Қазақстандық суретші Әсел Бекжан Дженнифер Лопеске ерекше арт-нысанды сыйға тартты.
Дженниферге кілем сыйлады
4,519
оқылды

Естеріңізде болса, Әсел Бекжан кілемге портрет салу арқылы халық арасына кеңінен танылған еді. «Әлемдік жұлдыз Қазақстанда өнер көрсетеді» деген сәтте суретші Джей Лоның портретін кілемге салу туралы ойлана бастайды.

Оның сөзінше, әлемдік поп-жұл­дызбен көзбе-көз жолығу мүмкін бол­маған. Себебі ол әрдайым назарда болып, жанында қатаң күзет жүрген. Ал картинаны табыстауға Алматы қаласының әкімдігі көмектескен. Әдетте, 2 айдай уақыт кететін мұндай картина 1 апта жасалған. Композиция үшін суретші Дженнифер Лопестің ең сәтті суретін таңдап, оған Алматының сұлбасын қосқан және түсі мен өрнегі үйлесетін кілем тапқан. Полотноның көлемі – 150×100 см болды.

– Мен қалың түкті маталарға арналған арнайы бояу қолданамын, тіпті кілемде қалай сурет салу керегі жөнінде өзімнің авторлық әдісімді жасап үлгердім. Бұл – граффити, клас­сикалық техника және гиперреа­лизмнің қоспасы. Ең қиыны – кілемге сурет салатын орын табу болды. Бояу­лардың иісі ащы, үйде жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан суретті үйімнің алдында, картинаны қоршауға сүйеп қойып, көшеде салдым. Мольберт ор­ны­на төрт үлкен картон парағын пай­даландым, ал картинаны кеңсе қыс­қыштарымен бекіттім, – деді суретші.

Әсел Бекжан картинаны әншінің тобына тапсырған. Ал Алматыда өткен концерттен кейін ол Дженнифер Ло­пес­пен фотосессияда жүздесуге мүмкіндік алды.

– Мен тізімде болмадым, сондықтан полиция бізді стадионнан төрт рет шығарып жіберді. Бірақ біз үмітімізді үзбей, қайта-қайта барып тұрдық. Ақырында жолымыз болды – тізімнің соңындағы адамдар келмей қалып, біз ішке кірдік. Бізден телефондарымызды тапсыруды сұрады. Дженнифер бізбен амандасып, қол алысып, бірге суретке түсті. Мен оған портретін кілемге салып бергенімді айттым. Бірақ карти­на­ны оның тобына табыс еткенімізді түсіндіруге уақыт жетпеді, – деді ол.

Әнші сыйлықты әлі көрмесе де, Әселдің Instagram желісіндегі бейне­жазбасын байқап, оны өз парақшасында Stories-ке бөліскен.

К. ЕСІМ