Үкіметте өткен баспасөз конференцияда Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы және 7 айдағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтып берді.
Экономикалық өсім қарқыны жеделдеді
3,627
оқылды

Вице-премьер өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасын екі есеге арттыру жөнінде өршіл мақсат қойып отырғанын атап өтті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұндағы нысаналы көрсеткішке қол жеткізілді.

«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, соның ішін­де инвестицияны ынталандыру, өнімділікті арттыру және экономиканың шикізатқа жатпайтын секторын кеңейту есебінен жүруде. Биылғы қаң­тар-шілде айларының қорытындысы бойынша эко­номикалық өсім 6,3%-ға жетті. Нақты сек­тор­дағы өсім 8,3%-ды құрады. Қызметтер өндірісі 5,2%-ға өсті», – деп хабарлады Серік Жұманғарин.

Негізгі драйверлер – көлік (+22,5%), құрылыс (+18,5%) және сауда (+8,6%) саласы. Тау-кен өнер­кәсі­бінде (+8,5%) өсу жалғасып, өңдеу секторы (+6,1%) жандана түсті.

Вице-премьер қабылданған шаралардың нә­тижесінде қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойын­ша негізгі капиталға салынған инвестиция 16,1%-ға өскенін атап өтті.

Инвестицияның ең көп өсімі білім беру сала­сын­да 2,3 есе, қаржы қызметінде 90,1%, өңдеу өнер­­­­кәсібінде 38,7%, ауыл шаруашылығында 27%, ден­саулық сақтауда 17,5%, көлікте 17% мөлшерінде бай­қалады.

Елімізде экономиканы әртараптандыру бойын­ша ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. Соның ішінде шикізатты терең өңдеу және аралас са­лаларды дамытуға баса мән берілуде.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде қаңтар-шіл­де айларының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1%-ға өсті.

«Өсімге металл бұйымдар өндірісі мен машина жа­сауда 14%-ға, тамақ өнімдерінде 9,2%-ға, мұнай өң­деуде 8,6%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінде 6%-ға ұлғаю есебінен қол жеткізілді», – деп ха­бар­лады Серік Жұманғарин.

Тау-кен өнеркәсібі де жоғары өсу қарқынын +8,5%-ға сақтап келеді. Бұл мұнай өндірудің 11,9%-ға, газ өндірудің 14,3%-ға және көмірдің 10,6%-ға артуымен байланысты.

Құрылыс жұмыстарының өсуі 18,5%-ға дейін же­делдеді. 9,4 млн шаршы метр тұрғын үй пай­да­лану­ға берілді. Бұл былтырғы тиісті кезеңнен 5,2%-ға артық.