9-10 тамызда өткен «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» екінші тестілеу блогына 2 597 кандидат қатысқан.
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің өткендердің тізімі жарияланды
Фото: iStock
800
оқылды

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің үшінші кезеңіне жіберілген кандидаттардың тізімі жарияланды, –  деп хабарлайды  Aikyn.kz Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ақпаратына сілтеме жасап. 

Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» үшінші кезеңіне өткен кандидаттардың тізімі жарияланды.

Бекітілген іріктеу рәсіміне сәйкес, үшінші кезеңге ең жоғары балл жинаған 600-ден аспайтын кандидат (оның ішінде әрбір салалық бағыт бойынша 100-ден аспайтын кандидат) жіберіледі. Бірнеше кандидатта тең нәтижелер болған кезде іріктеудің келесі кезеңіне кандидаттардың көбірек саны жіберілуі мүмкін.

 Осылайша, келесі «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» кезеңіне ең жоғары нәтиже көрсеткен 683 кандидат өтті.

 Салалық бағыттар бойынша өту балы:

-    «Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» – 13 балл;

-    «Сыртқы саясат және инвестициялар» – 16 балл;

-    «Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» – 20 балл;

-    «Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» – 18 балл;

-    «Цифрландыру» – 18 балл;

-    «Экономикалық және қаржылық саясат» – 18 балл.

 Келесі кезеңге өткен тұлғалардың толық тізімі pkrezerv.gov.kz ресми сайтында орналастырылған.

«Ситуациялық тапсырмаларды шешу» кезеңі 2025 жылғы 16 тамызда өтеді. Бұл кезең мемлекеттік қызметтің ерекшелігіне тән практикалық жағдайларды орындау кезінде кандидаттың басқарушылық шешімдер қабылдау қабілетін бағалауға бағытталған.

Үшінші кезеңге жіберілген барлық кандидаттар 2025 жылғы 15 тамызда сағат 23:59-ға дейінгі мерзімде (Астана қ. уақыты бойынша) кезеңнен өту үшін өзінің жеке кабинетінде тіркелуі қажет.

Кезеңнен өтудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында прокторинг жүйесі қолданылатынын еске саламыз. Белгіленген талаптарды сақтамау, оның ішінде бөгде адамдардың көмегін пайдалану, қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды (AnyDesk, TeamViewer, DWService және т.б.) қолдану, камераны және/немесе микрофонды өшіру, смартфондарды, құлаққаптарды және өзге де электронды  ақпарат тасушы құрылғыларды пайдалану, сондай-ақ тест тапсырмаларын кез келген тәсілмен көшіру, тестілеу нәтижелерін жою үшін негіз болып саналады. Кандидат жеке кабинетте орналастырылған «Ситуациялық тапсырмаларды шешу» кезеңіне арналған нұсқаулықтың талаптарымен толығырақ таныса алады,  делінген агенттіктің арнайы хабарламасында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.