Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті.
Жүзден жүйрік
5,108
оқылды

Іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Оқу­шылар химия, математика, физика, география, ин­форматика және биология пәндерінен үздік нә­тиже көрсеткен.

Президент жастарды, ең алдымен, білім әле­міндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы риза­шы­лығын білдірді. Олардың халықаралық беделді бі­лім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде баға­ла­ды.

– Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу, әлем­дік жарыста жеңіске жету оңай емес. Білімге деген ұм­тылыстың, нағыз еңбекқорлық пен табанды іс-әрекеттің арқасында осындай биікке шығып жат­сыздар. Расында, дарынға ие болу, бұл – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бо­ла алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен пайдалана білу қажет. Әр жеңіс, әр медаль тынымсыз ізденіспен, маңдай термен, үз­діксіз дайындықпен келеді, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұс­таздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жет­кізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты. Қазақстанның болашағы  жасампаз жастардың қолында екеніне назар аударып, ұл-қыз­дарымыз әрдайым үздіктер қатарынан табы­ла­тынын атап өтті.

– Жастарымыз жаһандық спорт және өнер до­даларында жеңімпаз атанып, Туымызды көкте жел­біретіп жүр. Білім саласындағы беделіміз де ар­тып келе жатыр. Былтырдан бері оқушыларымыз 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жа­рысқа қатысып, мыңға жуық медаль алды. Оның 200-ге жуығы – алтын, 300-ден астамы – күміс, ал 500-ге жуығы – қола медаль. Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Тағы да қайталап айтамын, біз әлем­дік жарыста ел намысын қорғаған әр жеңім­пазды мақтан тұтамыз. Сіздерді еліміздің бетке ұс­тар, лайықты азаматтары деп санаймын. Бола­шақ­та да Қазақстанның одан әрі дамуына қомақты үлес қосатындарыңызға кәміл сенемін, – деді Пре­зидент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға барынша жағ­дай жасау мемлекеттің басты міндетінің бірі еке­ніне тоқталды. Бұл бағытта ауқымды іс атқарылып жатыр. Бірақ негізгі жұмыс әлі алда.

– Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында заманауи үлгідегі «Келешек мектептері» ашылуда. Мұғалім мәр­тебесін көтеруге баса мән беріліп жатыр. Ғы­лым жолына түскен жастарға жан-жақты қолдау көр­сетілуде. Бұл ретте «Болашақ» халықаралық сти­пендиясы тиімді рөл атқаруда. Жоба аясында мыңдаған жас азамат әлемнің озық университеттері мен зерттеу орталықтарында білім алды. Бүгінде олар­дың көбі елімізді өркендетуге мол үлес қосуда. Алдымызда тұрған міндет – осы стипендияға нағыз қабілетті, дарынды балаларды іріктеу. Кездейсоқ адам­дарды қосуға болмайды. Сондықтан келесі жыл­дан бастап халықаралық олимпиада жеңім­паздарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылданды. Осылайша, біз да­рынды әрі талапты жастарға жан-жақты қолдау көр­сете береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, халықаралық беделді олимпиадалардағы жастардың жетістіктері ұлтымыздың зияткерлік қуаты мен өскелең ұрпақтың зор әлеуетін танытады.

– Елімізге ғалымдар, инженерлер, педагогтар, дәрігерлер мен басқа да жоғары білікті мамандар қажет. Әсіресе, жасанды интеллект саласындағы ма­мандар айрықша сұранысқа ие болады. Инновация мен жоғары технологиялар негізінде еліміздің алдағы даму кезеңдерінің берік іргетасын қалап жатырмыз. «Росатом» компаниясымен бірге салынатын алғашқы атом электр стансасы стратегиялық маңызға ие. Бірер күн бұрын оның құрылысы ресми түрде басталды. АЭС энергетика нысаны ғана емес, ғылыми-техникалық прогрестің жарқын символы болуға тиіс. Әзірге оның атауы жоқ. Бұл еліміздегі тұңғыш станса бол­ған­дықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болады деп санаймын. Осы сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын. Бәлкім, шешім қабылдаған кезде Сіз­дер­дің де ұсыныстарыңызға сүйенерміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жастарға ғибратты сөзін арнады.

– Біз қазір бәріміз бір ел болып Әділетті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – жай саяси науқан емес. Бұл – мемлекеттілігімізді нығайту деген сөз. Осы ауқымды жұмысты жастарымыз үшін бастадық. Енді оны міндетті түрде орындауымыз қажет. Оның бар игілігін, ең алдымен, өскелең ұрпақ, яғни, Сіздер көресіздер! Мен еліміздің жастарына зор сенім артамын. Қазақстан жастары көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, дарынды, еңбекқор азаматтар деп үнемі айтып жүремін. Ұл-қыздарымыз әрқашан адал азамат деген атқа сай болсын деп тілеймін. Ең алдымен Отанға, елімізге адал болыңыздар. Сіздер халқымызды жер жүзіне зияткер ұлт ретінде танытып жүрсіздер. Әрдайым ізденіс пен еңбек жолында бо­лыңыздар. Өскелең ұрпақ Сіздерге – талантты жас­тарға қарап бой түзейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықаралық жарыстарда топ жарып, алтын, күміс және қола медаль иеленген жастарға 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.