1937 жылғы, 1978 жылғы конституцияға қарағанда 1917 жылғы Алаш ардагерлерінің, Алаш арыстарының саяси бағдарламасындағы талданған, қабылданған нормалардың басымдығы жоғары». Яғни, кеңестік екі конституциядан гөрі Алаш бағдарламасы партиясының бағдарламасында айтылған идеялар өте құнды, ұлттық құндылықтарға бай, елге қызмет ететін идея» дейді заңгер ғалым. Осы идеялардың бәрі бүгінгі күні біздің мемлекетімізде қызмет етіп жатыр және Алаш қайраткерлері, Алаш арыстары кезінде мұрат еткен құқықтық мемлекет идеясы, зайырлы мемлекет идеясы, Президенттік басқару идеясы Конституциямызда орнықты түрде орын алды.
Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардагерлері қазақ елі түбінде өзінің жеке, дербес Президент басқаратын, егемен, тәуелсіз ел болады деп идея айтқан болатын. Сонымен қатар зайырлы мемлекеттің нақты рөлін атап көрсеткен болатын. Олардың көзқарасы бойынша мемлекет дін ісіне араласпауы керек, дін мемлекет ісіне араласпауы керек деген тұжырымдама қалыптасқан болатын. Бұл идеялар ел Конституциясының нормаларынан өзінің көрінісін тапты. Ұлт зиялыларының ХХ ғасырдың басында әзірлеген «Алаш бағдарламасы», «Қазақ уставы» деп аталатын саяси-құқықтық құжаттарында бүгінде ұлт мұратына қызмет ететін нормалардың іргетасы қабылданды. Сондықтан да осы құқықтық мұраттарды негізге ала отырып әзірленген ұлттың Ата Заңды қабылдаудағы ұтқан сәті көп деп айтуға толық қақымыз бар. Халқымыздың ықылым заманнан бері табиғатпен үндесіп өмір сүрген тарихи жадындағы еркіндік құқығы, бостандық құқығы, зайырлы дүниетанымы Ата Заңымыздың негізгі ұстыны, тұтас тұғыры болып қалыптасқанын сеніммен айта аламын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ