Тауарлардың ұлттық каталогі – еліміздегі барлық тауардың бірыңғай цифрлы эталоны.
2026 жылдан бастап өндірушілер мен импорттаушылар тауарлардың ұлттық каталогін қолдануға міндетті болады
Фото: gov.kz
928
оқылды

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына қатысып, мемлекеттік қаржыны цифрлы трансформациялау бағытындағы негізгі жоба – «Тауарлардың ұлттық каталогі» мемлекеттік деректер базасын (ҰКТ МДБ) енгізу жөнінде айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тауарлардың ұлттық каталогі – еліміздегі барлық тауардың бірыңғай цифрлы эталоны. Онда әр тауар бірегей GTIN/NTIN кодымен белгіленіп, бұл мәлімет сауда мен кеденнен бастап мемлекеттік сатып алулар мен бюджетті жоспарлауға дейінгі барлық негізгі процесте қолданылатын болады.

Қазіргі таңда:
• Қазір базада 15 млн тауар бар. Күн сайын 10+ млн чек туралы мәліметтер келіп түседі.
• Каталог қазірдің өзінде ретейлмен, сауда алаңдарымен, ФДО, БКМ, ЭШФ, кеден, мемлекеттік жоспарлау және тауарларды есепке алу жүйелерімен байланыстырылған.
• Бизнеспен 11 API-сервис интеграцияланды.
• Қолданыстағы анықтамалықтардағы он мыңдаған код салыстырылды.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық өндіруші мен импорттаушылар тауарларды ТҰК-да тіркеуге міндетті болады. Тиісті заңға қол қойылып, Жол картасы әзірленді.

ТҰК артықшылықтары:
• Тауар айналымының ашықтығы;
• Сапа мен жарамдылық мерзімін бақылау;
• Контрафактіге қарсы күрес;
• Мемлекеттік сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шараларына қатысуды жеңілдету.

«Тауарлардың ұлттық каталогін енгізу сауданың 20-ға жуық саласын қамтиды және бірыңғай деректер стандартын жасайды, бұл басқарудың тиімділігін арттырып, тұтынушыларды қорғау мен бизнестің жұмысын жеңілдетеді», – деді Әсет Нұрланұлы.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.