Кино сыншылары мен өнертанушылар оны «Қазақ киносының анасы» деп атады. Бұл атау ресми марапат емес, халықтық құрметтің белгісі еді.
«Мұхтар Әуезовтің өзі басты рөлге таңдады»: Туған ағасын репрессиядан арашалап қалған – Әмина Өмірзақова
"Тақиялы періште" фильмінен скриншот
6,270
оқылды

Әмина Өмірзақова қазақ сахнасы мен кино өнерінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі. Өнердегі жолы алпыс жылдан астам уақытты қамтып, ондаған ұрпақтың жадында аналық мейірім мен адамгершілік бейнесі болып қалды. Ол сомдаған бейнелер қазақ әйелінің асқақ парасаты мен нәзік болмысының көркем көрінісі іспетті. Театр сахнасында да, кино экранында да шынайылық пен терең сезімге негізделген актерлік шеберлігі арқылы ерекше танылды.

Әмина Ерғожақызы 1919 жылы бүгінгі Абай облысы Абай ауданы Қараауыл ауылында дүниеге келді. “Абай жолындағы” Ербол осы Әмина апамыздың әкесі Ерғожаның туған бауыры. Бала кезінен ауылдағы тіршілік, Абайдан қалған өнер ортасында өтіп, халық ән мен күйлерін тыңдап өседі. 

Әкесінің ерте қазасы Әминаның ағасына міндетті артқызып, көп ұзамай отбасын Семейге көшіріп алған екен. Бала актриса театр дегенді алғаш осында жақсы танып-білсе керек. Кейіннен тағдырдың тәлкегі оларды Алматыға апарады. Қалада да тұрмыс қиын болып, сабақтан кейін құрбысымен базарда балық сатып, тапқанына үйге азық-түлік алып баратын. 1932 жылы радиодан хорға қабылдау туралы хабарды естіп, бағын сынамақшы болады. Борис Ерзаковичтің өзі қабылдап, хор әртісі болып қабылданды. Кейін көп ұзамай Ленинградқа жолдама алған екен.

Осы Ленинградта оқып жүргенінде репрессия басталып кетеді. Ол қасірет Әминаны айналып өтпеген екен. “Аңыз адам” журналына берген сұхбатында келесідей айтады:

“1938 жылы соңғы курста оқып жүргенмін. Елден хабар келді, үлкен ағайымды «халық жауы» деп ұстап кетіпті. Зәре қалмады. Тез жиналып, елге келдім. Анам мен жеңгем жылап, бар жағдайды айтты. Содан үйдегі бар жарарды сатып, адвокат жалдап, Мәскеуге келдім. Калининнің қабылдауына жазылдым. Калининнің қабылдауын күтіп адвокат екеуміз отырмыз. Бір кезде бізге кезек келді. Хатшы қыз «Қазақстаннан бір қыз келіп отыр, кішкентай қыз» деп қояды. Сосын «өзі кірсін, жалғыз өзі» деді, адвокатымды кіргізбеді. Аяқ-қолым дірілдеп, өзімді ұстай алмадым. Есік ашылып ішке кіргенде, ол кісі мені орнынан тұрып қарсы алды. Жүгіріп барып оны құшақтап, өксігімді баса алмай, айтатын сөзімді айта алмай жыладым. Бірер минуттан соң ол менің жасымды өзінің қол орамалымен сүртіп жұбатты. Бар жайды айтып бердім, үндемей тыңдады. Сосын «Айналайын, Әмина, мен саған қолымнан келгенше көмектесемін» деп жұбатып, арқамнан қағып шығарып салды. Елге жеткенше қуанышым қойныма сыймай, үйге кіре сала: «Ағайым келеді, оны босатады, ол келеді», – деген сөзден басқа ештеңе айтпаппын. Анам мен жеңгем жылап: «Әмина, айналайын, дұрыстап мән-жайды айтшы», – дейді. Барлық болған жайды айтып бердім. Олар маған сенер-сенбесін білмей таңырқай қарайды. Алғырлығым ба, әлде шын сенгендігім бе, әлде Алланың жазған тағдыры солай болды ма, ағайым бір күні үйге оралды. Бірақ одан не пайда, өмірден түк көрмей, тар қапаста тапқан қарғыс атқыр науқастан көп ұзамай дүние салды.

Оқу бітірген соң, Әмина Өмірзақова сахнадағы алғашқы қадамдарын Шымкент облыстық драма театрында жасады. Классикалық туындылардан бастап, қазақ драматургтерінің пьесаларына дейін түрлі рөлдерді шебер сомдады. Алматыға оралғаннан кейін Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өнер көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді.

Әмина Өмірзақованың өнер жолындағы ең жарқын беттерінің бірі, әрине, оның киноға келген сәті. Студент кезінің өзінде-ақ «Комсомольск» және «Амангелді» фильмдерінде эпизодтық рөлдерге шақырылды. Бірақ оның есімін елге танытқан, өнердегі үлкен серпіліс жасаған 1945 жылы жарық көрген «Абай өлеңдері» фильмі еді. Онда актриса Ажар бейнесін сомдап, нәзік мінезді, адал сезімді қазақ қызының болмысын көрерменге сенімді жеткізді.

Мұхтар Әуезовтің «Абай әндері» шығармасына кино түсірілмек болды. Мұхаңның өзі сценарийіне қатысты. Басты рөл – Ажарға сұлу қыздар іздеп, бәйге жариялады. Мен де суретімді өткізе салдым, бірақ үміттенбедім. Өйткені ол кезде сұлулар көп болатын. Мұхтар аға өзі келіп, сұлуларды таңдады. Мені алатын болып шешіпті. Ол кісіге бәрінен бұрын көзім ұнапты. Қуанғанымнан «Менің пұшық мұрным өтіп кетті», – деп айқайлап, күле беремін. Пұшық мұрынды қыр мұрын жасады, әп-әдемі Ажарға айналдым, – деген екен Әмина Өмірзақова өз сұхбатында.

1964 жылы экранға шыққан «Ана туралы жыр» картинасы оның шығармашылық тағдырын түбегейлі өзгертті. Бұл фильмдегі ана бейнесі – аналық мейірімнің, төзім мен жүрек жылуының символы ретінде халық жадында қалды. Әмина Өмірзақова осы рөлі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленіп, бүкілодақтық деңгейде «ең үздік әйел рөлі» атағын алды.

Ал 1968 жылғы «Тақиялы періште» фильмі халық жүрегінде мүлде бөлек орын алды. Тайлақтың анасы – ақжарқын, ұтқыр ойлы, қонақжай, бір сәтте күлдіре де, жылата да алатын кейіпкер. Бұл бейнеде актриса қазақ әйелінің күнделікті тұрмысын, мінезін, сөз саптауын шынайы жеткізіп, кино тарихында ұмытылмас образ жасады.

Әмина Өмірзақова: «Ана туралы аңыздан» кейін үлкен қуанышқа бөленіп, еңбегімнің бағаланғанына риза болып жүрген күндердің бірінде киностудияда Шәкен ағамен кездестім. Жай-жапсарды сұрасқаннан кейін Шәкен аға: «Жағдайың қалай?» – деді. «Аға, толқып жүрмін», – деп едім, – «Мен онда сені екінші рет толқытамын. Мен әдейілеп тұрып саған сценарий жаздым, бұл – комедиялық туынды. Басты рөлде сен ойнайсың», – деді. Комедия дегеніне біртүрлі ойланып қалдым да: «Көреміз, аға», – дедім. «Ана туралы аңыздағы» трагедиялық кейіпкерден бірден комедияда қайтіп ойнаймын деп жүрдім. «Ана туралы аңызда» ойнамайсың – өмір сүресің. Өйткені өзің анасың. Ал «Тақиялы періштедегі» Тана жеңгейді рақаттанып тұрып ойнадым. Мен бұл образдағы ананы жақсы алып шықтым деп ойлаймын. Себебі ол кезде екі ұлым үйленбеген еді. «Осылар қашан үйленеді екен?» деп ойлайсың ғой. Өмірде басымнан өткен нәрсе кинода да біте қайнасып жатты. «Ана туралы аңыз» фильмімен шетелдерге шығып жүлде алдым. Бірақ халық мені «Тақиялы періште» арқылы таныды.

Әмина Өмірзақованың өнері тек көрерменнің сүйіспеншілігіне ғана емес, ресми мойындауға да ие болды. Ол 1965 жылы Қазақ КСР Халық әртісі атағын алып, сол кездегі ең жоғары шығармашылық марапатқа қол жеткізді. Бұл сахна мен экрандағы ұзақ жылдарғы еңбегінің, шеберлігінің, мәдениетке қосқан үлесінің мемлекет тарапынан жоғары бағалануы еді. 1967 жылы ол «Ана туралы жыр» фильміндегі рөлі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Сол рөлдің шынайылығы, эмоциялық күші оған бүкілодақтық кинофестивальде «ең үздік әйел рөлі» атағын да әкелді.

Кино сыншылары мен өнертанушылар оны «Қазақ киносының анасы» деп атады. Бұл атау ресми марапат емес, халықтық құрметтің белгісі еді. Өйткені оның сомдаған бейнелері көп жағдайда мейірім мен жылулықтың символына айналды. Зерттеушілердің жазуынша, Ә. Өмірзақованың өнері жай ғана актерлік шеберлік емес, ұлттық мәдениеттегі әйел бейнесінің биік көркемдік үлгісі. Ол экран мен сахнада бейнені жандандырып қана қоймай, оған уақыттың рухын, қазақы мінездің бояуын қосты. Актриса 2006 жылы дүниеден озады.

Әмина Өмірзақова – өнерге адалдығы мен шынайы таланты арқылы қазақ мәдениетінің биік шыңына көтерілген тұлға. Ол сахнада 150-ден астам рөл сомдап, 20-дан аса кино туындысында өнер көрсетті. Сомдаған бейнелері халық жадында ғана емес, ұлттық өнер тарихында да мәңгілік орын алды. Актрисаның сахна мен экрандағы әр рөлі терең сезімге, ұлттық болмысқа және көркемдік шеберлікке негізделгені оның өнерін уақыт өткен сайын құнды ете түседі.