Қасым-Жомарт Тоқаев жастар қашанда және қай кезде де өзгерістің басы-қасында жүретініне ерекше тоқталып өтті.
Тоқаев: Елімізге аянбай еңбек ететін әрі өзін ұдайы жетілдіріп отыратын жаңашыл жастар қажет
572
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық жастар күніне арналған Jastar Fest форумының қатысушыларына үндеу жолдады. Президент бұл мерекенің жастар үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

- Құрметті жастар, форумға қатысушылар! Қадірлі қауым! Халықаралық жастар күні баршаңызға құтты болсын! 

Бұл – мән-мағынасы ерекше мереке. Бүгін осында нағыз отаншыл, дарынды және жанашыр жастар жиналды. Түрлі кәсіпті меңгерген азаматтар бас қосып отыр. 

Халқымыз қашанда талапты жастарды қолдаған. «Ақыл – жастан» деп, оларға зор сенім артқан. 

Сіздер барлық салада белсенді түрде еңбек етіп жатсыздар. Волонтер ретінде мұқтаж жандарға көмек беріп жүрсіздер. Маңызды бастамаларға, экологиялық іс-шараларға атсалысып, қолдау көрсетіп келесіздер. Спорт, білім сайыстарында топ жарып, елдің абыройын көтеріп жүрсіздер. 

Осылайша, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құруға нақты үлес қосып жатсыздар. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!, - деді Президент.

Жастар форумы Павлодар қаласында өтіп жатыр. Бұл аймақ – ұлт руханиятын байытуға өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті тұлғалардың мекені. Президент атап өткендей, Павлодар – еліміздегі өнеркәсіп орталығының бірі. Облыстың экономикамызды өркендетуге қосқан үлесі зор. 

- Аймақ тұрғындары өндіріс, шаруашылық және басқа да салада адал еңбек етуде. Елімізді көркейтуге атсалысуда.  Жастарымыз олардан үлгі-өнеге алып, облысты одан әрі дамытып, жаңа мақсаттарға жету үшін қызмет етуі керек. 

Еңбекқорлық пен білімпаздық, жанашырлық пен жауапкершілік – ең асыл қасиеттер. Биыл – Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы. Осыған орай, біз ауқымды шараларды қолға алдық. Елімізде еңбек адамына әрдайым ерекше құрмет көрсетілуі керек.  Мұны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды, себебі, еңбек – әрбір адамның өмірінің тұғыры, қозғаушы күші. Еңбексіз ешқандай даму, өркендеу болмайды. Бұл бастаманың мән-маңызы да – осында, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастар қашанда және қай кезде де өзгерістің басы-қасында жүретініне ерекше тоқталып өтті.

- Сіздер дүние әп-сәтте мың құбылатын заманда өмір сүріп жатсыздар. Жастардың өздерін танытуына мүмкіндік мол. Озық ойлы жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, білімпаздығы, еңбек етуге және өзін-өзі дамытуға құштарлығы қуантады. Өйткені еліміздің бүгіні де, ертеңі де – Сіздер. 

Отанымыздың тағдыры белгілі бір дәрежеде жас буынның күш-қуатына, ой-пікіріне, білім-білігіне, табандылығы мен патриоттық қасиеттеріне байланысты.  Мемлекет өскелең ұрпаққа тиісті жағдай жасайды. Қазақстанда білім алу және еңбекпен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге, таланттарды шыңдауға, жеңілдікпен баспана сатып алуға, сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған көптеген бағдарлама әзірленіп, іске қосылуда. 

Бұл игіліктерді 600 мыңнан аса жас көріп отыр. Сондай-ақ олар арнаулы квота арқылы Мәжіліс пен мәслихат қызметіне белсенді атсалысуға мүмкіндік алды. Президенттік жастар кадр резерві мүшелері де іскерлік қырымен танылып, жоғары лауазымдарға тағайындалып жатыр. Ауыл мен аудан әкімдерін тікелей сайлау тәсілі көптеген жастың жергілікті атқарушы билік жүйесіне қызметке келуіне жол ашты. 

Дүние жүзінде жастарға арналған осындай мазмұнды бағдарламалар көп емес. Мемлекетіміз стратегиялық маңызы бар бұл саясатты міндетті түрде жалғастырады. 

Елімізге жауапкершіліктен қашпайтын, аянбай еңбек ететін әрі өзін ұдайы жетілдіріп отыратын жаңашыл жастар қажет. 

Хакім Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп бекер айтпаған. Ұлы ойшылдың бұл өсиеті бүгін де – өзекті. Қазақстан жастары – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, жасампаз азаматтар. Еліміздің жарқын болашағы – өскелең ұрпақтың қолында. 

Мен Сіздерге сенемін! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін! Жолдарыңыз ашық болсын! Жастарымыз әрқашан бақытты және табысты болсын!, - деді Президент өз үндеуінде.

12 тамызда республикалық жастар форумының қатысушылары Жастар бастамаларын дамыту орталығының базасында өткен «Jastar-X» республикалық диалог алаңына қатысты. Кездесу барысында спикерлер қатысушылармен бірлесіп, заманауи трендтерді, сондай-ақ жұмыс орындарындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Пікірталас модераторы Павлодар облысының қоғамдық белсендісі Азат Бусурманов болды.

Әр түрлі кәсіби салалар мен іскерлік қоғамдастықтың өкілдері: «Халықаралық бағдарламалар орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Әділ Миратұлы Құсманов, «Bibigul Tuligenova Creative School» бас директоры Арнұр Жұмаханұлы Мәденов, фермер және «Dala Camp» жобасының негізін қалаушы Жәнібек Болатұлы Кенжебаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, депутат Павлодар қалалық мәслихатының Гүлзира Нұржанқызы Атабаева, лор-дәрігер, Қазақстандағы оториноларингология саласындағы инновациялық және тәжірибелі маман Медет Елтайұлы Маханбет, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, отоларинголог-дәрігер, сондай-ақ қазақ тіліндегі «Aqyl Battle» зияткерлік ойынының әзірлеушісі Айболат Құлатай өз тәжірибелерімен және пікірлерімен бөлісті.